Кешірім Бозтаев және Семей полигоны

бас қаладан қайраткерге көше бұйыра ма?

0 90

Жарты ғасырға жуық уақыт уын төгіп, халқымызға қасірет әкелген Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толып отырғанда қауіпті жарылыстардың үнінің өшуіне тікелей бастамашы болған көрнекті тұлға, мемлекет қайраткері Кешірім Бозтаевты еске алмауға болмайды. 1989 жылдың 20 ақпанында және 1990 жылдың 29 наурызында КСРО басшысы Михаил Горбачевке ядролық сынақтарды тоқтату туралы жеделхаттарды жолдаған ол екі жыл бойы үздіксіз күрес жүргізді. Нәтижесінде 1991 жылдың 29 тамызында Елбасы Жарлығымен полигон жабылды.

Кешірім Бозтаев даламызды аштық жайлаған өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында еліміздің шығыс өңірінде дүниеге келді. Кіндік қаны тамған жері – арманда кеткен қос ғашық Қозы Көрпеш пен Баян сұлу жер бесікке бөленіп, күмбез тұрғызылған Аягөз ауданы. Орта мектептен кейін Алматыдағы Қазақ тау-кен институтын қызыл дипломмен аяқтап, инженер-металлург мамандығын алып шықты. Оқу орны берген жолдамамен Өскемен қорғасын-мырыш комбинатына жұмысқа жіберілді.
Ұйымдастырушылық қабілетімен осы жерде таныла бастады. Комбинаттың партия комитетінің хатшысы болып тағайындалды. Кейіннен Шығыс Қазақстан облысының хатшысы, екіншісі хатшысы болып сайланды. Осы өңір өндірісінің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне келгенде, полигонның жергілікті халыққа тигізіп жатқан зардабына көз жеткізді.
Қарт қаламгер Ғаббас Қабышұлы Кешірім Бозтаевқа полигон басшылары «Бірінші сутегі бомбасын ауада сынау. 1955 жыл» деректі фильмін көрсеткенде, бірінші хатшының жаны түршіккенін жазады. Ақын Мырзан Кенжебайдың «Abai.kz» ақпараттық порталында жарияланған мақаласында Бозтаевтың Горбачевке 1989 жылдың 20 ақпанында жазған жеделхатының мәтіні келтірілген.
Онда 340 мың тұрғыны бар Семей қаласына таяу жатқан сынақ алаңында 1949 жылдан бері жарылыстар өткізілетінін жазған Кешірім Бозтаев: «Қазір арада қырық жыл өткенде бұл полигонның айналасындағы жағдай мүлде өзгерді. Яғни, полигон қалың ел орналасқан аймақтың қақ ортасында қалды. Ал бұл жағдай сынақтар жасау барысында еш ескерілмеуде. Бұл маңда жылына 14-18 ядролық жарылыстар жасалады. Олар осы жердегі ғимараттар мен инженерлік желілерді істен шығарып, жүздеген, мыңдаған адамдар, жан-жануарлар ауырып, су ішетін құдықтар бұзылуда… Полигон аймағындағы топырақ қабаты қатты өзгеріске ұшырауда. Әрбір үшінші жарылыс сайын жер бетіне радий белсенділігі жоғары газ тарайды, оны тоқтату іс жүзінде мүлде мүмкін емес. Ядролық сынақтар туралы жұртшылық арасында әртүрлі пікірлер таратылып, тұрғындар арасында моральдық-психологиялық күйзеліс байқалуда және олардың осының бәрін сынақ тудырған кесел, дерттермен байланысты деуі де негізсіз емес. Осындай ауыртпалық жағдайға алаңдап отырған облыстық партия комитеті бұл жарылыстарды тоқтатуды немесе оның қуатын кемітіп, жарылыс аралықтарын сирексітуді, одан әрі жарылыстарды басқа бір қолайлы жақтарда өткізуді тиісті министрліктер мен мекемелерге тапсыруын өтінеді» деп қол қойған.Ғаббас Қабышұлының дерегінше, жеделхат СОКП Орталық партия комитеті саяси бюро мүшелеріне таныстырылғанда КСРО Қорғаныс министрі Дмитрий Язов ядролық жарылыс зардаптарын мойындамай: «Бозтаев жағдайды шиеленістіріп отыр. Полигон таза, алаңдауға негіз жоқ» деген. Курчатов қаласының басшылығы да оны қостаған. 28 ақпанда Курчатовқа Үкімет комиссиясы келген. Сол күні көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастаған «Невада – Семей» қозғалысы құрылды.
Бұл ұйым Кешірім Бозтаевтың жеделхатынан кейін бір апта өткенде жұмысын бастады. Бозтаев пен Сүлейменов екі жақтап жүріп, ақыры полигонды жаптыртты. Кейіннен Бозтаевтың «Семей полигоны. Қайнар қасіреті» атты кітабы жарық көрді.
«Біз өз жұмысымызды жарнамалаудан аулақ болдық… Шын мәнінде, жұрт біздің қандай шытырман жолдардан, биік-биік белестерден өткенімізді білген жоқ. Текетірес жылдарында полигон төңірегіндегі оқиғалардың ортасында болған адам ретінде, мен Семей ядролық полигонын жабу жөніндегі тарихи жеңіске ядролық сынақтарға қарсы қозғалысқа қатысушылардың барлығының: Қазақстан Президентінің, Республикалық Жоғарғы Советінің және барша халқының бірлесе отырып күш жұмсауының арқасында жеттік дегенді атап айтқым келеді» деп жазады онда автор.
Полигон жабылғанмен, одан кейінгі істерден де Кешірім Бозтаев тыс қалған жоқ. Ол – 1992 жылғы 18 желтоқсанда қабылданған «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңының, Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен тұрғындарды медициналық оңалту бағдарламасының авторы. 1996 жылы белгілі қоғам қайраткерлерімен бірге «Полигон – 29 тамыз» халықаралық қайырымдылық қорын құрды.
Асыл азамат, ұлт жанашыры 1999 жылы 66 жасында өмірден өтті. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қауылысымен 2000 жылдың 7 сәуірінде Аягөз қаласының №16 мектебіне Кешірім Бозтаевтың аты берілді. Мемлекет қайраткері тура осы мектептен түлеп ұшқан еді. Семей қаласының бір көшесі де оның атын иеленген.
Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласының бірқатар көшелеріне Аманжол Бөлекбаев, Бәйкен Әшімов, Мақтай Сағдиев, Салық Зиманов, Ұзақбай Қараманов сынды елдің өркендеуіне елеулі үлес қосқан мемлекет қайраткерлерінің аты берілді. Бұл қатарға атом оқпанын жапқан Кешірім Бозтаевты да қоюға болады деп есептейміз. Былтыр жылдың аяғында «Хабар» телеарнасынан көрсетілген 6 сериялы «Полигон» телехикаясында оның еңбегі жақсы көрсетілген. Осы тұрғыдан елорданың бір көшесі қайраткер атына әбден лайық. Бас қаладан Бозтаевқа көше бұйыра ма?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − 9 =