«Кезектегі» өзгерістер

0 129

«Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пәтер алушылар кезегі алып-сатарлардың кесірінен тығырыққа тірелді. Бұл туралы еліміздегі жалғыз тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жаңа басшылығы мәлімдеді. Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшылығы тұрғын үй депозиттерін басқаға беруді шектеу туралы шешім қабылдағалы бері көп уақыт өте қойған жоқ. Енді өзінің тұрғын үй құрылыс жинақ шарттарын тек жақын туыстарға ғана (туған және асырап алған балалары, атасы, апасы, туған және немере аға-қарындастары және ерлі-зайыптылар) беруге болады. Бағдарламаға қатысушы банк клиенттері алаңдай бастады. Интернет- форумдарда және әлеуметтік желілерде банк салымшылары бір-бірінен бұл жаңалықтың мәнін сұрап-білуде.

«Алаңдайтын ештеңесі жоқ» дейді ҚТҚЖБ Басқарма Төрағасының орынбасары Қадырхан Баймұхамбетов. – Шарттарды басқаға беруге қатысты өзгерістер үй сатып алуға өздігінен ақша жинап жатқандарға кесірін тигізбейді. Керісінше, тұрғын үй кезегіне тәртіп енгізілетін болады».

– Банк басшылығы неліктен тұрғын үй депозитін беруге болатын адамдар аясын шектеу туралы шешім қабылдады?

– Себебі, істің мән-жайы біз ойлағаннан мүлде басқа арнаға ауып кетті. Шартты басқаға беру (сату – редактордың түсініктемесі) мүмкіндігі туған кезде, депозиттерді көпе-көрнеу сату белең алды. Ал, шартпен бірге кезектегі орын да саудаға түсті. Және балл санау жүйесін ескерсек, сатылатындар соңғы орындар емес. Интернетте әлі күнге дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің депозитін сатып аламын, мүмкіндігінше, құны жоғары болса» деген хабарландыруларды кездестіруге болады. Яғни, мұндай депозитті сатып ала отырып, адам пәтер алушылардың алғашқы кезегіне көтеріледі. Ал, төмен пайызбен баспана сатып алсам деген үмітпен ұзақ уақыт бойы ақша жинағандар өзінен-өзі кейінге ысырылып қалады. Бір қызығы, мұндай алыпсатарлық мемлекеттік бағдарламада кеңінен таралған. Біреулер бірден бір­неше шарт жасайды да, кейіннен оларды қымбат сатуға тырысады. Басқалары ол шарттарды сатып алып, нарықтағыдан төмен бағада пәтер иесі атанып шыға келді. Содан кейін ол пәтерді мүлде басқа бағаға сатады.

– Ал, негізінен, салымшылар арасында тұрғын үй сатып алушылар пулы қалай құрылады? Шартты қолдан сатып алған клиенттер не себепті бі­рінші кезекке көтеріліп кетеді?

– Пулдар нақты бір шарт бойынша жинақтау талабына сәйкес балл есептеу ұстанымы бойынша құрылады. Мұнда клиенттің ақша жинау уақытының ұзақтығы да, сондай-ақ, жинақ сомасы да есепке алынады. Мұндай жағдайда біреудің дайын шартын сатып алып, көп балл санына ие болу әлдеқайда пайдалы екендігі өзінен-өзі түсінікті. Ал, бұл деге­ніңіз – өзіңе жақсы пәтер және кезектен жақсы орын сатып алу құқығына ие болу деген сөз. Осылайша, халықтың ең мұқтаж бөлігін баспанамен қамтамасыз ету мақсатында құрылған «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша шын мәнінде баспанаға зәру адамдарды кейінге ысырып, ауқатты адамдар бағдарламаның басымдықтарын пайдаланып кету мүмкіндігіне ие болды.

– Басқаша айтқанда, бағдарламаның әлеуметтік бағыты бұзылды ғой?

– Дәл солай. Көбінесе, ұзақ уақыт бойы ақша жинаған адамдардың балл саны­нан бір немесе бірнеше шарт сатып алғандардың балл мөлшері артық болып шықты. Мұның әділетсіздік екеніне өзіңіз де келісетін шығарсыз.

– Мұндай кемшілікті кім және қа­шан анықтады? Кезектің бұзылуына немесе басқа да жағдайларға шағым­данушылар болды ма?

– Иә. Шағымданушылардың ең көп саны 2012 жылға сәйкес келеді. Бұл кезде елде тұрғын үй депозиттерінің бейресми, стихиялы нарығы қалыптасты. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің шарт­тары тек сауда-саттықтың ғана емес, алыпсатарлықтың да құралына айналды. Мен осыған дейін айтып кеткендей, депозиттерді сатып алу-сату туралы хабарландыруларды кез келген жерде кездестіруге болатын. Ал қалған салымшылардың өз мүдделерінің қалай шектеліп жатқандығын көріп, іштей ренжігеннен басқа амалдары болмады. Сондай-ақ, бұл банктің негізгі идеясы жинақтау мәдениетін дамытуға кері әсер етті.

– Бұған қалай да қарсы тұруға әрекет жасалды ма?

– Иә. Мысалы, бір адамға берілуі мүмкін шарт саны шектелді. Ал 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап сатып алынған шарттар бойынша балл саны басқаша есептеле бастады. Оларды шарт ЖАСАЛҒАН СӘТТЕН БАСТАП ЕМЕС, САТЫП АЛЫНҒАН СӘТТЕН БАСТАП есептей бастады. Бірақ, бұл орын алған жағдайға ықпал ете алатын жартылай ғана шара еді. Біз, Банк Басқармасының мүшелері, бұған назар аудармай тұра алмадық.

Бұл мәселені жан-жақты зерттей келе, біз «Шарттарды басқаға беруді шектеу» туралы құжат қабылдау туралы шешімге келдік. Мен бұл шара аса қажет болды деп есептеймін. Қалыптасқан жағдай мемлекеттік бағдарламаға нұқсан келтірді және оның қатысушыларының құқықтарын шектеді. Жақын туыстар арасында шартты беру – дұрыс, қалыпты жағдай, себебі, отбасының баспана жағдайын жақсарту олардың ортақ мақсаты болып табылады. Мәселенің мұндай шешімі әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылады.

– Банктің бұл шешімін адамдар «көптен күткен шешім еді» десіп жүр. Неге мұндай шешім тек бағдарлама жүзеге аса бастағалы 10 жылдан кейін барып қабылданды?

– Нақтырақ айтқанда, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы қолда­ныла бастағаннан 2,5 жылдан кейін. Аталған шешім 2012 жылғы шілдеде бекітілді. Баспана сатып алушылар пулын Банк 2011 жылғы сәуір айынан бастап құрыла бастады, ол кезде әлі 2011-2014 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы бағдарламасы жүргізілмеген болатын. Сондықтан, бұл талаптар 10 жыл бойы емес, екі жарым жыл қолданылды десек, дұрыс болады.

– Депозитті 11 қарашаға дейін сатып алғандардың шарттары өз күшінде қала ма? Әлде олардың кезегі қайта қарала ма?

– Құрылған пулдар бойынша кезектілік қайта қаралмайды. Яғни, ол шарттар бойынша талаптар бұзылмаған. Сондай-ақ, басқаға берілген шарттар тек «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасына қатысу үшін ғана пайдаланылған жоқ. Кейбіреулер оларды нарықта тұрғын үй сатып алуға заем алу үшін сатып алды.

Қолданған тұрғын үй депозиттерін саудалауды жоюдан басқа, шарадан тағы не күтуге болады?

– Бұл, сөзсіз, банк филиалдарындағы кезекті азайтады. Шартты басқаға беру рәсімінің өзі күрделі мәселе. Олардың әр қалада тұратын клиенттер арасында жасалған жағдайлары да аз емес. Бұл екі елді мекенде тұратын адамдарға қызмет көрсетудің кешіктірілуіне алып келді. Себебі, шартты басқаға беру операциялары жүргізіліп жатқан кезде, қалғандары шарт жасау кезегін күтумен болады.

– Банк басшылығы шарттарды бас­қаға беруді шектеуге қатысты тәуе­келдерді қарастырды ма? Бекі­тілген ережелерді айналып өтуге келгенде біздің адамдар алдына жан салмайтынын жақсы білеміз. Жалған неке, мысалы? Немесе тағы басқа.

– Іс жалған некеге жете қоймайды деп ойлаймын. Тек адамдар жылдық 5%  мөл­шерлеме бойынша тұрғын үй заемын тезірек алудың және «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша ең көп балл санына қол жеткізудің тек бір ғана жолы бар екенін жақсы түсінетін болады. Ең қарапайым әдіс – тұрғын үй құрылыс жинақтарын өз бетінше жинау. Мүмкіндігінше, тұрақты ай сайынғы жарналар арқылы.

– Ал бұл шешімді сақтамауға қатысты қандай да бір қарсы әрекет көзделген бе? Шартты басқаға беруді тексеру, ережені бұзғаны үшін айыппұл санкциялары дегендей… Мүмкін мұндай жағдайларға арналған әкімшілік жазалар қарастырылған шығар?

– Шартты басқаға беру әрекеттері тек Банкте іске асырылатындықтан, Банк шартты басқаға беру талаптарының бұзылуына жол бермейді.

Әрі қарай төлей алмайтын, ал депозит беретін адамы жоқтар (немесе ешкімге бергісі келмейтіндер) не істейді? Олар өз ақшаларын қалай алады және қандай талаптарда?

– Әрине, кез келген уақытта ақшаны алуға және шартты бұзуға болады. Банк сыйақысын да бірге алуға болады, ал мемлекет сыйақысын тек үш жылдан артық жинаған адам ғана ала алады. Бірақ, мен асықпаған дұрыс дер едім. Егер кімде-кім уақытша ақша сала алмаса, бұл үшін ешқандай жаза қолданылмайды. Біраз кідіріс жасауға және біршама уақыттан кейін қайта жинауға болады. Тіпті болмағанда, шарт сомасын азайтуға, ақшаны және неғұрлым төмен мөлшерлеме бойынша тұрғын үй заемының сомасын алуға болады. Баспана мәселесін жақсарту үшін Банк талаптары өте қолайлы. Бар болғаны өзіңіздің ұзақ мерзімді қажеттілігіңізді жоспарлауға, өз күш-жігеріңізге де, Банктің ақыл-кеңестеріне де сүйене білу қажет. Сонда бәрі де ойдағыдай болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін біз ойлап тапқанымыз жоқ. Бұл – Германияның және көптеген басқа елдердің үздік әлемдік тәжірибесі. Біздің Банк дәл осы оңды тәжірибені пайдаланады.

Қазақстанда халықтың эконо­микалық белсенді бөлігінің 3,8%-ы – Банк клиенттері. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасына қатысты оларды тағы қандай жаңалықтар күтіп тұр?

– Қазіргі уақытта Өңірлік даму министрлігінің қызметкерлерімен бірге біз мұндай пәтерлерге және бағдарлама талаптарына аса мұқтаж адамдарды нақты анықтауға мүмкіндік беретін өзгертулерді ойластырып жатырмыз. Біздің клиенттерге қатысты айтатын болсақ, олардың барлығы бірдей қолжетімді баспана алуға мүмкіндігі келеді деуге болмайды. 2013 жылы, мысалы, Банк заемдарының шамамен 30%-ы түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша баспана сатып алуға пайдаланылды. Ал заемдардың басым үлесі (2013 жылы берілгендердің 70%-ы) басқа мақсаттарға жұмсалды. Біреулерге ақша қайталама нарықта пәтер сатып алуға, біреулерге үй салуға не жөндеу жүргізуге керек. Енді біреулер ақшаны басқа банктердегі ипотеканы жабу үшін алады. Және біз дәл осы бағытты Банк заемдарын тұрғын үй жағдайларын жақсартудың түрлі мақсаттарына пайдалануды жоспарлап отырмыз. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысты айтатын болсақ, бұл жүйе өзін танытып үлгерді. Біріншіден, үлескерлермен болған жағдайдағы сияқты, Банк салымшыларының ешқайсысы зиян шеккен жоқ. Екіншіден, салынған үйлер үшін ақыны толығымен әкімдіктер алады. Содан кейін бұл ақшаға мүлде басқа салымшылар үшін жаңа үйлер салынады және ол үйлерді сатуда көлденең қауіп жоқ. Жалпы алғанда, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің нәтижелі әрі ыңғайлы екендігіне барлық адамдардың көзі жетті. Бұны өзара серіктестіктің шын мәнінде жұмыс істейтін, «жанды» әдісі деп айтуға болады.

– Банктің жаңа басшылығының жоспарлары қандай?

– Банктің Директорлар кеңесінің төрағасы Қуандық Бішімбаевтың тапсырмасы бойынша, қазіргі уақытта біз белсенді түрде қызмет көрсету сапасын көтеруге бағытталған шараларды қарастырып жатырмыз. Бұл – бөлімшелердегі кезекті жою, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылар үшін барлық үрдістердің ашықтығын қамтамасыз ету. Сондай-ақ қашықтан қызмет көрсетудің заманауи әдістерін енгізсек дейміз. Біз жоспарлап отырған барлық шаралар біздің клиенттеріміздің Қазақстан азаматтарының алдында Банк беделін түбегейлі өзгертуі тиіс. Бұл – Банктің жаңа менеджменті үшін бірінші кезектегі міндет және ол «Бәйтерек» басқару холдингінің қатаң бақылауында. Бірқатар шаралар қабылданып қойды, ал көпшілігі белсенді талқылану үстінде. Бізге белгілі бір уақыт қажет, дегенмен, біз айтарлықтай қысқа мерзім ішінде де оңды нәтижелерге қол жеткізуге тырысамыз.

– Ақпарат жетіспеушілігінен әлеу­меттік желілерде дүрлігіп, қауесетке ілескен адамдарға тағы не айта аласыз?

– Біздің өз клиенттерімізге жақын болғымыз келетінін айтқым келеді, себебі, біз олардың барлық шағымдары мен ұсыныстарын мұқият зерттейміз. Басқарманың барлық мүшелері апта сайын клиенттерді қабылдайды. Бұдан басқа, Банктің ресми сайтында олардың блогын ашу жоспарлануда. Міне, сондықтан да, Сіздердің барлық ұсыныстарыңыз бен сауалдарыңыз ескерусіз қалмайтынына сеніңіздер. Сіздердің пікірлеріңіз біздің жұмысымызды жақсарту үшін қажет.

Жақын арада жеке меншік құрылыс компаниялары да қазақстандықтар үшін қолжетімді баспана сала бастауы мүм­кін. Бұл мәселе қазір қарастырылу үстінде. «Қалай болған күнде де, бәрі де бақылауда, – деп сендірді бізді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшылығы. Бағдарлама табысты дами береді, ал «Соңы кім?» деген дәстүрлі сұрақ ауыспалы мағынада емес, тек кәдімгі кезекте қойылатын болады. 

Қосымша ақпараттарды «Қазақ­станның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның аймақтық филиалынан ала аласыздар. Мекен-жайы:

Астана қаласы, Сығанақ көшесі, 29-үй, ВП-3, тел.: 51-70-46, 51-70-47, Московская көшесі, 29-үй, тел.: 31-41-74, 31-41-20, Абай даңғылы, №8 үй, тел.: 40-72-76, 40-72-77, Қажымұқан көшесі, №12 «А» үй, тел.: 36-19-07, 36-19-20 немесе
www.hcsbk.kz сайтында

Call-centre: 8-800-080-1880
(
қоңырау шалу тегін)

Әңгімелескен

Мира КАРИМОВА

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × two =