Кезекші прокурор қызметіңізге әзір

0 189

Астана қаласында тәулік бойы кезекші прокурор жұмыс істейді. Азаматтар кез келген уақытта оның қызметіне жүгіне алады. Біз де кезекші прокурордың кабинетінде болып, құқықтық кеңес алып қайттық. 

Қала прокуратурасының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – құқық қорғау органдарының қылмыспен күрестегі өзара үйлесімділігін арттыру. Тиісті бағыт-бағдар беріп, криминогендік ахуалды тұрақтандыру арқылы азаматтарды қорғау жөніндегі заң­мен жүктелген қағиданың орындалуын қам­­­тамасыз ету. Елбасының құқық қорғау ор­гандары қызметін жетілдіруде қойған талаптары да осыған саяды.

Бүгінде азаматтар тарапынан құқық қор­ғау органдары қызметкерлерінің өздерін негізсіз ұстайтыны, күш қолданатыны, ұрып-соғатыны жөнінде шағымдар жиі кездеседі. Мұндай деректерге тосқауыл қоюдың жолы – кезекші прокурорға жүгіну. Тәжірибелі, білікті прокурорлар азаматтардың шағымын аяқсыз қалдырмайды.

Осыдан екі жыл бұрын Бас прокурордың пәрменімен құрылған кезекші прокурор қызметі бүгінде еліміздің барлық айма­ғында жұмыс істейді. «Астана қаласында құқық­бұзушылықтың жедел алдын алып, орын алған оқиғаларға қатысты қабылданған ша­ра­­лардың нәтижесін үнемі қадағалаймыз. Бар­лық құқық қорғау органдарымен тығыз бай­ланыстың нәтижесінде, өз жұмысымызда ілгерілеушілік бар. Бізге күніне онға жуық азамат кезекші прокурордың қабылдауында болады. Бірі жер мәселесімен, бірі ұсақ қылмыс бойынша, енді бірі құқық қорғау органдарының жұмысына шағым айтады. Біз өз тарапымыздан заң шеңберінде көмек береміз» дейді кезекші прокурор Сапарғали Батыршаев.
Сотқа дейінгі сатыдағы қылмыстық іс жүр­гізу басқармасының прокуроры Са­парғали Данабекұлының айтуынша, ішкі істер орган­дары ғимаратына жеткізілген әрбір адам кір­­-
геннен шыққанша кезекші про­курор­дың тікелей бақылауында болады. Аза­мат­тардың полиция ғимаратына кіргені мен шық­қаны электрондық жүйеде тіркеледі екен. Про­цессуалдық нормалар бұзылған жағдайда тиісті бағдарлама прокурор мониторына белгі береді. Кезекші прокурор өз құзыреті шең­берінде заңдылықты қалпына келтіреді.
Дәл осы уақытта кезекші прокурордың қабылдауына бір азамат келді.

«Мен Целиноград аудандық ішкі істер басқармасына шағым айтайын деп едім. Бір іс бойынша қажет барлық құжаттарды тапсырдым. Алайда бір ай болды, жауап жоқ. Тергеуші уақытым жоқ деп, сот сараптамасы дайындап қойған қағазды да алмаған. Уақыт болса өтіп жатыр…» дей келе, басынан өткен жағдайын қысқаша түсіндіріп берді.

Кезекші прокурор мәселенің байыбын тыңдағаннан кейін, барлық құжаттарын тіркеп, арызын Целиноград аудандық про­куратураға жолдау керектігін айтты.

Жалпы жыл басынан бері Астана қала­сының прокуратурасына 74 сигнал келіп түскен. Сапарғали Батыршаевтың пікірінше, кезекші прокурор қызметі қылмыстық оқи­ғаның алдын алып қана қоймайды. Болған істің барысы мен қолданылған шараның нәтижесін қадағалайды. Бұл өз кезегінде уақыт жағынан тиімділігін көрсетуде.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + 6 =