Кескекті ердің сойы еді…

0 18

Ұлттық академиялық кітапханада тарих ғылымдарының докторы, академик Ерлан Сыдықовтың Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» сериясымен жарық көрген «Құнанбай» атты кітабының таныстырылымы болды. Айтулы шараға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.Қазақ тарихында қадау-қадау орны бар тұлғалар бар, соның бірі – Құнанбай. Ол – Абайдың әкесі ғана емес, жасынан ел билігіне араласып, әділдігімен, адалдығымен, текті мінезімен дараланып, ел үшін маңызды істерді атқарған адам.
Құнанбай бабамызды көзі көрген поляк зиялысы Адольф Янушкевич өзінің күнделігінде: «Бұл – дала өңірінде аты кең жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Дала заңдары мен құран қағидаларының жетік білгірі. Қазақтарға қатысты ресейлік уставтарды бес саусағындай біледі. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай ауылдардан келіп жатады. Ал бірақ барлық байлар Құнанбайдың кебісін кигізуге жарамайды» деп таңғалған.
Таныстырылым барысында Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі ғалым Сауытбек Абдрахманов «Абай жолы» эпопеясындағы ғажап бейненің бірі Құнанбай екендігін салмақ салып айтты.
– Мұхтар Әуезов шеберлігі жа­ғынан Құнанбайды суреттегенде Абайдан да асырып жіберген деу­ге болады. Өзі ақ патшаға қыз­мет етіп, аға сұлтан болып отырған адам баласы Абайға «тым орысшылсың» дейді. Құнанбайдың «тым орысшылсың» дегені осы ғасырда да, келер ғасырда да көкейтесті болып қалады. Осы арқылы Әуезов өз ойын жеткізе алған. Мысалы, кітапта автор Абайдың әкесіне ас бермеуі жайында айтып өтеді. Бірақ сол заман, сол қоғам, сол орта үшін Абайдың әкесіне ас бермеуі мін болатын. Автор соны керемет шешім болмағандығын аңғарта алған. Абайдай тұлғаның қандай жерден шыққаны, қандай ортада өскені – бері қойғанда ТМД-ның зиялы қауымына Абай тойында шегелеп тұрып көрсеткені – Ерланның халыққа жасаған еңбегі, – деді қаламгер.
Сенатор Нұртөре Жүсіп би атамыз туралы туындының «ЖЗЛ» сериясымен жарыққа шығуын қуанышты оқиғаға балап, Білім және ғылым министрлігі кітапты хрестоматиялық оқулық ретінде қарап, еліміздегі қазақ және орыс мектептерінің базасында оқытса деген ұсынысын жеткізді.
Семейден келген Әлімқұл Ысқақов деген қария Құнанбай атамыздың 24 жасынан билікке араласып, ақырғы демі үзілгенше аттан түспегенін баяндады.
– Құнанбай аруақты адам болған. Құнекең туралы қарама-­қайшы пікірлер жетеді. Оның Кенесарыны орысқа ұстап бергісі келді дегені – қате пікір. Енді өмір сүрген қоғамы, ортасы сол болғаннан кейін билікке қалай бағынбайды? Сол кездегі генерал-губернатор Кенесарының артынан қуып барып ұстаймыз деген топқа еріксіз ерген. Сонда Төбет деген батыр хан Кенені артынан қуған екен. Құнекең елге келгеннен Төбет батырды Кенесарыны қудың деп оңашада сабапты деген сөз бар. Алғаш «Қарадан шығып хан болды» деген атаққа ие болған – Құнекең. Меккеге барып тәкия үй салдырған да Құнекең. Дала губернаторынан рұқсат алып, Қарқаралыға мешіт салдырған да Құнекең. Басқаны айтпағанда, заңғар жазушы Мұхтар
Әуезовтің атасын көшіріп әкеліп, Тобықтыға сіңіріп жіберген – Құнекең. Осы еңбегінің өзі неге тұрады?! – деді ақсақал.
Сондай-ақ жиында басқа да ғалымдар сөз алып, жаңа кітаптың жаңалығы мен құндылығы жа­йында ой өрбітті. Жиын соңында сөз алған Ерлан Сыдықов кітап туралы ой-пікірлерін айтқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, бір мәселеге назар аударды.
– Ұлы Әуезовтің әйгілі эпопея­сындағы Құнанбай образы – қайталанбас образ. Ол – әлемдік әдебиетте шыңға шыққан дүние. Оның өз өмірі, өз жолы бар. Бұл жерде оған өзгеріс енгіземіз деген ой жоқ. Бұл кітап тарихшы ретінде, тарихи құжаттар ар­қылы тұғырлы тұлғаның заманымен сәйкестендіре отырып, оның кім екені жазылды. Бұдан басқа ешқандай мақсат болған емес. Өкінішке қарай, Құнанбайдың, тіпті Абайдың осы уақытқа дейін ғылыми библиографиясы толықтай жазылған жоқ. Қалай айтса да, Абай айналасының, Құнанбайдың да ең басты биографы – Әуезов. Одан басқа ешкім жоқ, – деді автор.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды