«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Киберспорт кілтипандары

0 155

Үш жарым айдай бұрын «Qazaq Cybersport Federation» қоғамдық бірлестігінің өтініші негізінде Мәдениет және спорт министрлігі киберспортты Қазақстан аумағындағы спорттың бір түрі ретінде ресми таныды. Бұл спорт биыл Джакартада өткен Азия ойындарының бағдарламасына да енгізіліп, еліміздің атынан аталмыш додаға 9 киберспортшы қатысты. Алайда Астана қалалық мәслихатына киберспортқа байланысты арыз-шағымдар түскен. Бейсенбі күні мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысында киберспорттың жайы қаралды.

Аталмыш комиссия төрағасы Мирас Шекеновтің айтуынша, киберспортшылар жиналып, дайындалу үшін белгілі бір база керек. «Қазақстан киберспортты спорт түрі болып танығанмен, Салық кодексінде спорт секциясы мен ойын клубын ажырататын бап жоқ. Соның салдарынан киберспортқа да қабылданған салық ставкасы қолданылып жүр. Осыған байланысты компьютер клубтарына, боулингтерге, ойын автоматтарына салық ставкасын өзгерту мәселесі туындап отыр» дейді ол.
Депутат сол себептен кейбір компьютер клубтары көлеңкелі бизнеспен айналысып отырғанын айтады. Астанадағы клубтарда 620 компьютер тіркелген. М.Шекенов одан да көп деп есептейді. «Клубтар интернет кафелердің атын жамылып, кез келген тексеру кезінде демде интернет-кафеге айналып шыға келеді. Бұл жағдай жемқорлыққа жол ашады. Неге клубтар «көлеңкеден» шықпайды? Өздеріне пайдалы немесе қазіргі салық ставкасы тиімсіз болған соң әрине. Сонда кілтипан Мемлекеттік кірістер департаментінің жұмысында ма, әлде салық ставкасында ма? Бүгіндері соны анықтауымыз керек. Қазіргі таңда әр компьютерге салық ставкасы 4 АЕК-ті құрайды» дейді депутат.
Отырыс соңында тиісті сараптама жұмыстарынан соң мәселені реттеу үшін жоғарғы органдарға ұсыныс-хат жолдау ұйғарылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды