Киіктерді жалмаған жұт

немесе киелі жануарларды қалай қорғаймыз?

0 115

Арқадағы ақбөкендер көктемдегі жұттан қырылып жатыр. Бұл жолғы жұт табиғат-ананың өзінен болып отыр. Байқоңырдан зымыран ұшқанда, Арқаның ауа райы күрт өзгеріп, қыстың өзінде жаңбыр жауатынын көзімізбен көріп жүрміз. Наурызда жауған қар аралас жаңбырдан, күннің бір жылынып, бір суығанынан, қатқан көк мұздан түз тағылары тағы жайрады. Аштықтан жан сауғалаған ақбөкендер азық іздеп, ауыл-ауылға дейін кіріп кеткен. Қорғалжын-Теңіз алабының жұрты киік түгілі, жылқылардың да құлын тастап, көтерем болып құлап жатқанына дабыл қағуда. Сайын далада қырылған киіктердің өлексесі шашылып жатыр.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Аян Мейраш берген ресми ақпарат бойынша бір ғана Ақмола облысының аумағында жыл басынан бері 207 ақбөкеннің жансыз денесі табылған. Соның ішінде 139 аталық пен 68 аналық киіктің қырылғаны жайлы ақпарат Астрахань, Егіндікөл, Қорғалжын және Целиноград аудандарының аумағында тіркелген. Әлеуметтік желідегі парақшама берілген ресми жауапта құзырлы мекеме өкілі киіктерге шөп шашылғанын жазыпты. Түз тағылары ол шөпті жемейді екен. Меніңше, қырылған киіктердің саны одан да көп.
Бізде мұндай апатты жағдайда киіктерді қорғайтын жүйе жоқ. 2013 жылы Қызылорда, 2018 жылы Батыс Қазақстан облысында да қыстыгүні жұт болып, қаншама киік қырылды. Бұған дейін «Қазақстанда киіктерді қорғау туралы бөлек заң қабылдау қажет» деп дабыл қақтық. Парламент депутаттары бұл мәселеде бізді қолдап, Үкімет басшысы А.Маминге сауал жолдады. Бірақ… Премьер-министр депутаттарға берген жауабында: «Ешқандай бөлек заң да, ұлттық парк те керек емес» депті. Бұлай қол қусырып отыра берсек, киелі жануарлардан мүлдем айырыламыз. Ұлттық парк ашу туралы идея осы мақсатта айтылған.
Киелі жануарлар адам баласынан жәрдем тілеп, жанұшырып жүр. Бірақ… бұл зобалаң да адамның қолымен жасалғанын білмейді-ау. 1993 жылы да осындай жағдай болып, арып-ашыған ақбөкендер адамнан үрікпей, мал қораға тығылған. Бәріне ауа райы кінәлі дейміз-ау! Бұрын-соңды қыстыгүні жаңбыр жаумайтын еді. Қазір Байқоңырдан зымыран ұшса, ақпан айында да жаңбыр құйып тұрады. Малдың, жан-жануарлардың жүдеген кезін күткендей, сол кезде ұшырады. Биылғы жұт – осының дәлелі.
Байқоңыр қазаққа сор болып тұр, қайтейік! Кеше ғана депутат Арман Қожахметов Мәжілістің мінберінен мынадай батыл мәлімдеме жасады: «Байқоңырдан ұшырылған алғашқы ғарыш кемесінен бастап (1959 жылдан бері) Қазақстан жеріне және Алтай өлкесіне 600-ден астам зымыранның қалдықтары құлаған. Уыты аса жоғары «қоқыс­тың» салмағы 3 мың тонна­дан асады. Байқоңырдан ұзақ уақыт бойы «Протон», ­«Циклон», ­«Днепр», «Циклон-М» зымырандары ұшырылып келді. Олардың қозғалт­қышына сұйық­тық ретінде диметилгидразин мен гептил қолданылды. Гептилдің қауіптілігі сол, бір литр суға микро­грамы араласса, адам өліміне әкеледі. Мәжіліске Жезқазған өңірі тұрғындарынан Байқоңырға қатысты хаттар келуде. Халық әсіресе космодромның қоршаған ортаға жағымсыз әсері салдарынан аймақта жүйке жүйесі мен ісік ауруларының көбейіп кеткеніне қатты алаңдауда».

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + 9 =