«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кибергигиена

немесе балаларды интернеттегі қауіптен қалай қорғаймыз?

0 764

Былтыр күзде ЮНИСЕФ ұйымы әлемнің 160 еліндегі 1 миллионнан астам бала арасында кибербуллинг, яғни интернеттегі қоқан-лоқы жайлы сауалнама жүргізген еді. Сонда респонденттердің 70,6 пайызы мұндай әрекетпен кемінде бір рет бетпе-бет келгенін айтыпты. Бұл көрсеткіштің ішінде біздің қазақстандық жеткіншектер де бар. Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында IT Princess атты креативті технологиялар академиясының ұйымдастыруымен өткен балалардың онлайн қауіпсіздігіне қатысты конференция барысында осы мәселе жан-жақты талқыланды.

Instagram көмегімен электронды поштаны бұзды

Жиында сөз алған Кибершабуылдарды талдау мен зерттеу орталығының сарапшысы Татьяна Новикова ғаламтордағы қауіпсіздікті сақтаудың балаларға арналған жолдарын түсіндіріп берді:
– Әдетте, бізді ел арасында «ақ хакерлер» деп атайды. Біз түрлі мекемелердің цифр­лық кеңістігіндегі кілтипандарды тауып берумен айналысамыз, соның арқасында әлгі ұйым алдағы уақытта желіде өзін-өзі қорғай алатын болады. Негізі, тек ұйым ғана емес, әрбір адам да интернетте өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алуы тиіс. Мәселен, бәріміз тамаққа отырар алдында қол жуамыз, тура сол секілді цифрлық ортада да «қол жууды» ұмытпағанымыз абзал. Бұл ереже, әсіресе, балаларға қатыс­ты. Біріншіден, мобильді қосымшалардың және смартфондағы операциялық жүйенің уақытылы жаңартылып отыруын қадағалау қажет. Әр жаңартылған сайын қосымшаның немесе операциялық жүйенің вирустар мен сырттан келетін өзге де шабуылдарға төтеп беру қабілеті жақсарады. Екіншіден, сол қосымшаларды орнатарда олардың қандай нәрсеге рұқсат сұрайтынына жете мән берген жөн. Мысалы, «Шахмат» ойынын телефонға жүктер кезде ол қоңырау, геопозиция немесе камера функциясына рұқсат сұраса, бұл – күдіктенуге себеп бар деген сөз. Өкінішке қарай, көп балалар осыған мән берместен «келесі» деген түймелерді баса салады. Тағы бір ескеретін жайт, әлеуметтік желідегі кейбір мүмкіндіктер де онлайн қауіпсіздіктің бұзылуына жол ашып береді. Бірде менің әріптесім 70 жасөспірімнің арасында эксперимент жасады. Қазір Instagram желісіндегі Stories функциясы бойынша аккаунт иесіне сұрақ қоюға болады. Жаңағы жігіт «Сенің сүйікті тамағың қандай?» деген сұрақ қою арқылы барлық юзердің жауабын біліп шыққан. Естеріңізде болса, электронды поштаны ашарда паролімізді ойда жоқта ұмытып қалсақ, құпия сұраққа жауап беруге тура келеді. Сол сұрақтар тізімінде «Сүйікті тамағың қандай?» деген сауалдың бары белгілі. Оған жауап берсең болды, поштаң да оп-оңай ашылады. Әріптесім осындай жолмен 70 баланың 4-еуінің аккаунтын бұзып кірген. Бұл 4 баланың орнында әрқайсыңыздың балаңыз болуы мүмкін, – деді ол.

Желідегі «лайк» – бастан сипаумен тең

Жеткіншектердің қауіпсіздігі туралы әңгіме қозғалғанда, ата-ананың да қатысын тасада қалдыруға болмас. Конференцияға Минскіден келген қонақ, IT Princess академиясы құрылтайшыларының бірі Валентина Чекан осы тұрғыда мынадай ойымен бөлісті:
– Біз, яғни ата-аналар, балаларымызбен мақтанғанды жақсы көреміз. Орайы түссе, олардың қайда қыдырып жүргенін, қандай мектепке баратынын, нендей үйірмелерге қатысатынын әлеуметтік желіде жариялап отыруға тырысамыз. Осылайша қара ниетті кісілерге керек ақпаратты өзіміз-ақ дайындап береміз. «Сақтанғанды Құдай да сақтайды» деген сөзді есімізден шығарма­йықшы, – дей келе, беларусьтік маман балалардың ересектерден күтетін психологиялық қолдауы жөнінде де баяндады:
– Баламыз кішкентай күнінде қолына телефон беріп алдарқататынбыз. Өздігінен ойын ойнай алса, интернетті пайдалануды үйренсе, соған қуанып, «Менің балам бәрінен ақылды!» деп оны жер-көкке сыйғызбай мақтайтынбыз. Баламыз өскен соң, оның смартфон шұқылап, интернетте отырғанына, керісінше, ашуымыз келетін болды. Ал бала мұны түсінбейді. «Қызық, сәл ғана уақыт бұрын әкем мен анам мені телефон ұстағаным үшін мақтаушы еді, енді аяқастынан не болды?» деп дал болады. Сондықтан оларды шектегенде де себебін түсіндіріңіз, балаңыз сіздің жанашырлықтан осындай шара қолданғаныңызды ұғуы керек. Мұнымен қоса, ұл-қызыңызбен жиі әңгімелесіңіз, оларды қызықтыр­ған сұрақтардың бәріне шынайы әрі түсіністікпен жауап беруге тырысыңыз. Ұятты сылтауратып қашқақтаған сауалдарыңызға ол интернеттегі адамдардан жауап тауып алады. Бөтен кісілердің сіздің балаңызға жол көрсеткенін қалайтын ба едіңіз?! – деді ол.
Спикерлердің бірі, практик-психолог Динара Алидарова болса:
– Жасөспірімдерді интернеттегі бөгде адамдардың жетегіне ертетін күштердің бірі ретінде «лайк­ты» да атауға болады. «Лайк» белгісі – балалар үшін бастан сипағанмен, «сен жақсысың», «сен әдемісің», «сен ақылдысың» деп мақтағанмен тең. Офлайн өмірде ата-ана тарапынан жеткілікті назар болмаған жағдайда балаға автоматты түрде әлгі «лайк» басатындар жақын көрінуі мүмкін. Ал өздері жақын тұтатын жандардың сөзіне бала еріксіз сенеді, – деп жоғарыдағы пікірді толықтырды.

Қауіпсіз интернетті ұсынатын қандай қызметтер бар?

2017 жылы ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкілі Асқар Шәкіров елімізде «балаларға арналған интернет» функциясын енгізу мәселесін ұсынған болатын. Алайда бұл идеяны іске асыру қыруар қаражатты керек ететіндіктен, оны сол кезде ешқандай мобильді оператор қолдай алмаған-тұғын. Арада уақыт өткен соң, 2018 жылдың 1 ақпанынан бастап Altel желісі «Қауіпсіз интернет» атты қызметті іске қосты. Аталған компанияның кеңесшісі Әкежан Болатбековтің айтуынша, бұл қызметтің шарты мынадай: оператордың ай са­йынғы кез келген тарифін қосқан соң, 200 теңгеге «Қауіпсіз интернет» қызметін сатып аласыз. Онда баланың қолдануына рұқсат етілген сайттар тізімі құрастырылған. Ол тізім «Әдебиет», «Мәдениет және өнер», «Ойын-сауық», «Білім және ғылым», «Әлеуметтік желі», «Спорт және туризм», «Музыка, кино және телевизия», «Табиғат, адам және қоғам» деген бөлімдерден тұрады. Яғни браузерді ашқан баланың тек осы сайттарға ғана кіруіне мүмкіндігі бар. Бұл шектеу әлеуметтік желілердің мобильді қосымшаларына жүрмейді. Дегенмен қосымшаларға орнатылған функциялар арқылы да ондағы қажетсіз контентті бұғаттауға болады. Әрине, бұл қадамның баланы интернеттегі қауіптен толықтай сақтайтынына еш кепілдік жоқ. Сондықтан оларға цифрлық қауіпсіздікті үйрететін амалдар жан-жақтан жасалса дейсің.
Мысалы, сондай игі шаралардың бірін былтырдан бастап Ресей қолға алды. Нақтырақ айтсақ, көршіміз «Білім беру» жобасы аясында орта мектептерге кибергигиена бойынша жаңа пәнді тәжірибе ретінде енгізді. Осыған ұқсас бастама биыл Украинада да көтерілуде. Дәстүрлі информатика пәнінен айырмашылығы сол, жаңа пән оқушыларға күмәнді сайттардан, интернет-алаяқ­тардан сақтанудың жолдары мен желідегі жеке шекараны қор­ғаудың ережелерін үйретеді. «Цифр­лы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іс­ке асып жатқан жобалардың қа­тарынан жоғарыдағыдай бастаманы біз де көрсек қуанар едік. Қазіргідей ақпараттық қоғамда жеткіншектеріміздің мейлінше сауатты азамат болып қалыптасуына осындай өзгерістердің оң ықпал етері сөзсіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды