Керіспен емес, кеңеспен шешіледі

0 61

16 маусымда АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей басшысы Владимир Путин Женевада кездесті. Мәскеу мен Вашингтон арақатынасы салқындап кеткен кездегі бұл кездесу халықаралық саясатта едәуір маңыз алды. Екі алып елдің текетіресі індеттен есеңгіреген әлемдік экономикаға да өз салқынын тигізіп қана қоймай, халықаралық байланысқа да сызат түсірді.Басқосуға не себеп болды?

Байден мен Путин бірінші рет кездесіп отырған жоқ. Екеуі 2011 жылы Мәскеуде кездескен еді. Бірақ ол кезде Байден АҚШ вице-президенті, Путин Ресей премьер-министрі болатын. Содан бері 10 жыл өтті. Осы 10 жылда бірде тату, бірде қату боп келе жатқан АҚШ-Ресей қатынасы Байден билік басына келгеннен кейін күрт ушықты. Себебі Байденнен бұрын билік жүргізген Трамп Қытайды қырына алып, Ресейге тырнағын батырмағанмен, сайлауалды бағдарламасында-ақ «АҚШ-тың басты жауы – Ресей» деп бірден кесіп айтқан. Байден билік басына келгеннен кейін Мәскеуге АҚШ сайлау барысына араласқаны үшін және ресейлік оппозиционер Алексей Навальный­дың улануына байланысты жаңа санкциялар салды. Сонымен екі ел арасы «қырғи-қабақ соғыстан» бергі ең нашар жағдайға жетті. Бүгінгі таңда АҚШ-тың Ресейде, Ресейдің АҚШ-та елшісі де жоқ.
Байден мен Путин жыл басында телефон арқылы да сөйлесіп көрді. Бірақ сонда да екі ел басшысы ымыраға келе алмады. Атап айтқанда, Ядролық стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту және шектеу жөніндегі шаралар туралы келісімді ұзарту мәселесін талқылаған екі ел басшысы Алексей Навальныйдың қамалуына және Қырым аннекциясы мәселесіне, сондай-ақ кибершабуыл тақырыбына келгенде ортақ келісімге келе алмады. Осыдан кейін Байден Ресейге жаңа санкциялар салды.
Ал бұл жолғы кездесуге де сол 20 қаңтардағы телефон арқылы тілдесу себеп болды деп айтуға негіз бар. Дегенмен Байденнің телефонда Путинге бетпе-бет кездесу туралы ұсыныс айтып, ізінше Ресейге қарсы санкцияларға қол қоюы, БАҚ-тарға сұхбат беріп, Ресеймен бірлесіп жұмыс істеуге АҚШ қызығушылық танытатынын және осы мәселелерді талқылау үшін жазда Еуропада Путинмен кездесу ойы бар екенін мәлімдеуі тым түсініксіз. Біресе достың, біресе қастың кейпіне еніп, қысқа күнде қырық құбылған АҚШ-тың бұл саясатына байланысты Путин да аянып қалған жоқ. Джо Байденді тікелей эфирде пікірталас жасауға шақырды. Ал АҚШ билігі бұл ұсынысқа «Ақ үй басшысының қолы бос емес» деп қана жауап қайтарды.

Күдік пен үміт аралас

13 маусым күні Корнуоллда (Ұлыбритания) өткен «үлкен жетілік» саммитінен кейін ұйымдастырылған қорытынды баспасөз жиыны кезінде АҚШ президенті Джо Байден Путинмен ашық әңгімеге дайын екенін жеткізді. «АҚШ соғысқа құмар болып отырған жоқ, тек Ресей халықаралық нормаларға қайшы әрекетін түсіндіруі тиіс. Кездесіп мәселені талқылау – жағдайды түсінудің оңтайлы жолы. Бұл жолы туындаған мәселелерді онымен ашық талқылаймын» деп мәлімдеді Ақ үй басшысы. Мұндай емеурінді Байден 9 маусымда америкалық әскерилермен кездескен кезінде де анық аңғартқан. «Біз Ресеймен мүйіздесуді қаламаймыз. Бізге тұрақты және болжай алатындай қарым-қатынас керек. Егер Ресей үкіметі зиянды қызметпен айналысса, АҚШ табанды және шешімді түрде жауап береді» деді Байден. Ал Ресей басшысы болса кездесуден бұрын Ресей мен АҚШ қатынасы соңғы жылдары ең төмен деңгейге жеткенін мойындап, «АҚШ-тың басты мақсаты – Ресейдің дамуына кедергі жасау» деп мәлімдеді.
Екі ел басшысы кездесуінен бұрын әлемдік саясаткерлердің көбі бұл жолғы басқосуда мардымды нәтиже шықпайды деп болжам жасады. Ресейліктер де келіссөзден көп үміт күтпегенмен, белсенді позицияда болды. Ресей телеарналарының АҚШ-ты мінеп-сынауы да соңғы күндері күрт азайды. Осыған қарағанда, екі ел басшысының тіл табысуына Ресей тарапы аса мүдделі деп айтуға әбден болады. Себебі АҚШ-тың Ресейге салған санкциясы оңай тиіп тұрған жоқ. Қашан да АҚШ-ты қолдайтын Еуропа одағының жазасы да бір бүйірден қысып тұр. Осының әсерінен Ресейде зат бағасы қымбаттап, жұмыссыздық артты. Ал америкалықтар болса бұл жолғы кездесуге салқын рай танытып, «АҚШ Ресейдің қабағына қарауға мүдделі емес» деген ұстаныммен отырғаны байқалады.
Дейтұрғанмен АҚШ пен Ресей елдері өзара ымыраға келсе, әлемдік саясатқа көп ықпал жасайды. Мәселен, Ядролық қаруларды кеңейтпеу, жаһандық жылынудың алдын алу сынды маңызды ортақ мәселелерден бастап, Сирия, Ливия және Ауғанстан мәселелерін реттеу, Иранның ядролық қару жасауына шектеу қою сынды тақырыптардың түйінін шешуге септігін тигізіп қана қоймай, Украина мәселесі ушығуының алды алынар еді.

Мәні де, маңызы да бөлек

Женевадағы кездесу АҚШ пен Ресей арасындағы нашарлап бара жатқан қарым-қатынасты ретке салып, арадағы қайшылықты азайту үшін өткізілді. Кездесетін орын ретінде Женеваның таңдалуының да өзіндік себебі бар. Мәселен, Женевада қырғи-қабақ соғысы кезеңінде, яғни 1985 жылы Рональд Рейган мен Михаил Горбачевтің алғашқы саммиті өткен еді. Бұл жолғы кездесуде, ең алдымен, жаңа қырғи-қабақ соғысты қайта бастаймыз ба, жоқ па деген тақырып талқыланғаны анық. Кездесуден кейін екі ел басшысы да «Қырғи-қабақ соғыс болмау керек» деп мәлімдеме жасауынан біз соны аңғардық. Демек, алдағы күндерде АҚШ пен Ресей қанша жауласса да, бірінің қазанын бірі шағатын өрескел әрекетке бармайды.
Екіншіден, бұл жолғы кездесуде Путин мен Байден арасы да жақсарып қалғаны байқалады. Атап айтқанда, екі ел басшысының кездесуден кейін бір-бірін мақтап, бірін-бірі көтермелей сөйлеуі осыны аңғартқандай. Мәселен, кездесулерден кейін Путин «өзін қанішер» деп атаған Байденді «байыпты, байсалды, тәжірибеге бай, тісқаққан және сақа саясаткер» деп атаса, 15 маусымда Брюссельде өткен НАТО саммитінің баспасөз конференциясы кезінде Байден Ресей басшысын «лайық қарсылас» деп атап, «мен онымен кездескенмін. Ол ақылды, қатал, лайық қарсылас дер едім» деген болатын.
Айта кететін бір түйін, 11-13 маусым аралығында Ұлыбританияда G7 саммиті өтті. Бұл – «үлкен жетілік» басшыларының коронавирус пандемиясы басталғалы Джо Байденнің президент қызметіне кіріскелі алғашқы жиыны. Саммитте пандемиямен күрес, коронавирустан кейін әлем экономикасын қалпына келтіру, климаттың өзгеруі және Ресей мәселесі талқыланған болатын. Осы саммитте Байден «Путинге және Қытайға Еуропа мен АҚШ әлі де бірге екенін көрсетіп, «үлкен жетілік» олардың жолсыз әрекетіне қол қусырып қарап отырмайтынын ұқтыруымыз керек» деп мәлімдеген болатын.

Кездесу қалай өтті?

Байденнің бұл жолғы кездесуді «позитивті, белсенді кездесу болды» деп бағалауына қарағанда, екі ел басшысы біраз мәселені ашық талқылағаны анық. Ең бастысы, Мәскеу мен Вашингтон бір-біріне елшілерді қайта жіберетін болды.
Байденнің «Мен оған АҚШ-тың да кибершабуыл жасауға шамасы қаптал жететінін аңғарттым» деген сөзіне қарағанда, Байден Путинге Ресейдің АҚШ-қа кибершабуыл жасағаны жайлы нақты дәлелдерді айтып, бұл әрекетті доғаруды талап еткен, әйтпегенде АҚШ та қарымта кибершабуылға көшетінін жеткізген. Баспасөз мәлімдемесінде Ресей президентінің АҚШ пен Ресей киберқауіпсіздік пен стратегиялық тұрақтылық мәселесінде біршама түсіністік орнатқанын алға тартуына қарағанда, бұл мәселеде Путин Байденге қарсылық танытпай, оның есесіне Украинаның тағдырын талқыға салған секілді.
Украина демекші, осы ел президенті Зеленский де биыл АҚШ билеушісімен кездесуді жоспарлап отыр. Тіпті ол Байденге «Путинмен кездесуіңізден бұрын жолықсам» деген өтініш те айтқан. Бірақ Ақ үй оның бұл өтінішін орындаған жоқ. Демек, алдағы күндерде Ресей мен АҚШ-тың қатынасы жақсарып жатса, Ақ үйдің Украинаны қолдау белсенділігі бұрынғыдай болмайды.
Байден кездесуде адам құқығы туралы мәселе өзекті болғанын айтады. Оның «Біз Алексей Навальныйға қатысты болған оқиғаларға да алаңдаймыз. Мен Путинге адам құқығы туралы мәселені көтеруді жалғастыратынымызды жеткіздім, себебі біздің дүниетанымымыздың мәні – сол» деген сөзіне қарағанда, Ресей мен АҚШ қатынасының ендігі беталысы осы Навальныйға қатысты болуы әбден мүмкін. Себебі НАТО саммитінің брифингінде де Байден «Егер Навальный түрмеде өлетін болса, Ресейдің басқа елдермен де қарым-қатынасы бұзылады» деп ашық айтқан.
Қысқасы, Ресей мен АҚШ қатынасының қалай болатынын Байден мен Путиннің бір жолғы кездесуіне қарап болжау қиын, бәрін алдағы уақыт көрсетеді. Тілшілердің «АҚШ пен Ресей қатынасы жақсара ма?» деген сұрағына Байденнің: «Көреміз, ол алдағы уақытта белгілі болады» деп жауап беруі де осыны меңзесе керек.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven − four =