Киелі жерге қашан аяқ басамыз?

немесе өз Отанымызды танып-білуге не кедергі?

0 76

Жақында бас мүфтиіміз Наурызбай қажы бір топ мүфтият қызметкерімен бірге Бекет ата қабіріне зияраттап қайтты. Әулие басына мал шалып, аруақтарға құран бағыштады. Елді елең еткізген бұл оқиғаны әркім әрқалай бағалады.Әлеуметтік желіде жазушы Құдияр Біләл былайша жазба қалдырып, көптің ойындағысын айтты: «Жалпы, әулиелі жерлерге зиярат жасау бізде әу бастан бар. Тіпті президенттер де Арыстан баб басына ат басын бұрып жатады. Алайда олар сапарлары сол маңда өткен мәдени шараларға орай үйлестіріледі. Кейде дін басыларының әулиелі жерлерге барғаны туралы әңгімені құлағымыз шалады. Ал тап Наурызбай қажы сияқты бір топ ­мүфтият қызметкерлерінің әулиелі жерді ашық түрде зияраттауы, құдайшылығын айтсақ, мүфтият тарихында алғаш рет жүзеге асып отыр. Діни басқарма тарапынан жасалған бұл қадам, біздіңше, жаңа діни саясаттың бастауы тәрізді. Бір сөзбен айтқанда, діни басқарма халық қалауымен үндесті» деді.
Бұл сапардың діни астары бар болса да, әулиелі жерлерге зиярат етудің қазақы санамыздағы киелі сапарлардың бірі екенін білеміз. Кезінде «Қорасанға қой атап» Қожа Ахмет Ясауи де барған. Алпамысты да әулиелерді аралап, Құдайдан сұрап алған-мыс.
Ал бұл зиярат бүгінгі адамға не береді? Бүгінгі ХХІ ғасырда әулие әспеттеудің қандай қажеттігі бар дейтіндер көп. Көзіміз ашық, Құдайға шүкір, ақылдымыз, әулиелерсіз де тірлігімізді түгендеп аламыз дейтіндер де жоқ емес. Бәлкім, бәріне бірдей қажеті жоқ сапар шығар. Алайда бұл үрдіс бабалар дәстүрі жалғаспаса, халқымыздың болмысынан ажырауына көп әсері болады. Өткенімізге, қазақы құндылықтарымызға қырыннан қарау осы жолдың жабылуынан басталады.
Осы күнге дейін халықтың дені қасиетті мекендерге өз жолымен барды, кезінде арнайы топтар шығып, дінге томпақ деп қуғындалғаны да белгілі. Енді, міне, зиярат сапары дін өкілдерінің разылығымен, қасиетті жер орналасқан мекен басшылығының қолдауымен іске асатыны үлкен үміт береді. Алдағы уақытта ұрлық қылғандай болып халық бабаларының жолымен жүргеніне қорынбаса да, ашық айта алмайтындай халінен құтылатыны анық. Ендігі осы жолдағы басты кедергіні алып тастаудың жолын іздеген жөн.
Кез келген туристік компанияларды жергілікті жердің әулие-әмбиелерінің басына апаратын ішкі туризмді дамытатындай етіп міндеттеген жөн. Бұл – бір. Қасиетті орындарға еріккеннен бармайтыны тағы бар. Бірақ оны көрмек, білмек үшін аса қиналудың қажеті аз. Демек, жанға қуат іздегендерді де, демалыс күндерін лайықты өткізгісі келетіндерді де қалдырмай, қасиетті жерлердің тарихын, тағылымын айта отырып, насихаттай білуіміз де керек. Жергілікті атқарушы басшылық зияратшыларға жағдай жасай отырып, сол жердің тұрғындарын да қонақ күту қызметіне тартқаны жөн. Өзара тиімді болса ғана саяхаттың дамуына мүдделілер көбейеді. Алайда Арыстан бабтың басындағыдай тым коммерцияландырып жіберу де ұшпаққа жеткізе қоймас.
Дін басшылары да, жергілікті мешіттердің имамдары да пейіл танытып, қазақы дәстүріміздің жолын көрсетіп, осы бір халықтың киелі жолын жаңа деңгейде жаңғыртудың қажеттігіне кіріссе, халық ұтылмайды. Ең бастысы, қазақы санамыз сәулеленеді, сеніміміз нығаяды. Мұндай орындар оңаша ойланып, мына жалғанның өткіншілігін пайымдауына да мүмкіндік береді.
Қарап отырсақ, еліміздің қай жерінде болсын әулиелі жерлері жеткілікті: «Үш жүз алпыс екi әулиелi Маңғыстау», «Әулие­лердің кеніші – Әзіреті Қаратау» «Сайрамда бар сансыз баб, Отырарда отыз баб, Түркістанда түмен баб, баптардың бабы – Арыстан баб», Түркістан өлкесіндегі, Сыр бо­йындағы Қорқыт ата мұрасы, берірек жатқан Жаңақорғандағы Қорасан баба. Тарихы терең, қайта түлеген Тараз ше? Бірақ оңтүстікте болған теріскейліктер, солтүстікте болған «южандар» саны мүлдем аз. Ішкі туризмнің тұралағанының бір белгісі – осы.
Зиярат туризмінің нанын жеп жүрген – Түркістан облысы десек жаңылыспаспыз. Содан да болар, оны заманауи туризм орталықтарына айналдыруға күш салып жатыр екен. Оған: «Жаңадан дайындалған туристік себетіне электрокармен аралап, гид пен аудиогид көмегіме жүгіну, этно және брендтелген кәдесыйлар дүкендеріне саяхат кіреді. Көлікпен Сауран қаласына сафари, бүркіттер шоуы, күн батқанда далаға түйелер керуенін жүргізу және қобыз үнінің сүйемелдеуімен кештер, көшпенділер шоуы, ыстық тандыр нан мен саумал ішіп, аттылардың алаулармен жарықтандырылған көріністері өтеді» деген облыс басшысының сөзі дәлел. Бұлардың бәрі қалай іске асатынын білмеймін. Сөйтсе де, үлгі алуға тұрарлық бастама.
Ел ордасы орналасқан Арқаның өзіндік тарихы, ұлтымыздың өткенімен тоғыс­тыратын қасиетті жерлері жоқ емес. Ал астаналықтар үшін аса қашық болмайтын Баянауыл, Қарағанды облыс­тарын, Көкшетау төңірегін алсақ, маршруттық бағдарларды қайта қараудың, оның жолын жеңілдетіп, зиярат туризмі болсын, танымдық, өлкетанушылық болсын, осы бір үрдіс кенжелеп қалғаны жасырын емес. Баянауылдың жасыл ормандары мен шалқар көлдері – Сабындыкөл, Жасыбай, Торайғыр, Баян тауына, Қоңыр әулие үңіріне екінің бірінің жолы түсе бермейді. Әулие керек болса, Мәшһүр бабамыз да Ескелдіде жатыр. Екібастұздан тоқсан шақырымда Исабек ишан кесенесі – қасиетті жерлердің бірі. Басында музейі, жатын жайы, дамып отырған елді мекені бар. Айғанымның ауылы, хан Кененің үңгірі де тау ішінде, Алаштың іздері де осында сайрап жатыр. Бергі тарих десек, Қаныш ауылы, Шорман ауылы жолдың бо­йында. Қарағандының азап лагерьлерінің орны, сәл шетке шықса Шортанбай ауылы мұражайымен бірге, Қарқаралы тарихы, терең табиғаты, тұнық жері тарихымыздың бір үзігі емес пе?! Бұл жерде ұлары шулаған Ұлытауды айтпайын, Қатонқарағай, Марқакөлдің тұмса табиғаты қандай! Оған көп жерді аралаған өзімнің де аяғым жеткен жоқ. Биылғы мерекелі жылы мектеп оқушысынан бастап бәріміз неге Ұлы Абай жүрген ізге түспейміз, Шәкәрім, Мұхтар тереңіне үңілмейміз? Әл-Фараби туған топыраққа неге ат ізін салмай кеттік? Неге өзіміздегі қасиетті орындарды аралап шықпай, сыртқа шабамыз, қыруар қаржыны өзге елдерде қалдырамыз? Неге қолжетімсіз? Басты себебі – осы салаға жауап беретіндердің өзара бірлес­кен, турист тартудағы ортақ іс-жоспарының болмауынан. Ақпараттың аздығынан, насихатының кемшіндігінен. Айта берсе әңгіме жетерлік. Қызмет көрсету желісінің жоқтығына жол азабын тағы қосыңыз. Ірі қалалардан арнайы тұрақты көлік шығарып, бағытын анықтамағандықтан. Оны реттеу астаналықтарды шетелге шығаруға ғана машықтанып, ақша тауып отырған туризм компанияларының қаперінде жоқтығынан.
Биылғы жыл өзгешерек болғалы тұр. Баяғыдай шетел асып бара жатқандардың қарасы аз болуы мүмкін. Осы ретте өзіміздің ескі дәстүрімізді заманауи туризм талабымен ұштастырып жіберіп, неге табыс көзіне айналдырмасқа?!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − twelve =