КЕРЕМЕТ

0 459

Тілімізде жиі қолданылатын сөз. Керемет деп аса сапалы нәрсеге ерекше таңқалғанда айтатынымыз бар. Бұл мағынада ол феномен деген түсінікке жақын. Керемет сезім адамды рахатқа бөлейді. Керемет деген ерекше нәрсенің атауы, бірақ бұл кереметтің жалпылама түсінігі. Асылында, біздің керемет деп жүргеніміз – Жаратушының жаратқан барша нығметтері.

Керемет – Жаратушының жаратқандары. Не кере­мет, әрине, жаратылыс керемет, жаралған заттар керемет, шынында да айналамыздың бәрі керемет емес пе? Керемет дегеніміз – нәрсенің бар болуында, дара болуында және оның ешқашан да қайталанбайтындығында. Білген жанға бар табиғат, болмыс, тіршілік керемет, себебі әлемде басы артық ешнәрсе жоқ. Өзгермелі дүниеде бір нәрсенің бар болып өмір сүруі оның екінші, мүмкін үшінші нәрсеге қажеттілігінен туындаған. Өзгеріс дегеніміз – бір нәрсенің пайда бо­луы, не жойылуы. Нәрсенің пайда болып, жойылуы бір түрден екінші түрге, не бір сападан екінші сапаға өтіп, заттың өзімен-өзі болуы. Кере­мет дегеніміз – бір нәрседен біреудің артылғаны емес, сол нәрсенің өзіне-өзі сай, қажетті формаға түсуі. Әрине, бұл – уақыт ішінде өтетін құбылыс. Әр уақыт өлшеміне сай зат өзіне тән форма таппақ. Бұл – зат болмысындағы уақыт пен кеңістік бірлігінің көрінісі. Әрбір бар нәрсе қайталанбайтын болмыс, ол – со­нысымен керемет.

Керемет Жаратушының жаратқандары дедік, алайда кереметтердің ішіндегі кереметтері – тіршілік пен адам.

Тіршілік – керемет, оның түп сыры ғылымға да беймәлім. Жер бетінде тіршілік қашан, әрі қалай пайда болған, оның иесі және келешегі не болмақ? Ақырзаман деген идея ғана ма, әлде болатын шындық па? Бұл – адамзаттың мәңгілік сауалдары, олардың түбіне жетіп жауап бере алған ешкім жоқ. Миф, фантастика, гипотеза, дін, ғылым, қиял, арман де­гендер осы сауалдарға ізденістерден туған. Сондықтан, тіршілік кере­мет деуден басқа амал жоқ. Осы тұста керемет пен керемет еместің аражігі туралы сөз қозғасақ, айта­рым, адамға дейінгі дүние, тіршілік, болмыс – кереметтер әлемі. Оны көбінесе білместіктен хаос – дейді, ол теріс пікір, әлем хаос емес, ол өз заңымен болған, әлі бола бермек. Керемет емес нәрселер адамның пайда болуымен басталған. Мін – адамның санасында. Адам санасы оның «жаратушылық» қызметін қалыптастыра бастады, оны біз шығармашылық дейміз. Бұл оны Жа­ратушымен «бәсекеге» түсетіндей халге жеткізді. Абай айтқандай, безендірген жер жүзін, нағыз шебер – Тәңір. Солай бола тұра адамдар да өздерін шеберміз деп атай ба­стады, бірақ кей замандарда адам шеберлігі шектеулі, мінсіз шебер Жаратушы екендігіне адамдар күдік келтірген. Ғылымда адам қолымен жасалғандарды «мәдениет» дейді. Мәдениетке сын бар, себебі ол адамдардың рухани әлемі. Адам – адамға сыншы.

Жаратушының жаратқан кереметтеріне ғана сын жоқ. Менің осы сөзіме дау айтушылар табылар, олар әсіресе, өз тұжырымдарында Дарвинизм іліміне сүйенулері мүмкін. Эволюция теори­ясы бойынша, тіршілік иелері: жәндіктер, хай­уанаттар төменгі және жоғарғы деп жіктелген, бірақ біз қандай жәндікті «дамудың» төменгі сатысында деп «үкім» шығармақпыз. Тым қарапайым де­ген амебаның өзі өмір сүретін ортасында емін-еркін күй кешуде, ол өзге болуды әсте де қаламайды. Осы тұста бір қаратпа сөз есіме оралып отыр.

– Әй, есек, – деді шошқа.

– Әй, шошқа, – деді есек.

Бірақ, олар бір-біріне ренжіген жоқ.

Есектен есек, шошқадан шошқа тумаса, есек пен шошқа атаулы құрып кетпей ме? Қазақтың «қарға баласын аппағым дейді» – дейтіні осындай жағдайға қатысты айтылса керек.

Бар болмыстың жаратылыс құпиясы бар. Ол Жаратушының өзіне ғана мәлім десек, осы жараты­лыс құпиясын танып-білу жолы­на түскен адамды ғалым дейміз. Жаратушының жаратқандарын зерттеушілер – ғалымдар. Олар Жаратушыны оның жаратқандары арқылы тануды мақсат қоюшылар. Солай бола тұра, Еуропалық орта ғасырларда Джордж Бруно, Галилео Галилей, т.б. ғалымдардың соңына шіркеу шам алып түсті. Шіркеу оларды Жаратушының құпиясына қол созушылар, яғни ібілістік жолға түскендер деп жазалап отырды. Бұл – шіркеудің сол замандағы қателігі. Ғалымдар – күдік келтірушілер және күдікті сейілтушілер. Күдік деген – ғылыми ізденіс. Күдіксіз ғылым жоқ. Күдік келтірушілік діни аңызда – ібіліс-шайтан жолы. Жаратушы періштелерге өзі жаратқан Адам-Атаға иман келтіріңдер деп әмір еткенде, бір періште осы керемет іске күдік келтірген, ол:

– Уа, Жаратушы ием, өз рұқсатыңызбен аралап шықтым, мына жаратқаның кемел емес, іші қуыс екен, – деген.

Жаратушыға күдік келтіргені үшін, оның қарғысына қалып, ібіліс-шайтан атанған. Жаратушының жаратқан кереметі Адам-Атаға иман келтіргендер періште қалпында қалып, адамзатқа бүгінге дейін қызмет етуде. Шайтан болса, адам баласының бойына бүлік, бұзық пиғылдар дәндерін егіп, өсірумен келеді. Шайтандықты осы мәнде түсінген дін басшылары ғылымға, ғылыми жаңалыққа қарсы болып отырған. Бұл – Жаратушы әміріне қарсылық. Жаратушының жаратқандарын танудың айғақты жолы – ғылым емес пе, басқа қандай жол бар? Ғылым арқылы біз Жаратушымызға жақындай бермекпіз. Ғылымды мансұқ ету Жаратушымыздан алыстау екенін түсіну үшін адамзат баласы қаншама қиындықтарды бастары­нан өткерді.

Ғылым күдікті сейілтуші дегенге келсек, айтарым, ғылым адамға сыры білінбеген, нәрсені білімге, айғақты іске айналдырмақ. Оны ғылыми жаңалықтар дейміз. Ғылым күдікті сейілтуші болған соң, оның «өз түсінігі» қалыптаса баста­ды, оның мәнісі әлемді, дүниені тек ғылыми жолмен түсіндіреміз деген асқақ ой, оның екі жағы бар: біріншіден, ғылым арқылы өзгермелі жаратылыстың сырын танып білеміз, бұл – ғылымның жасампаздығы, дүние көркін танудағы бірден-бір дұрыс жол. Екіншіден, ғылым сонымен бірге Жаратушы жаратқан жаратылысты қиратушы, яғни ібілістік күшке айналуы мүмкін, мысалы, атомның термоядролық қуатынан адам-зат баласы өзін-өзі мүлдем жер бетінен жойып жібере алатын ала­пат қаруын ойлап тапты, оны 1945 жылы (6 және 9 тамыз) Нагасаки, содан Хиросимаға тастап, жүздеген мың жазықсыз жандар қаза тапты.

Бүгінде қарудың бұл түрі, адам-зат үшін аса қауіпке айналып отыр. Ғылымның бұл жағдайын ертегідегі құмыраның ішіндегі тығындаулы жынның сыртқа шығып кетуімен салыстыруға әбден болады.

Бұл – бүгінгі заманның ең басты, аса қауіпті, шешімі табыл­май отырған мәселесі (ол арнайы тақырып әңгімесі).

Солай бола тұра, керемет дегеніміз – Жаратушының жаратқандары және олардың сырын білуші, танушы, әрі адам игілігіне айналды­рушы – ғылым мен өнер.

Ғарифолла ЕСІМ, академик

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − two =