Кезекші топтар жұмысы жанданды

0 141

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында 377 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 94-і мемлекеттік ұйым болса, 237-сі – жекеменшік иелігінде. Осы тәрбие орындарында 55 708 кішкентай елордалық бүлдіршіндер тәрбиеленуде. Алайда дәл қазіргі карантин жағдайында балалардың көпшілігі үйде. Елімізде 11 мамырдан бастап төтенше жағдай тоқтатылған соң, балабақшаларда кезекшілік топтар ашуға рұқсат етілді. Әрине, жұмыс қатаң талаптарды сақтау негізінде жүзеге асу керектігі ескертілді.18 мамырдан бастап қаладағы барлық мектепке дейін­гі ұйымдар, оның ішінде мемлекеттігі бар, жекеменшігі бар санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, өз жұмыстарын бастады. Ең бірінші кезекте баланы үйде қалдыруға мүмкіндігі жоқ, жұмыс істейтін ата-­аналар үшін, олардың қалауы бойын­ша «кезекші топтар» тәртібі сақталды. Ал кезекші топтағы балалардың саны 15-тен аспау керектігі ескертілді. Сондай-ақ ата-­аналарға балаларын жергілікті қабылдау учаскелік педиатрға қаратып, баланың денсаулық жағдайы туралы анықтама алуы міндеттелді. Сол анықтама арқылы балабақшаға қабылданады.
Бұл бағытта қалалық білім басқармасының мамандары балабақшалардың жағдайымен жіті танысып, санитарлық-дезинфекциялық нормалардың сақталуы бойынша ақпарат жинау мен бақылау мақсатында барлық мектепке дейінгі ұйымдарды аралап тексеру жүргізді. Өйткені балалардың денсаулығы мен қауіпсізідігіне үлкен жауап­кершілікпен қараған жөн. Сондықтан барлық мектепке дейінгі ұйымдарды ашуға дайындық барысында қажетті қорғаныс құралдарына да мән берілді. Әр балабақша маска, қолғап, дезинфекциялық құралдар, антисепиктер, электрондық термометр және жуу құралдарымен қамтылған. Сондай-ақ балабақшалардың аумағы ретке келтіріліп, сенбіліктер жүргізілді, балалардың алаңшаларындағы ойын жабдықтары жөнделді. Сөйтіп бүгінгі таңда ата-ана алаңдамау үшін балалар емін-еркін ойнау үшін барлық тәрбие мекендер қауіпті індеттен сақтанудың амалдарын жасады. Дәл қазіргі уақытта елордада 55 708 баланың 2777-сі мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымға баратын болса, 237 жекеменшік балабақшада 591 бүлдіршін кезекші топпен тәрбиеленуде.
Осылайша, бүгінгі күні барлығы 3368 бала сүйікті балабақшаларына қайтадан оралды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + three =