Кезекті алдын ала броньдау қажет

0 52

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы төтенше жағдай тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі штаб шешімімен 12 мамырдан бастап елордада ХҚО-лар қайтадан жұмыс істей бастады. Алайда вирустың таралу қаупі сақталуына байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәртібін өзгерту туралы шешім қабылданды.Енді Нұр-Сұлтан қаласының ХҚО-лары жаңа форматта жұмыс істейтін болады, яғни азаматтар ХҚО-дан тек электронды форматта қолжетімсіз «қағаз жүзіндегі» қыз­меттерді ала алады және ХҚО-ға бару үшін кезек уақытын 1414 байланыс орталығы немесе немесе egov.kz порталындағы арнайы сервис арқылы алдына ала броньдау қажет болады.
Алдын ала жазылусыз ХҚО-ларда ешқандай қызмет көрсетілмейді. Дегенмен 3 санаттағы азаматтар, яғни зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар және мүгедектер электрондық қызметтерді ХҚО-дан ала алады. Әр фронт-офисте олар үшін жеңілдік терезесі жұмыс істейді. «Коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі әлі жойылған жоқ, бұл шаралардың барлығы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған.
Азаматтар электронды форматқа аударылған және egov.kz порталында қолжетімді барлық мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамын тек өздігінен немесе бұрынғыдай ХҚО ғимараттарында емес, аудандық акимат ғимараттарында, I qala қызмет орталығында, Цифрлық қызметтер орталығында орналастырылған өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында ала алады.
Egov.kz порталында кеңестерді видео арқылы алу мүмкіндігі жасалды.
Енді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының операторлары бейнеқоңырау шалған қазақстандықтарға электрондық үкімет порталында видео арқылы кеңес бере алады. Egov.kz порталы экранындағы әрекетті бөлісу сервисін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мамандары жасап шығарды.
Видео арқылы кеңес беруші маманның көмегін алу үшін пайдаланушы басты беттің оң жақ төменгі бұрышындағы «Виртуалды ассистент» түймесін басуы керек. Ашылған терезеде бейнекамера белгісін таңдау қажет. Жүйе пайдаланушыдан бейнекамера мен микрофонның қосылуына рұқсат сұрайды. Бірнеше секунд ішінде ХҚО операторы клиентпен байланысқа шығады. Экрандағы әрекетті көрсету үшін қызмет алушы «Экран демонстрациясы» түймесін, содан кейін «Бөлісу» батырмасын басуы керек.
Осылайша, ХҚО операторы абоненттің мониторын көре алады және оған egov.kz порталында кез келген қызметті, оның ішінде ЭЦҚ-ны қашықтан рәсімдеуге көмектесіп, мобильді азаматтар базасына тіркей алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша экранды «бөлісу» сервисі оператор мен клиенттің арасындағы байланысты айтарлықтай жеңілдетті, өйткені қызметтерді ұсыну процесінде 1414 телефоны арқылы кеңес беру тиімді болғанымен, қашанда ыңғайлы бола бермейді. «Бұрын біздің операторлар клиенттен қай сілтемені, қай бөлім мен қызметті ашқанын үнемі сұрап отыратын. Енді біз экранда болып жатқан барлық әрекетті көре аламыз және клиентті қандай да бір қызметті алу жолдары бойынша бірден бағыттай аламыз. Бұл сервис азаматтарымыздың цифрлық сауатын қашықтан арттыруға да мүмкіндік береді» деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, коронавирус инфекциясының таралу қаупінің сақталуына байланысты, ХҚО арқылы тек «қағаз» жүзінде көрсетілетін қызметтерді алуға болады. Egov.kz порталы арқылы қолжетімді қызметтерді үйден немесе әкімдіктерде, білім беру және медицина ұйымдарында т.с.с. жерлерде орналасатын өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында алу керек. Мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу бойынша egov.kz порталындағы виртуалды ассистент кеңесшілері және 1414 бірыңғай байланыс орталығының мамандары көмектесе алады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 80%-дан астамы электронды форматта қолжетімді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − eight =