КЕСКІНДЕМЕ ӨНЕРІНІҢ КЕЛІСТІ ӨРНЕКТЕРІ

0 249

ERA_8001++

ҚР Ұлттық музейінде «Орыс кескіндеме өнерінің төрт ғасыры» атты көрме өтуде. Мұнда Ресей суретшілер одағы мен «РОСИЗО» Мемлекеттік музей-көрме орталығы, Тверь облыстық сурет галереясы, Иваново облыстық көркем­сурет музейі және Серпухов тарихи-көркемсурет музейінің бірлескен бірегей экспози­циясы ұсынылып отыр.

Көрмеге орыс реалистік мектебі классиктерінің, орыс авангардының әлемге танымал хас шеберлері мен соцреализм суретшілерінің 90-нан астам жұмыстары қойылған. Келушілер А.Венециановтың, В.Тропининнің, С.Щедриннің сирек көрсетілетін туындыларымен, тарихи және эпикалық сипаттағы картиналардың шебері И.Репин, В.Суриков, В.Верещагин, В.Поленов сынды белгілі орыс суретшілерінің шығармаларымен таныса алады. Сонымен қатар, И.Айвазовский, А.Саврасов, И.Левитан, С.Жуковский сынды орыстың таңғажайып таби­ғатын асқан сезімталдықпен жыр­лаған пейзаж жанры үздіктерінің жұ­мыстарын көркемсурет жинағының ерекше құндылығы ретінде атап өтуге болады. Социалистік өнер шығар­малары ретінде А.Корзухиннің, Маковскийлердің, Н.Ярошенконың жұмыстары қойылған. Оған қоса, В.Брайнин, Т. Назаренко, И.Стар­женецкая, Н.Нестерова сияқты қазіргі заманғы орыс суретшілері мен кескіндеме өнерінің басқа да белгілі тұлғалары ұсынған тамаша еңбектермен таныса аласыз. Көрменің панорамалық шолуын Г.Мызниковтың, В.Калининнің, А.Атахановтың жұмыстары аяқтайды.

«Кенеп бетіне түсірілген кескін­деме өнері арқылы Империя­лық Ресей, Кеңестік Ресей, Ресей Феде­ра­циясының бүкіл тарихын көруге болады» дейді ҚР Ұлттық музейінің заманауи мұражай бөлімінің жетекшісі Роза Әбенова. Көрме 14 қыркүйекке дейін жалғасады.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + 14 =