«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кеудені кір кеулемесін

0 331

Белгілі психолог, профессор Марс Субханқұловпен Астанадағы «Қасиет» психологиялық орталығында өткен тренинг үстінде кездестік. Кейін адамның жан дүниесі, өмірдің мән-мағынасы жайында әңгіме құрдық.

– Осыдан үш жыл бұрын мен жұмыс істейтін Көкшетау университетіне комиссия келді. Университет ректоры Жанат Қасымов менің жасыма тағы екі жыл қосып, «жасы 80-де» деп таныстыр­ды. Одан тексерушілердің бұзылған өңі өзгерген жоқ. Қайта «Зейнетке жібермейсіз бе?» дегендей ректорға таңданыспен қарады. Ректор менің көп жылдық тәжірибемді алға тартып, біліктілігімді айтып ақталып жатыр. Мен соңынан ректордан не себепті жасымды ұлғайтқанын сұрадым. Ол: «Үндеме, біздің қазақта сіздей көп жасаған адамға екі жылды қосып айтатыны айып емес, осыншама жасағанда тағы да екі жасты қосып алуыңызға толық құқыңыз бар» деді.
– Дегенмен сексеннен асқанша ұстаздық ету екінің бірінің қолынан келмейтін болар, мағыналы өмір сүрудің құпиясымен де бөлісерсіз…
– Адам жасы ұлғайған сайын жасын ойламау керек, егер жасаған жылдарын ойласа, онда ақылымен сол жасына байланып қалады. Жасыма сай лайықты жасап жатырмын ба деген сұрақ жиі мазалайтын болады. Өткен өмірін еске алып естеліктерімен де бүгінгі күнін толтыруға мүлдем болмайды. Керісінше, өмірге қызығушылығын арттырмаса да жоғалтпай, тірлігінің негізін, бүгінгі қуанышының қайнар көздерін жоғалтып алмауы керек. Егер мен осы нәрселерден қол үзсем, арғы көшенің қиылысында торуылдап тұрған ажал көп күттірмейді.
– Дегенмен ажалдан құтылған пенде жоқ…

– Психолог ретінде көп адамдардың өлім туралы қорқыныштарын жиі естимін. Мен оларға ажалдан қорқуға болмайды, оны өміріңіздегі маңызды оқиғаның бірі ретінде қабылдаңыз деймін. Өлім, әрине, мереке емес, бірақ бұл – адам ғұмырының бір үзігі, одан қашып құтылған ешкім жоқ. Түбі болмай қоймайтын нәрседен қорыққанша, ұлы Жаратушының алдына баратын кезіңде бетіңнің ашық болуын бүгіннен бастап ойлау керек.

– Бүгіннен бастап ойлан дегеніміз не сонда?
– Дәл қазір, осы жерде, осы сәтте.
– Осы сөздің психологиямен байланысы барынан хабарым бар әрі жиі естимін. Түсіндіре кетесіз бе…
– Осы қағида (here and now) бүгінгі психологияда жиі қолданылады. Оны еуропалық ғалымдар енгізді деп айтып жүр. Осыдан екі жарым ғасырдай бұрын айтылған мына бір аңызға қарағанда, бұл сөз Шығыстан шыққан сияқты. Бірде даос ғұламалары Чжуан-цзы мен Хуэй-цзы екеуі Хао өзенінен өтіп бара жатып көпірден суға қарап: «Мына балықтар суда қалай қуанып жүзіп жүр» дейді. Оған Хуэй-цзы: «Сен балық емессің ғой, оны қайдан білесің?» дейді. Оны екінші ғұлама: «Демек, сен менің білетінімді біліп тұрып, сол себепті сұрадың. Ал мен оны осы жерде – Хао өзенінде тұрып білдім» деген екен. Бұл даудың қалай басталғанын талдап көрелік. Балық бақытты, қуанып тұр деп айтты ғой. «Дәл осы қазір, осы жерде, осы сәтте» деп көрсетіп тұр. Осы терминді кейіннен психология саласының мамандары ғылыми айналымға қосты. Мен балықтардың қуанышын дәл қазір осы жерде білдім дейді. Мағынасы жай адамға түсініксіз келетін осы атауды алғаш рет осы ғұлама анықтады деуге негіз бар. Адам баласы жүз жасасын, мейлі, дәл қазір, осы сәтте бақытты сезініп, осы мезетте қарекет еткені жөн.


– Ал өмірді мәнді етудің де жолы бар шығар…
– Өмірді мәнді ететін – өзіміз, етжақын жақындарымыздың қамқорлығы мен ықыласы. Мейлі, екі жасар болсын, мен сияқты сексеннен ассын, әрқайсымыз жүрегімізде бала болып қаламыз. Балаға не керек? Маңдайынан иіскеп, анасының құшағына алып қысқаны керек. Есейе келе де осы әдетті аңсаймыз. Жақын серігіміздің түсіністігі, керек болған жерде ыстық құшағы мен арқамызға қағып мақтағаны да маңызды. Тым арзымайтын, оп-оңай нәрсе ме?! Онда жақындарыңызға жүрегіңізді ашып, жылы сөзіңізді аямаңыз. Көп жеңілдеп қаласыз.
Үйлесімді өмір сүрудің шарты тым оңай екен. Адам жанын түсінуге арналған тәжірибеңізде алдыңызға қандай сұрақпен жиі келіп жатады?

– Ежелгі қытай дәстүрінде шәкірт ұстазына келгенде «Кіммін?» деген сұраққа жауап беру керек болған. Осы тәжірибені белгілі үнді философы, атақты гуру Шри Рамана Махарши ғылымға енгізді. Оның өзін-өзі тану философиясы «мен кіммін?» деген ұғымға негізделеді. Бұл жайдан-жай емес. «Мен кіммін?» деген сұрақ барша адамдарды ойландырады. Осы өмірімде алдыма келгендердің бәрін осы ой мазалаған соң, «менін» іздегенінің куәсімін. «Мен кіммін?». Қазақта «сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар. Меніңше, оның астарында қазіргі жантанудың кілті жатыр.

Адамның ойлау қабілеті, білімі, алған ақпараты бір қыры делік. Одан бөлек, сезімі, уайымы, қорқынышы, қуанышы, тағы басқа қабілеті эмоционалды «менін» толтырады. Функционалды жағы қарекетке қабілеттігін ашады. Бұған оның әдеттері, тәжірибесі, тағы басқа сипаты кіреді. Бұл үш «мені» ауытқымалы, өзгермелі. Одан бөлек, бақылаушы, қадағалаушы «мені» тағы бар. Бұл жаны, егер адам болмысында жаратушының демі тиген жер болса, бұл адамның осы қасиетінде тоғысқан. Ол адамның жас кезінде білінбей жатуы мүмкін, бірақ ешқайда жоғалып кетпейді.
Мен қазір 83-темін. Не өзгерді? Эмоционалды, ойлаушы, қарекетшіл жағым – бәрі қалмай өзгерді. Бірақ бақылаушы, сыншыл көзімен қадағалаушы қасиетім, өзімнің бір сипатым, ғылыми тілмен айтқанда, «мен» өзгерген жоқ. Бұл – менің Құдаймен байланысымның бір үзігі, ал басқа ойларым, әсершіл сәттерім, әдеттерім бұл әлемді тануыммен, сол ортадағы қызметіммен шектеледі. Бұл да – адамның алтын өзегі. Дегенмен адамның алдындағы үш қасиеті алға озып, «бақылаушы» қыры белсенді бола бермейді. Мүмкін оны жүрегінің түкпіріне тығып қойған шығар. Бірақ оны жаңғырта білсек, жасампаздығымыз артып, биіктей береміз. Алдындағы үш «мен» тек оның шылауында болып толықтыра түседі. Осыны дұрыс түсінгенге психологтың қажеті жоқ.
Жалпы, адам баласы жан дүниесін жақсылықпен, кешірім мен мейіріммен толтырса, басқалардың алдында да асқақтап, Жаратушыға жақындай түседі. Егер ішкі дүниесі кірленіп, айналасына деген жауыз­дықпен, жамандықпен өшіксе, «қадағалаушы» қасиетін түкпіріне тығып, жақсы мен жаманның парқын «бақылаушы» қырымен ажырата білмесе алдымен өзі құлдырап, өзін де, айналасындағыларды да күйрете бастайды.
Қазіргі күнде психологтарға мұқтаждығымызды осы кірдің кеулеп, айналамызда негативтің қаулап кеткенімен байланыстырамыз. Көпті де көрген, аз да жасамаған мендей психологтың сөзіне сеніңіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды