Керіске бармай келіссөзбен шешіле ме?

0 79

Украинаның шығысында соғыс қаупі күшейіп, оқ-дәрінің иісі мүңки бастағанына айдан асты. 2014 жылдан бері жазылмас жара, бітпес дауға айналған өңір тағы да бір алапат соғысқа тамыздық болатындай. Себебі халықаралық шарт аясында Украинаның жері саналатын, бірақ өзін тәуелсіз елміз деп жариялаған Донбасс өңірінде жағдай соңғы кезде күрт ушығып кетті. Минск келісіміне қол қойып, оқ атпау жөнінде ымыраға келген тараптар наурыз айынан бері қаруын қайта сайлап, екі жақтан да адам шығыны молая бастады. Украинаның батысқа біржолата бет бұрып, НАТО-ның қолтығына кіріп кетуінен алаңдаған Ресей де Украина шекарасына әскер тасумен әбігер. Соңғы ақпараттар бойынша, Ресей аймаққа баллистикалық зымырандарды да орналастырған.Ресей билеушілері Украина шекарасына әскер топтауын қалыпты жағдай ретінде көрсетіп, «Бұл ешбір елге қауіп төндірмейді» деп түсіндірді. Дегенмен, Ресейдің жоғары лауазымды шенеунігі Дмитрий Козак «Украина армиясы Украинаның шығысындағы өңірлерге шабуыл жасаған жағдайда, ондағы орыстілді азаматтарға көмектесу үшін Мәскеу қақтығысқа араласуы мүмкін» деп ескерту жасады. Германия канцлері Ангела Меркельмен телефон арқылы сөйлескен Владимир Путин Мәскеу­дің бұл қадамға өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барғанын айтты. Сарапшылар Мәскеудің бұл әрекетін сан-саққа жүгіртіп әлек. Кейбір мамандар «бұл реткі әскери дайындық үлкен соғысқа ұласып, Донбасстың тағдырын біржолата шешуі мүмкін» десе, кей сарапшылар «халықаралық қауымдастықтың жазасы мен жазғыруына ұшырап, экономикалық тұрғыдан ауыр зардап шегіп отырған Ресей Украинаның жерін жаулап алуға мүдделі емес, тек өзіне қарсы күштерге сес көрсету үшін Украина шекарасына әскер топтап жатыр» деп қарайды. Шын мәніне келсек, Ресей Украинаның өзімен елдесуінен біржола үміт үзгендей. Былайша айтқанда, Мәскеу Украинаның шығысындағы жағдайдың ушығуына мүдделі сияқты. Ол осы арқылы ресейшіл күштердің қолымен әдейі от көсеп, Украинаның НАТО-ға кіруіне барынша кедергі жасап отыр. Қазірдің өзінде Донецк тұрғындарының тең жартысынан астамына Ресей азаматтығын беріп үлгірген Мәскеудің басты көздегені – Украина мен Ресей ортасынан Украинаға тыныштық бермейтін, НАТО күштерінен сақтануда Ресейге сәл де болса тыныс беретін буферлік аралық ел жасау.
Дегенмен, Украина мәселесінің ушығуына АҚШ, Еуроодақ және НАТО сынды үшінші жақтың да түрткі болып отырғанын да ескерген жөн. Әсіресе 2014 жылы Украин мәселесі бұрқ ете түскенде Украинаны қатты қолдаған Байден билік басына келгелі Ресейді қырына алу үшін Украинаның қолтығына су бүркіп, Ресейді санкцияның астына алды. Халықаралық мәселелерде қашан да АҚШ-тың ауанына қарайтын Еуроодақ да «Ресей Қырымды басып алды және Минск келісімін өрескел бұзды» деген желеумен бұл елге экономикалық жаза қолданды.
Кеше Еуроодақ пен АҚШ Ресейге қарсы санкцияларды тағы да күшейтуді көздеп отырғаны хабарланды. Жаңа жаза аясында Ресей олигархтарының қаражатын бұғаттап, Ресейді swift банк жүйесінен шеттету де көзделген. Егер бұл санкция ресми күшіне енсе, онда Ресей газын Балтық теңізі арқылы Германияға жеткізетін «Солтүстік ағыс-2» газ құбырының құрылысын салу тіпті қиындай түспек. «Солтүстік ағын-2» құбырының жалпы ұзындығы – 1200 шақырым. Ресейдің газы осы құбыр арқылы Германияға жеткізілуі тиіс еді. Алайда неміс еліне 160 шақырым қалғанда АҚШ тарапынан санкция салынды да, құбырды тарту жұмысы тоқтап қалды. Құбыр төсеумен айналысып жатқан шетелдік кемелер санкция тізіміне кіруден қорқып, жобаны жалғастырудан бас тартты. Жалпы шығыны 10 миллиард еуро болады деп межеленген бұл магистралды құбыр желісі Ресейден Германияға баратын газдың көлемін екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Яғни жылына 55 миллиард текше метр табиғи газ осы құбыр арқылы Еуропа елдеріне жеткізіледі. Жоспар бойынша құрылыс жұмысы өткен жылдың соңында аяқталуы тиіс болатын. Алайда көздеген жеріне жетпей «желкесі» қиылды. Себебі АҚШ Еуропаның Ресей газына тәуелді болуы аймақ қауіпсіздігіне төнген қатер деп санайды. Ал ежелден Ресейдің газына тәуелді болған Германия болса, АҚШ-тың бұл шешіміне наразы. Демек, «Солтүстік ағын-2» газ жобасының Украина мәселесіне байланысты тоқтатылуы Ресейге қыруар экономикалық шығын әкеліп отыр. Міне, осыған ашынған Ресей Украинаның шекарасына әскерін топтап, АҚШ-қа сес көрсетіп отырған жайы да жоқ емес секілді.
Әрине, Ресей әскер тасып жатқанда, АҚШ-та қарап жатқан жоқ. АҚШ президенті Байден Ресейдің шапқыншылық әрекеті жауапсыз қалмайтынын, АҚШ Украинаны жалғыз тастамайтынын айтып, Ресейге ескерту жасады. Канада президенті де осы позицияны ұстануда. Қазірдің өзінде Украинада канадалық 200 әскер Украин сарбаздарын дайындауға атсалысуда. Олар Украинада 2015 жылдан бері сарбаздарды оқыту бағдарламасы бойынша жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, АҚШ Украинаны қолдап, Қара теңізге әскери кемелерін жібермек. АҚШ Қорғаныс министрлігінің өкілі Пентагонның бұл әрекетін Қара теңіздегі Ресей кемелерінің бағыты мен аннексияланған Қырымдағы Ресей әскерін қадағалау деп түсіндірді. Сейсенбі күні АҚШ Қара теңізге кеме жіберетіні жөнінде Түркияға хабарлаған. Монтре келісімі бойынша АҚШ Қара теңізге кеме жіберетін болса, 15 күн бұрын Түркияға хабарлауы тиіс. Қара теңізбен шекарасы жоқ елдер үшін Стамбул бұғазынан өтудің Монтре шарттары осындай. Соңғы мәліметке қарағанда, АҚШ-тың бұл әрекетіне жауап ретінде Ресей де Қара теңізге 15 соғыс кемесін жіберген.
АҚШ мемлекеттік департментінің баспасөз хатшысы Нед Прайстың хабарлауынша, АҚШ мемлекеттік хатшысы Антони Блинкен және НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг дүйсенбі күні Украинамен шекара маңында Ресей әскерінің шоғырлануы мәселесін талқылаған әрі Ресейдің Украинамен шекара маңы және аннексияланған Қырымдағы қауырт әскери дайындығын тоқтатуды талап еткен. Сондай-ақ «үлкен жетілік (G7)» елдерінің сыртқы істер министрлері мен Еуро­одақтың сыртқы саясат жөніндегі ведомствосы да Ресейді Украина шекарасына жақын маңдағы «арандату әрекетін» тоқтатуға шақырды. НАТО демекші, мамыр айында НАТО Украинада 27 мемлекеттің қатысуымен соңғы 25 жылда болмаған ең ірі әскери оқу-жаттығу өткізеді. Жаттығудың басты мақсаты – НАТО әскерінің Украинаны қорғауын пысықтау.
Украина да қарап жатқан жоқ. Танктерін, зеңбіректер мен жанармай тасушы көліктерін бүлікшілер орналасқан аймаққа аттандырып, әскерін соғыстық күйге келтірді. Себебі шиеленіскен даудың келіссөзбен шешілмейтінін Киев те жақсы біледі. Сондықтан да, «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, 2014 жылы бейғамдықтан ащы сабақ алған Украин билігі өткен 7 жылда әскери дайындығын күшейтумен болды. Әскери саладағы ресейшіл күштерді аластап, жүн жіптей болбырап босап кеткен сарбазын тәртіпке келтіріп, қаруын қайта сайлады. Былайша айтқанда, Украинаның әскері 2014 жылдағыдай емес, әлеуеті артты.
НАТО 20 мыңнан астам украиналық сарбазды қалалық жағдайда ұрыс жүргізуге дайындап шықты. АҚШ Киевке «танк өртеуші» аталған Джавелин қаруын табыстады. Әуеден соққы жасайтын дрондар сатып алды. Қазір Донбасстың әуе кеңістігін Түркия мен АҚШ-тың дрондары бақылап жүр. «әл-Жазира» телеарнасының хабарына қарағанда, Украина президенті АҚШ тарапына зениттік-зымыран жүйелерін орналастыру жөнінде де өтініш білдірген.
Өткен аптада ел президенті Зеленский Украинаның тәуелсіздігін қамтамасыз етудің жолы НАТО-ға кіру екенін ашық айтты. Дегенмен, Украинаның НАТО-ға мүше болуы бүгін-ертең жүзеге асатын жұмыс емес. Оның үстіне, жер дауы бар елдің НАТО сапына қосылуы қиын. Дегенмен, Джо Байденнің «Украинаның НАТО-ға кіруіне қолдау көрсетем» (бұл уағдаластық туралы Украина президентінің баспасөз хатшысы растады) деп уәде бергенін, сондай-ақ НАТО-ға мүше елдердің барлығы Украинаны қолдап отырғанын ескерсек, Украинаның түбінде НАТО-ға мүше болатыны анық. Бірақ бірер жылдың ішінде жүзеге аса қоймайды. Оған Украинаның әскери жүйесі мен билігі де толық дайын емес. Ресей де қолынан келген кедергінің бәрін жасайтыны белгілі. Әуелі Украина НАТО-ға кірем деп Донбасстан біржолата айырылуы да ғажап емес. Себебі Ресей Донбассты өзіне қосып алуға мүдделі болмағанымен, жоғарыда айтқанымыздай, НАТО- ға қарсы тұру үшін Донбасстан тәуелсіз ел құруға тырысатыны анық.
Дей тұрғанмен, соғыс екі жаққа да абырой әпермейтіні түсінікті. Керісінше екі елдің де экономикасын шайқалтады. Өткен сенбі күні Украин президенті Зеленский Түркия президенті Ердоғанмен кездескенде, түрік басшысы Украинаны қолдайтынын, алайда мәселені келіссөз арқылы шешу ең ұтымды жол екенін ескертті. Осы сапардан кейін Зеленский Ресей президенті Владимир Путинге келіссөз өткізу жайлы ұсыныс жіберген. Алайда оған қарсы тараптан жауап болмаған. Демек, Путин мен Зеленский Ердоғанның ара ағайын болуымен Түркияда келіссөз үстеліне отыруы да мүмкін. Украинаның сыртқы істер министрі Александра Кулебаева да Украина Ресеймен соғысуды қаламайды, қақтығыс­ты дипломатиялық жолмен реттегісі келеді деп мәлімдеді.
Сейсенбі күні АҚШ президенті Джо Байден Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Ақ үйдің хабарлауынша, екі басшы аймақ және ғаламдық мәселелер, оның ішінде АҚШ пен Ресейдің қарулануды бақылауға алу және қауіпсіздік саласы бойынша стратегиялық тұрақтылықты қолдау ұмтылысын талқылаған. Қарулануды қысқарту туралы келісімнің мерзімін ұзарту мәселесі де сөз болған. Сонымен қатар Байден АҚШ-тың Украина егемендігі мен территориялық тұтастығын бұрынғыша қолдай беретінін атап өткен. Ол аннексияланған Қырым мен Украинамен шекарада Ресей әскерінің көбеюіне алаңдаушылық білдіріп, Мәскеу­ді жағдайды ушықтырмауға шақырған. Екі ел арасындағы ірі мәселелерді талқылау үшін үшінші бір мемлекетте кездесуді ұсынған. Алайда Кремль бұл ұсынысқа әлі нақты жауап берген жоқ. Егер Путин Байденмен кездесуге келіссе, келіссөз Түркияда өтуі ықтимал.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × four =