КЕЗЕК КЕЛІП БОЛМАЙДЫ-АУ БАҚШАДАҒЫ

0 107

Астанада тәулік сайын шамамен 59 нәресте дүние есігін ашады екен. Өткен жылдың өзінде елорда тұрғындары 21 266 сәбиге көбейіпті. Шыр етіп дүниеге келген нәрестенің жағдайын жасау отбасының ғана емес, қала әкімдігінің бас қатырар түйінді мәселесі болып отыр. 

Жаңа қаламызда мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерінің аздығы, ал жылдар бойы кезегін күтіп, баласын балабақшаға орналастыра алмай қи­налған аналардың әңгімесі көптен айтылып жүр. Қазіргі күнде 71 655 бала бала­бақшаға бару кезегіне жазылған. Биыл 4 270 ғана орын босады. Оған алды­мен үкімет қаулысымен жеңілдік қарас­ты­рылған сәбилер орналастырылады. Астана қаласы Білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие және білім беру бөлімінің басшысы Камила Байсақалова: «Бұл ретте көп балалы отбасында туған екі мыңдай бала қабылданады, оған қоса, 1800 сәби­ді балабақшаға алу жөніндегі әскери қыз­мет­тегі отбасылардың өтініш­тері тіркел­ген. Олардың да өтініштері бірін­ші кезекте қаралады. 54 мүгедек бала мен асы­раушысын жоғалтқан 25 сәби де биыл мектепке дейінгі тәрбие меке­мелеріне қабылдануы тиіс. Жалпы, өтініш берушілердің 70 пайызы жал­ғыз басты аналардан түскен, олардың барлы­ғын бірдей қамту өте күрделі» дейді.

Биыл қаламызда 240 орындық жеті балабақша пайдалануға беріледі. Бұл да мәселенің оң шешімі емес. Осыдан үш жыл бұрын мемлекеттік тапсырыспен жеке балабақшаларға балаларды қабылдау жүзеге асырыла бастады. Оның бір ерекшелігі 23 мың теңгені – ата-анасы, 15 900 теңгені қалалық бюджеттен төлейді. Бұдан бөлек, көптеген тұрғын үйлерде шағын-орталықтар ашылып жатыр. Мұнда кезегі жетіп үлгермеген, балабақшаға әлі бармаған мектеп жасына жеткен бөбектерді мектепке даярлайды.

Көптеген аналар бала күтуші қызметі­не жүгінсе, әжелердің көмегі де бала бақшаға қамтылмаған немерелерін өсіру­де сеп болып отыр.

Кезек демекші, ата-аналардың көпшілігі «жыл он екі айда кезегіміз бір қозғалмайды, еш өзгеріс жоқ» деп шағымданып жатады. Солай болуы да тиіс, жылына бір-ақ рет мектепке баратын топты шығарып салғаннан кейін ғана олардың орнына жаңа топ құралады. Биыл босаған орындарды толтыру үшін бала қабылдау №61 орта мектепте, 3 маусымда басталады. Айта кететін жайт, жолдамалар тұрғылықты мекенжайына қарай емес, бос орындарға байланысты беріледі.

Қазіргі кезде электрондық әкімдік арқылы баланы кезекке қою туралы өтініш беріп, кезегіңіздің жайын тексеріп тұруға болады. Оның еш қиындығы жоқ әрі өте қолайлы. Ал, оның мүмкіндігі болмаған жағдайда, ата-аналар мән-жайды Сарыарқа ауданы бойынша, №51, №2, №6 балабақшаға келіп біле алады. Алматы ауданы тұрғындары өз кезегін №32,№26 және №9 балабақшадан, ал Есіл ауданының тұрғындары № 54 балабақшадан білуіне болады.

Білім басқармасы қызметкерлері қордаланып қалған мәселенің шешімін іздестіру үстінде. Жыл сайын ашылып жатқан мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелері мен жеке балабақшалардың да аздық етіп жатқанын көріп отырмыз.

Дегенмен де, сәбилердің балабақ­ша­ларда, тәлім алып, қалыпты дамуына бар­лық жағдай жасалуы қажет. Бұл үшін әлі де мекемелер санын көбейту керек. Оны салуды ірі кәсіпорындар мен мекеме­лер қолға алса, ешкім кесе-көлденең тұр­мас еді-ау. Олар өз қызметкерлерінің ба­ла­ларына арнап балабақшалар салған кез­де кезектегілердің саны азайып, ас­тана­лық сәбилер орынмен толық қамтылар еді…

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + thirteen =