Кескіндеме шеберінің көрмесі

0 42

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының жаңа музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қылқалам шебері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кәміл Моллашевтің жеке көрмесі мен шығармалар каталогының таныстырылымы өтті.

Мәдени шараға Австрия, Беларусь, Нидерланд, Германия, Ресей, Жапония, Үндістан, Чехия, Қырғызстан, Кувейт, Солтүстік Македония, Татарстан елшілері мен басқа да дипломатиялық корпустың өкілдері, музейлер мен мәдени орталықтардың басшылары және өнер қайраткерлері қатысты.
Көрмеде суретшінің 1974-2017 жылдар аралығында жарық көрген 30-ға жуық жұмысы ұсынылды. Жанр, стиль тұрғысынан бедерлі бейнеленген бұл туындылар кескіндеме шеберінің дара қолтаңбасын айшықтайды. Жалпы қазақ бейнелеу өнерінде Кәміл ағамыздың өз сүрлеуі бар. Картиналарының бояуы қанық, табиғаты көркем, әсерлі сезімге толы болып келеді.
Сондай-ақ кеш барысында Мәдениет және спорт министрлігі және «Астана» халықаралық университетінің қолдауымен жарық көрген Кәміл Моллашевтің шығармалар каталогы таныстырылды.
Көрмеге келген қонақтар арасында Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенс суретшінің ерекше көзқарасы бар адам, нағыз кескіндеме шебері екендігін атап өтті.
– Ол өте нәзік салады, сонымен бірге анық әрі шынайы. Суретшінің барлық шығармаларында оның жан дүниесі сезіледі. Менің ойымша, бұл шебердің картиналарын көргендердің бәрі оның шығармашылығынан ләззат алып, талантына тәнті болады, – деді елші.
Көрме 27 ақпанға дейін жалғасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 3 =