Кезеңнің керегін көрсеткен Жолдау

0 7

Мемлекет басшысы бұл Жолдауында бүгінде әлемді жайлаған індеттің біздің қоғамға, денсаулық сақтау саласына тигізген әсері мен қатерлі дертпен күрестегі дайындығымыз туралы баяндады. Бүкіл қоғам болып екпе алуға шақырды. Вакцинация туралы айтсақ, дүние жүзі тарихында талай эпидемия болған. Әлемді жайлаған пандемиялардың бәрін де адамзат тек вакцинаның күшімен жеңген. Сондықтан біз профилактикалық шараларды сақтай отыра, вакцинациялауды қарқынды жалғастыра беруіміз керек. Екпе алу – коронавирусқа қарсы тұрар жалғыз жол. Осы орайда Президент дертке қарсы екпе жасап шығарған отандық ғылым жетістігіне жоғары баға берді. Шын мәнінде бұл – үлкен жетістік. Себебі дүние жүзінде аталған вирусқа қарсы екпе жасап шығарған мемлекеттер аса көп емес, солардың арасынан Қазақстанның да табылуы біздің ғалымдардың ерлігі деуге болады. Осылайша күресті әрі қарай жалғастыруымыз керек.Бұл індет еліміздегі денсаулық сақтау саласында, вирусология бағытында зертханалардың жабдықталуы заман талабына сай еместігін көрсетті. Сондықтан ол 12 зертхананы қажетті құралдармен жабдықтау туралы тапсырма берді. Былтыр індет өршіген кезде және биыл жазда асқынғанда, елімізде жоспарлы оталар жасау уақыты кейінге шегеріліп, пандемияға байланысты олар дер кезінде жасалмады. Сол жұмыс­тарды қалпына келтіру, мұқтаж науқастарға лайықты көмек көрсету жайына тоқталды. Біздің орталық құрамында онкология, инсульт орталықтары біріктірілген, ал былтыр Президенттің өзі келіп ашқан жұқпалы ауруларға арналған қалалық аурухана да қатарымызға кіргізілді. Орталық былтыр 28 қаңтардан бастап індетпен күреске кірісіп кетті. Сол күні Уханьнан келген студенттер орталықта карантин режимінде жатты. Сондай-ақ өткен жылы 13 наурызда Қазақстанда ең бірінші коронавирус жұқтырған науқас та бізде емделіп шықты. Одан бөлек, фтизиопульмонология орталығының ғимараттарын уақытша коронавирустан емдеу орындары ретінде пайдаландық. Былтыр ауру асқынған кезде орталықта 1290 төсек жұмыс істеді. Оның 800-ден астамы коронавирусқа шалдыққан нау­қастарға арналған төсек болды, сол пациенттерге екі мыңға жуық медицина қызметкерлері аяғынан тік тұрып қызмет көрсетті. Орталықта осы дерттен 8 мыңдай адам емделіп шықты. Бұл күрес әлі де жалғасып жатыр.
Дәрігер мамандығын материалдық тұрғыдан да нығайта түсу, медицина қызметкерлерін ынталандыратын қосымша төлем төлеу жайы қарастырылмақ. Салаға жетіспейтін мамандар дайындау қажеттілігі, әсіресе эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты сирек мамандық иеленетін дәрігерлерді даярлау мәселесі өткір қойылды. Сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі шешілгенмен, отандық фармацевтика саласының ақсап жатқанын айтты. Қазір еліміздегі дәрі-дәрмектің 17 па­йызы ғана елімізде шығарылады, соны 50 пайызға жеткізу керек.
Медицинада ұсақ-түйек дүние деген болмайды. Бәрі де маңызды. Уақытша емес, үнемі көңіл бөлуді, материалдық-техникалық базаны ұдайы жаңартып отыруды қажет ететін сала – бұл. Мысалы, 10 жыл бұрын алған техникалар қазір ескірді, көбінің қосалқы бөлшектері оларды алған зауыттарда шығарылмайды. Президент осының бәрін қазіргі дағдарыс кезінде қолға алып, енді оны жүйе­лі түрде жүзеге асыру керегін, қоғамның керегін, заманның талабын дөп басып айтты.

Мұхтар ТӨЛЕУТАЕВ,
Нұр-Сұлтан қаласы көпсалалы
медициналық ­орталығының директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 − three =