Керістің соңы кесірге ұласпасын…

0 135

Өткен жылдың қараша айында дүниені дүбірлеткен АҚШ-тағы сайлаудың у-шуы әлі басылмай тұр. Бұрын ың-дыңсыз өтетін конгресс куәландыруының өзінде биыл үлкен тәртіпсіздік туындады. Кейбір саясаткерлер мұны «АҚШ әлемге масқара болған күн» деп бағалап жатыр.

Конгресс ғимаратындағы кісі өлімі

АҚШ конгресінің куәландыруы – жаңадан сайланған президенттің жеңісін заңды түрде растайтын ең соңғы рәсім. 46 кезекті президенттің жеңісін растайтын бұл отырыс 6 қаңтар күні АҚШ астанасы Вашингтонда өтті. Алайда жиналыс басталған кезде қазіргі президент Дональд Трамптың Ақ үй маңына жиналған жақтастарына «біз ешқашан берілмейміз, ешқашан жеңілмейміз» деп ұрандауы мәселені күрт ушықтырып жіберді. Трамптың сөзіне елірген наразы топ конгресс ғимаратына басып кірді. Отырыс орта жолдан үзіліп, саясаткерлер жиын өтіп жатқан залдан кетуге мәжбүр болды. Арада алты сағат өткенде, полиция күштері шерушілерді Капитолийде қуып шыққаннан кейін отырыс қайта жалғасты. Алайда тәртіпсіздіктен 4 адам қаза тапты. 52 адам ұсталды.
Конгрессмендердің кейбірі куәландыру кезінде сайлау нәтижесін мойындамай, кейбір штаттардағы сайлаудың қорытындысын жоққа шығаруы конгрестегі республикашылдарды да екіге бөлді. Бұған дейін конгрестегі 14 республикашыл сенаторлар мен өкілдер палатасының 100-ден астам республикашыл мүшесі 6 штаттағы сайлау нәтижесін куәландыруға қарсы шығатынын мәлімдеген еді. Куәландыру кезінде сенаттағы республикашылдардың лидері Митч Макконнел сайлау нәтижесін теріске шығарғалы отырған партияластарына қатаң сын айтып, «бәрін теріске шығарсақ, республикамыздың абыройына үлкен нұқсан келтіреміз» деді. Бұдан бұрын АҚШ соттары Трамптың 50-ден артық арызын тойтарғанын алға тартқан кейбір сенаторлар «Трампты жақтап, сайлау нәтижесіне қарсы шығу, АҚШ заңына да томпақ» деп мәлімдеді.

Трамп масқара болуға айналды

Трамптың жақтастарының конгресс залына басып кіруі Трамптың саяси сахнадағы бет-беделіне үлкен ықпал жасады. Бұған дейін Трамптың жақтасы ретінде танылған АҚШ-тың вице-президенті Пенс те сын сәтте Трампқа қарсы шықты. «Бүгін Капитолийде ылаң салғандар жеңіске жетпегендеріңізді біле жүріңіздер. Зомбылық ешқашан жеңбейді» деді ол бүліктен кейін қайта жалғасқан жиналыста. Трамптың партияласы, сенатор Митт Ромин да Трамп өз жақтастарын «демократияға шабуыл жасау­ға шақырды» деп айыптады. АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон Трамп «жалған сөзімен тәртіпсіздіктерге дем берді» десе, республикашыл партия өкілі, экс-президент кіші Буш Трамптың атын атап, түсін түстемегенімен, «кейбір саяси жетекшілердің сайлаудан кейінгі парасатсыз қылығы» үшін ұялатынын айтты. Ал бұрынғы президент Барак Обама Капитолийге басып кірген Трамп жақтастарының әрекетіне тікелей президент жауапты деп, «бұл күн – АҚШ масқара болған күн» ретінде тарихқа қалды деді.
Сайлауда жеңіске жеткен Джо Байден конгресс ғимаратын басып алу әрекетін «бүлік», наразыларды «экстремистер» деп атап, Трампты жақтастарының әрекетін тоқтатуға шақырды. «Сайланған билікке қауіп төндіру наразылық емес. Бұл – бүлік. Бүкіл әлем мұны бақылап отыр. Басқа америкалықтар тәрізді мен де көп уақыт бойы демократия үміті мен шамшырағы болған ұлттың қараңғы түнекке тап болғаны жаныма батты» деді ол. Бірнеше минуттан кейін Трамп әлеуметтік желіде конгреске басып кірген жақтастарын тарауға үндеп, қысқа мәлімдеме жасады. Бірақ ол наразы топтың «жан жарасын түсінетінін, алайда бейбітшілік пен тәртіпті қалпына келтіру қажет» екенін айтқанымен, бас-аяғы бірнеше минутқа жетпейтін бейнежазбада «сайлау әділетсіз өтті» деп неше мәрте қайталап үлгерді. АҚШ бұқаралық ақпарат құралды Трамптың бұл әрекетін «өтірікті суша сапырып, жұртты тағы да арандату» деп бағалады. Көп өтпей Facebook әлеуметтік желісі Трамптың аккаунты 24 сағатқа бұғатталғанын хабарлады. Twitter-де Трамп сәрсенбі күні жариялаған үш твитін жоймайынша, оның аккаунтына шектеу қоятынын мәлімдесе, instagram желісі де Трамптың аккаунтын 24 сағатқа бұғаттады. Youtube Трамптың кейбір бейнежазбаларын өшіріп тастады.

Саяси сахнадағы үлкен соққы

Конгрестегі көп керістің соңы Байденнің жеңісін растау­мен аяқтады. Яғни демократ Джо Байденді АҚШ-тың келесі президенті, Камала Харристі вице-президент деп таныды. Іле-шала, АҚШ президенті Дональд Трамп Джо Байден елдің 46-ыншы президенті ретінде ант қабылдайды деп мойындады. «Сайлау нәтижесімен мүлде келіспесем де, 20 қаңтарда билікті табыстау процесі ұйымдастырылады» деді ол.
АҚШ-та орын алған бұл оқиғаға шетел басшылары да әртүрлі емеурін білдіріп жатыр. Франция президенті Макрон наразы топтың әрекетін айыптап, «бәрі бір демократия салтанат құрады» десе, Иран президенті Рухани «Америка Құрама Штаттарында болған жағдай батыс демократиясының үлкен жеңілісін көрсетті» деп мәлімдеді. Үндістан премьер-министрі Моди твиттерде «мен Вашингтондағы тәртіпсіздіктер мен зорлық-зомбылық туралы жаңалықтарды көргеніме өкінемін. Билік тәртіпті және бейбіт жолмен өткізіп берілуі керек еді» деп жазды. Ұлыбританияның премьер-министрі Джонсон АҚШ конгресінде болған жағдайды «ұят іс» деп бағалап, «бүкіл әлемге демократиямен үлгі болып келген Америка Құрама Штаттары билікті тәртіпті түрде өткізіп беруі аса маңызды» деді. Германияның сыртқы істер министрі Хайко Маас «АҚШ-та туған зорлық-зомбылық «демократияның жауларын» жігерлендіретінін алға тартып, Трампты америкалық сайлаушылардың шешімімен келісуге шақырды.
Конгресс сарайында болған тәртіпсіздік пен кісі өлімінен кейін демократтар партиясының 19 өкілі вице-президент Пенске хат жазып, Трамптың өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатуды өтінсе, 100-ге жуық конгресс мүшесі ортақ мәлімдеме жасап, Трамптың дереу қызметінен кетуін талап етіп жатыр. Тіпті Трампты түрмеге қамау керек деп жатқан саясаткерлер де бар. Ал АҚШ бас прокуроры 8 қаңтар күні Капитолийге басып кіргендердің үстінен қылмыстық іс қозғалатынын мәлімдеді.
АҚШ заңы бойынша Трампты орнынан кетірудің екі жолы бар. Оның бірі – АҚШ конституциясына енгізілген 25-түзетуді қолдану болса, екіншісі Сенаттың айыптауымен импичмент жариялау. Қазір АҚШ саясаткерлері осы екі жолдың бірімен міндет өтеу мерзімі 2 аптаға жетпейтін уақыт қалған Трампты биліктен шеттетуді көздеп отыр. Мәселен, өкілдер палатасының спикері демократ Нэнси Пелоси 25-түзетуді іске асыру бойынша кабинет ешқандай әрекет етпесе, Конгрестің импичмент процесін бастайтынын мәлімдесе, Миннесота штатынан сайланған өкілдер палатасының мүшесі, демократ Илхан Омар да импичмент туралы бастаманы қолдайтынын жеткізді. Саясаткерлердің бұл бастамасын АҚШ-тағы New York Times пен Washington Post секілді ірі басылымдар да қолдап отыр. Соған қарағанда Трампқа бір тықыр шынымен таяған секілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 4 =