Кез келген тақырыпты комикс тілінде сөйлетуге болады

0 146

Бұрнағы күні елордада өткен Comic Con халық­аралық фестиваліне поп-мәдениет саласында тәжірибесі бар мамандар жан-жақтан шақырылған еді. Бізге солардың бірі, ресейлік суретші-иллюстратор Юлия Никитинамен әңгімелесудің сәті түсті. Он шақты жылдан бері комикс жанрындағы кітаптар шығарып жүрген Юлия былтыр «Түн жарымындағы Жер» туындысы үшін Казимир Малевич атындағы халық­аралық сыйлықты иеленген. Сұхбат барысында ол жақсы комикс құрастырудың қыр-сырын айтып берді.

Кейіпкерлердің шаш үлгісіне дейін жоспарлап алу керек

Комикс-кітап шығару бір қарағандағыдай оңай дүние емес. Әуелі бүкіл жұмыстың жоспарын жасап, істеу керек шаруаңның көлемін анықтайсың. Онда әңгімені кадрларға бөліп орналастырғанда қанша бет шығатынын, қанша кейіпкерді бейнелеуің керектігін, түпнұсқаны қай форматтағы қағазға салатыныңды анықтап аласың. Одан кейін әңгіменің жанры мен мазмұнына мән бересің, сол арқылы графика тілін таңдайсың. Қорқынышты кино көріп отырғанда, онда қараңғы түстер мен тұла бойыңды түршіктіретін музыка міндетті түрде болады ғой. Тура сол секілді, ко­микс­те де оқиғаға байланысты түстер гаммасын ауыстырып, суреттерге жарық беру тәсілін өзгертесің. Бағана кейіпкерлер жайлы айтып қалдым, бөлек дәптерге әр кейіпкеріңнің жасы, мінез-құлқы туралы ақпаратты жазып, оның түр-сипатын, киімін, шаш үлгісін кішкентай детальдарына дейін ап-анық етіп түсіріп алған дұрыс. Мұның бәрі – комиксті салуға кіріспес бұрын орындалатын дүниелер.

Мұқаба оқырманды алдамайтындай  болсын

Келесі кезеңде оқиғаны кадр­ларға бөліп орналастыру қажет. Бұл процесс кезінде қандай да бір эпизодтың комиксте қанша бетті алатыны белгілі болады. Сондай-ақ кейіпкерлердің репликалары мен мәтінді де осы тұста жазып алу керек. Кейбіреулер мәтін жазуды кейінге қалдырады, бірақ жұмыс аяқталған соң кей сөздер кадр ішіне сыймай қалуы мүмкін. Ондайда салған суретіңнің кей жерін өшіріп, өзгертуге тура келеді. Яғни еңбегің мен уақытың шығындалады.
Оқиғаны кадрларға бөліп салып шыққаннан ке­йін детализация сатысына кі­рісесің. Бұл кезде салған суреттеріңдегі кішкентай детальдарды анықтап, жетілдіре түсесің. Детализация барысында суреттердің ажары ашылып, бұрынғыдан тартымдырақ көрінетін болады.
Комикстің түпнұсқасы дайын болған соң, мұқаба мен промоарт жөнінде ойлану керек. Әдетте, комикс жанрына енді келіп жатқандар ең әуелі комикстің мұқабасы мен промоартын да­йындап алады да, комикстің өзін салуға содан кейін ғана барып отырады. Мұның кесірінен комикс пен мұқаба арасында алшақтық пайда болуы мүмкін. Жалпы, мұқаба оқырманды алдамауы керек.

Әр комикске жарты жылдай уақыт жұмсаймын

Комикс салуды жоғарыдағыдай кезеңдерге бөлу суретшінің істі соңына де­йін жеткізуіне көмектеседі әрі оның еңбегін де шығын қылмайды. Мәселен, менің «Чародейдің саяхаты» атты үштомдық кітабымның әр томы шамамен 150 беттен тұрады. Оны бірден соңғы нұсқадағыдай етіп жазуға отырсам, яғни бірінші кадр­ды детальдарына дейін салатын болсам, 150-бетке жеткенде мүлде басқа суретшінің жұмысы секілді әсер қалдырар еді. Өйткені процесс соңына жеткенше бірнеше ай, жыл кетуі ықтимал. Бұл уақыт ішінде суретшінің шеберлігі шыңдалады, сәйкесінше бұрынғы және соңғы жұмыстар арасында айырмашылықтар байқалады. Комикс салу жұмысын кезең-кезеңімен іске асыру осындай айырмашылықтардың ізін білдірмеуге ықпал етеді.
Уақыт демекші, мен әр комиксті бітіруге орташа есеппен жарты жылдай жұмсаймын. Негізі, бұл – өте аз мерзім. Жақында ресейлік бір суретші-иллюстратормен таныстым. Ол он екі жыл бойы бір комикспен жұмыс істеген екен.

Деталь үшін архивті ақтаруға тура келеді

Суретшілерге жиі қойылатын талаптардың бірі – «Өз ойыңнан салып үйрен». Бұл ережені кім шығарғанын білмеймін, бірақ әйтеуір сен әлдебір нәрсені ешқандай суретке қарамастан өз ойыңнан сала білмесең, демек – сенің нашар суретші болғаның. Комикс салу кезінде осы ереже мүлде жүрмейді. Өйткені адамның миы алдамшы. Сен өзіңнің бес жасыңда жолақ-жолақ сары құлақшын кигеніңе бек сенімді болуың мүмкін. Бірақ ескі суреттеріңді көргенде, ол құлақшынның өрнегі өзгеше екенін, түсі де сары емес, қоңыр болғанына көз жеткізесің. Ал комиксте деталь өте маңыз­ды. Әсіресе, автобиографиялық комикстерді салар кезде адамдардың киімін, үйлердің дизайнын, көшелердің келбетін дәлме-дәл беруге тырысқан абзал. Ол үшін архивтерді ақтарып, сол уақытта түсірілген фотосуреттерді іздейсің. Тіпті кейде оқиға орнына барып қайтуға да тура келеді.

Көркем жазу өнері өте маңызды

Комикс салуда көркем жазу өнері аса қажет. Оқыр­манды компьютермен емес, автордың өз қолымен жазған жазуы көбірек қызықтырады. Мен каллиграфия курсын да, леттеринг курсын да оқымағанмын. Сондықтан компьютердің көмегімен өзімнің жеке шрифімді жасап алдым. Оны жасау түк қиын емес. Бірінші өз қолыңмен бүкіл әріптер мен сандарды графикалық планшетке түсіріп аласың, кейін содан арнайы бағдарламалар арқылы жаңа шрифт құрастыруға болады. Айтпақшы, менен көбісі «қандай планшет қол­данасыз?» деп сұрап жа­тады. Түсінгенім, жақсы комикс шығару үшін графикалық планшеттің түрі аса маңызды емес. Ол – қылқалам немесе кенеп тәрізді жай ғана сурет салу құралы. Мұндағы ең бастысы, өзіңіз суретті жақсы сала алсаңыз болғаны.
Осы жанрға жаңадан кі­рісіп жатқан жас суретші­лерге «Көп оқыңдар!» деген кеңесті жиі айтамын. Комикстің аясы күннен-күнге кеңеюде. Бүгінде қоғамдағы кез келген өзекті тақырыпты комикс тілінде сөйлетуге болады. Тағы бір маңыз­ды нәрсе – үздіксіз еңбек. Жалғыз комикс сізге атақ та, ақша да әкелмейді. Бұл салада өз қолтаңбаңды қалыптастыру жылдар бойғы ізденісті талап етеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды