КЕШЕНДІ ТЕСТІЛЕУДІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

0 178

MUHA2881

Жыл сайын кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының, ҰБТ-ға қатыспаған жалпы білім беру мекемелерінің түлектері қазақ және орыс тілдерінен басқа тілде оқытатын жалпы білім беру мектептерінің түлектері, республикалық музыкалық мектеп-интернаттардың түлектері, халықаралық алмасу желісі бойынша шетелде оқыған оқушылар кешенді тест тапсырады. Биылғы кешенді тестілеу еліміздің 42 ЖОО базасында өтті. Оған 87 060 адам өтініш білдіріп, оның ішінде 84 496 талапкер білім деңгейін сынап көрді.

Бұл туралы ҚР Президенті жа­нындағы Орталық коммуникация­лар қызметінің брифингінде Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті. «Тиісті 50 балды 56 017 талапкер игере алмады, егер шығармашылық емтихан тапсырған талапкерлерді ескерсек, шектік деңгейге 47 759 адам жете алмады. Ал, 9 абитуриент ең жоғары 100 балл жинады», деді ол. Вице-министрдің айтуынша, тестілеуден соң аппеляцияға 27 шағым түскен. Оның 24-і кері қайтарылып, үшеуі қанағаттандырылды. Оның үстіне 46 мың дана тыйым салынған заттар – калькулятор, шпаргалкалар тәркіленген.

Брифинг барысында талапкерлер асыға күткен білім гранттарының да саны белгілі болды. 23 шілдеден бастап 30 шіл­деге дейін мемлекеттік білім грантта­рына өтініштер қабылдау жүргізілуде. Биылғы мемлекеттік тапсырыстың көлемі 34 165, күндізгі оқыту нысаны бо­йынша 31 135 және қысқаша оқыту бо­йынша 500, дайындық бөліміне 2530 грант бөлініп отыр. 12 мың грант техни­ка­лық мамандықтардың, 5 мың 864-і гу­манитарлық ғылымдардың еншісінде.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × five =