КЕЗЕКСІЗ ЕМХАНА – КЕРЕКТІ ЖОБА

0 234

101472124

Еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі жақсы өзгерістердің бірі – «Кезексіз емхана жобасы». Бұл Астанада, соның ішінде қалалық №5 емханада сәтті жүзеге асырылып жатыр.

Қазіргі уақытта Астана қаласында халық санының өсуіне байланысты қала емханалары бірнеше есе артық жүктемемен жұмыс істеп отыр. Әрине, қалада ашылған жаңа емханалар жүктемені едәуір азайтты. Дегенмен де, кезекті азайту үшін қосымша жобалар керек екені түсінікті.

Елорданың №5 емханасы осыдан екі жыл бұрын «Кезексіз емхана» жобасын қолға алып, оны сәтті жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда дәрігерге кіру үшін сарылып ұзақ тұратын адамдардың қатары сирегенін байқауға болады. Аталмыш емхананың отбасылық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Ұлтуған Абдрахманованың айтуынша, жобаның арқасында кез-келген адам call – орталық арқылы телефонмен хабарласып немесе онлайн түрде тіркеліп, дәрігердің қарауына жазыла алады. Ол үшін ұзақ-сонар кезекке тұрудың қажеті жоқ. Адам жазылған уақытында келеді де, дәрігерге кіре береді. Электронды жүйеге ауысудың басты артықшылығы емханадағы кезектің сиреу және сырқаттанушылар уақытының үнемделуінде екен.

Осы емхананың көмегіне қалалықтар ғана емес, Ақмола облысының Талапкер, Қажымұқан ауылдарының тұрғындары да жүгінеді. Бұндай жағдайда емделуші өтініш білдіріп, емханаға алдын-ала тіркелуі қажет. Содан кейін емделуші мен емхана арасында заңды түрде келісім-шарт жасалады.

Алдын-ала жазылудың тағы бір артықшылығы – дәрігер алдына келген емделуші жайында ғаламтордағы арнайы жүйе арқылы толық ақпарат ала алады. Яғни, емделушінің жеке денсаулық парағының электронды нұсқасы емделушілер базасында сақталады. Келуші дәрігерге қаралған сайын сырқат тарихы медициналық ақпарат базасына міндетті түрде енгізіліп отырады. Ал науқастың карточкасы емделушінің өзінде болады. Бүгінде №5 қалалық емханасының электронды жүйесінде 67 мыңнан аса адам тіркеліпті. Мұндай жүйе дәрігердің жұмысындағы қағазбастылықты да едәуір азайтқан көрінеді.

Жұртшылыққа электронды нұсқада қызмет көрсетуге көше бастаған №5 қалалық емхананың материалдық-техникалық базасы да толыққанды. Барлық дәрігер бөлмелері компьютермен жабдықталған. Келешекте емделушілерге электронды жүйеде қызмет көрсету аясы кеңейе түседі дейді мамандар.

Бота ЖӘКЕН ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + fourteen =