«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кешенді көлік схемасы бекітілді

0 76

Халықтың жыл сайын өсуі және жолдардағы трафиктің ұлғаюы ескеріле отырып, елордада кешенді көлік схемасының тұжырымдамасы бекітілді. Аталған құжат қаладағы көліктің 10 және одан да көп жылға арналған біртұтас техникалық пайымын әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы кеше қалалық мәслихат отырысында «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов айтты.

IMG_1270

ККС арқылы сонымен қатар жаңа көпірлер, жол айырықтары санын арттыру, көшелерді кеңейту, қоғамдық көлікті біршама жаңғырту жұмыстары қарастырылады.

«Қаланың бас жоспарында көлік дамуы бөлімі бар, бірақ уақыт талабы мен урбанизацияны, жаңа сын-тегеуріндерді ескерсек (көлік-ауысып отыру тораптары, бұрылу алаңдары, жаяу жүргіншілер, бағдаршамдар және т. б.), кешенді көлік схемасының дамуын жеке бөліп қарастыру қажет. Әлемдік тәжірибеде қалалық және көліктік жоспарлау – қала құрылысының өзара байланысты және өзара тәуелді элементтері» деді Б.Игенбердинов.

Көлік компаниясының басшысы қалада көліктерді басқаратын ұйымдар арасындағы үйлестіру жұмыстарын күшейту қажеттігін де атап өтті.

«Бұдан басқа негізгі көшелер мен өзен арқылы қосылатын жолдар санын арттыру қажет. Тұрғын үй кварталдарының құрылысын көлікке қолжетімділікті ескере отырып жоспарлау керек. Жоғарыда айтылғандарды ескере келе, қалалық көлікті басқару саласындағы стратегиялық құжат – кешенді көлік схемасын жасау ең дұрыс шешім болады» деп атап өтті ол.

Кешенді көлік схемасы елордада қалалық көлікті ұйымдастыру мен басқаруға қатысты қолданыстағы құқықтық жүйенің олқылықтарын анықтап, жер пайдалану мен қалалық көлікті жоспарлауды, осы салаға тартылған органдардың функциялары мен өкілеттіктерін біріктіреді. Құжатта сонымен қатар қоғамдық көлік, жол-көлік инфрақұрылымы, жол қозғалысын ұйымдастыру, көлік ағындарын басқару, тұрақ кеңістігі және т. б. салалардағы проблемаларды шешу жолдары ұсынылады.

Кешенді көлік схемасының тұжырымдамасын қалалық мәслихат бекітті. Үкімет және ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігімен бірлесіп қаржыландыру көздері келісіледі, бұдан әрі кешенді көлік схемасын іске асыру қолға алынады. Схеманы әзірлеумен қатар Нұр-Сұлтан қаласының аумағын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасындағы нысаналы көрсеткіштерді қарастыру қажет.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды