«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кереметі көп өлке

0 305

Елімізде тарихымыздан сыр шертетін киелі жерлер, құпияға толы қасиетті мекендер көп. Алайда олардың көбісін жұртшылық біле бермейтіні рас. Мұның себебі киелі орындардың жеткілікті түрде дәріптеліп, зерттелмеуінде болып отыр.
Осы орайда Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында еліміздегі киелі нысандардың маңыздылығына тоқтала отырып, халықтың санасына жалпыұлттық киелі орындар ұғымын сіңіру үшін ауқымды жобаларды қолға алу керектігін айтқан болатын. Соның бірі – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы».

Осы жоба аясында дархан даламыздағы тарихи-мәдени мәнге ие, көпшіліктің назарын аударатындай орындардың тізімі жасалды. Әзірге республикалық деңгейдегі 100 және өңірлер бойынша 500 киелі жерлер іріктеліп алынған. Алдағы уақытта бұл тізім одан әрі толығуы мүмкін. Оның ішінде тарихи, саяси оқиғалармен байланысты орындар, әр өңірде аңыз болып тараған әулие-әмбиелер жатқан жерлер мен кесенелер бар. Осы игі бастамаға орай мемлекеттік тапсырыспен, «Жетінші арнаның» ұсынысымен «Тылсым тұғыр» деп аталатын деректі фильм түсіріп, ерлігімен ел есінде қалған, қаһармандықтың символы болған әйгілі Қобыланды батырдың кесенесіне, миллион жыл бұрын аспаннан алып метеорит құлаған «Жаманшың» кратеріне және философ, ағартушы, кезінде ислам дінін насихаттап, маңайындағылардың сырқатын емдеген Исабек Ишан, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабаларымыз жерленген орындарға барып қайттық. Алған әсеріміз ерекше. Өзге әлемге сапар шегіп келгендей күйдемін.
Алғашқы бағытымыз небәрі алты жасында атқа мініп, садақ атып, балуандық өнерді жетік меңгерген ер жүрек Қобыланды батырдың кесенесі болатын. Осы мақсатпен Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Жиренқопа жеріне бардық. Мемориалдық кешен заманауи үлгіде салыныпты. Күмбездің батырлардың жауға аттанарда киетін бас киімі – дулыға іспеттес етіп салынуы адамға ерекше әсер береді. Кесененің ішінде батырдың сүйегі жатыр. Кесенеге келген жұртқа батыр жайлы құнды мәліметтер беріп жүрген тарихшы Азамат Қалмағанбетовпен тілдесудің сәті түсті. Тарихшы осы жерде Қобыланды батырдың моласы болғанын айтады. Біраз жыл бұрын археолог-антрополог Ноэль Шахметов зерттеу мақсатында батырдың сүйегін Ресейге алып кеткен екен. Содан 2006 жылы елге қайтарылып, қайта жерленген. Еліміздегі белгілі антрополог ғалым Оразақ Смағұл Жиренқопа жерінен табылған сүйекті зерттеу­мен айналысқан. Осыдан кейін ғалым бұл ортағасырлық Алтын Орда, Ноғай ордасы дәуірінің аса көрнекті тұлғасы, қарақыпшақ Қобыланды батырдың сүйегі екеніне 98 пайыз кепілдік берген екен. Кесененің жанында батырға арнап іші құнды дүниелермен толтырылған мұражай салынған. «Қобыланды батыр» жырын жырлаған жыршылардың суреті мен кітаптар, батырлардың қару-жарағы, ат әбзелдері ішке кіргеннен көздің жауын алады. Тарихшы Азамат Қалмағанбетовтың Қобыланды батырдың тарихтағы орны, ерлік істері жайлы әсерлі әңгімесімен сусындай отырып, келесі сапарымызға дайын­далдық. Ол Ақтөбе облысынан 400 шақырымнан астам жерде орналасқан «Жаманшың» кратері болатын. Табиғаттың ғажайып құбылысы саналатын мекенге жету оңай болмады. Бұл жерге бағыт алған адамға жолы біраз қиындық туғызады екен. Ғалымдардың болжамынша, дәл осы жерге шамамен миллион жыл бұрын аспаннан жарылыс қуаты көптеген ядролық бомбалардың жарылысына тең келетін аса үлкен метеорит құлаған екен. Содан кейін шұңқыр пайда болған. Кратердің диаметрі – шамамен 13 км, тереңдігі 700 метрге жеткен. Табиғаттың бұл таңғажайып құбылысы әйгілі геолог-географ ғалымдардың назарын аудартты. Жергілікті тұрғындар бұл мекенге елімізден гөрі шетелден, әсіресе, Ресейден туристер көп келетінін айтады. «Жаманшыңның» вулкан емес, үлкен жарылыс, соққының әсерінен пайда болған метеорит кратері екенін дәлелдеген Ресей ғалымы, геолог Павел Флоренский бұл жерді жастарға патриоттық тәрбие беретін туристік орынға айналдыру керек деп есептейді. Осы сапар барысында метеорит салдарынан пайда болған импактит, тектит жыныстарын, жерде шашылып жатқан аспан денелерінің қалдықтарын көзімізбен көріп қайттық. Бұл жерді шынында да тарих жұмбағы дерсіз. Табиғаттың біз білмейтін тылсым тұстары көп қой.
Әрбір халықтың тарихын, салт-дәстүрін зерттеп қарасаңыз, адамды қайран қалдыратын құбылыстарға тап боласыз. Тарихымызға көз салсақ, кез келген адамға көріне бермейтін тылсым күш арқылы келер күнді болжайтын, бойына әулиелік қасиет қонған тұлғалар болған. Соның бірі – 1792-1871 жылдар аралығында өмір сүрген ағартушы, философ Исабек Ишан. Қазіргі таңда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұстазы болған, кезінде халық құрмет көрсетіп «әулие» деп атаған Исабек Ишан бабамызға Екібастұз маңындағы Ақкөл ауылынан кесене салынған екен. Бұл жерге де арнайы барып, сондағы жұртпен тілдесіп қайттық. Танымал әулиенің кесенесіне жақын жерде келушілерге арнап шағын үй де салынған. Исабек Ишан Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұстазы болған екен. Мәшһүр Жүсіп мұражайынан Исабек Ишан туралы біраз мәліметтер мен суреттерді көзіміз шалды. 1930 жылдардағы ашаршылықты және өзінің өмірден өтетін күнін жыл бұрын болжаған ұлы ойшыл, күллі ғұмырын қазақ халқын сауаттандыруға жұмсаған философ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының да әулиелік қасиеті болған. Бақиға аттанарын сезген сәтте жақындары мен туған-туыстарын жинап, мазары салынатын орынды өзі таңдап, құрылысы қалай болу керектігін түсіндірген екен. Бір таңғаларлығы, денесінің жер қойнына берілмеу керектігін айтады. Мәшһүр Жүсіптің шөбересі әрі шырақшы Әсет Пазылов ғұлама ғалымның денесі ешқандай бальзам, кремсіз 21 жыл уақыт қалай сақталғанын ешқандай ғалым дәлелдей алмағанын айтады және бұл Жаратушының кереметі деп түсіндірді. Кезінде жерленбей қалса да, мәйітінің сол күйі сақталуы көрген жұртты таңғалдырған екен. Жиырма бір жыл өткен соң, Кеңес заманында арнайы бұйрықпен бірнеше тіл білген ғұламаның денесі жер қойнына берілген. Жергілікті тұрғындар Мәшһүр Жүсіп кесенесіне апаратын жолдың қиындығына қарамай елімізбен қоса, шет мемлекеттерден келетін қонақтардың көп екенін айтады. Тарихымызды өзімізбен қоса, өзгелер де құрметтеп жатса, мақтаныш емес пе?! Игі бас­тама арқылы еліміздегі тарихи маңызы бар, киелі жерлеріміз терең зерттеліп, таныла беретініне сенім мол. Қалай десек те, бізді өткенмен және болашақпен байланыстыратын, төсінде жүріп жаның сая табатын бұл киелі жерлер – біздің атамекеніміз, тылсым тұғырымыз! Ол бәрімізге қымбат!

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды