Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Керемет образдар қайда?

0 250

Ғашықтар күніне орай Астананың бірқатар өнер ұжымдары ұлтымыздың мәдени мұрасын ұлықтап, лиро-эпостық жырларды жаңғыртты. Соның ішінде Жастар театры «Қыз Жібек» мюзиклін жаңаша сипатта ұсынды. Аталмыш туындының премьерасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында төрт күн бойы жүрді.

Мюзиклдің негізіне классик жазушы Ғабит Мү­сіреповтің либреттосы мен Евгений Брусиловскийдің музыкасы алынды. Музыканы өңдеген Ерболат Құдайберген мен Жандәулет Батай оған қазіргі заманға сай иірімдерді қосты. Сөйтіп, туынды фольклорлық рок стилінде көрермендерге жол тартты. Ал шығарманы аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай сахналады.
«Менен бұрын «Қыз Жібекті» курстасым Болат Атабаев қойды. Маған бұл қойылым керемет ұнады. Бірақ Болат басқа жаққа кетті де, шығарма шықпай қалды. Мюзикл ұмытылып, туынды тек опера деңгейінде қалмасын деп, оның ойын әрі қарай дамыттым десем де болады» дейді
Н.Жақыпбай туындының идеясы жайлы.


Бұл шығарманы режиссер осыдан бірнеше жыл бұрын Т.Жүргенов атындағы өнер ака­­демиясындағы өзінің шебер­ханасындағы студенттерге дип­ломдық жұмыс ретінде берді. Кейіннен мюзикл жетілдірілді. Алайда премьерасы белгілі себептермен шегеріліп келіп, сәті өткен аптаның соңына түсті.
Мюзиклде Төлегеннің әкесі Базарбай мен анасы Қамқа, жыр­дағы өзге де бірқатар үйреншікті кейіпкерлер жоқ. Оқиға нақты Мейірғат Амангелдин мен Назерке Серікболова сомдаған Төлеген және Жібектің айналасында өрбиді. Бас кейіпкерлермен қатар Бекежан мен Шеге және Жібектің құрбысы Дүрия да көрінеді. Бас-аяғы осы 4-5 кейіпкер шығарманың жүгін көтерді.
Режиссерлік шешім де ерекше. Кейіпкерлерді ол кемеге мінгізіп қойған. Мұнысын «Оқиға еліміздің батыс өңірінде өтті. Ол жақта Жайық өзені, Каспий теңізі бар. Неге кемені қолданбасқа деп ойладым» деп түсіндірсе де, мюзиклді тамашалап отырып, есімізге «Қазығұрттың басында кеме қалған» деген аңыз түсті. Осы ойымызды шығармада айтылатын «Ескі ай – есірке, жаңа ай – жарылқа» тілегі бекітті. Осынысымен режиссер оқиғаны адамзат жаратылған заманға апарып тастағандай секілденді.
Әрине, мюзикл жанры қазақ өнеріне әлі таңсықтау болып көрінетіндіктен, әрі «Қыз Жібек» жаңаша сахналанғаннан кейін тек қана жастардың қабылдауына лайықталған ба деген күмән туады. Жоқ, туындыдан ерсі көрінетін ештеңе байқамадық. Жас та, кәрі де көретін қойылым. Бір ғана нәрсе, мюзиклден керемет образдарды көре алмадық.


«Қыз Жібек» қазақ операсының қарлығашы екені белгілі. Оның сахнаға жол тартқанына 85 жылға жуықтады. Бергі жағында көркем фильм бар. Кейінгі қойылымдарды осы туындылармен салыстырмай кете алмаймыз. Мәселен, фильмдегі Құман Тас­танбеков, Меруерт Өтекешова, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков сомдаған образдар қандай! Өкінішке қарай, қазіргі әртістер оларға жете алмайды. Премьерадан кейін аттары да есте сақталмайды.
Әрине, фильмді фильм еткен Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы да еді. Мюзиклге аса көрнекті композитордың кинода қолданылған шығармаларын да қосуға болар еді деп ойлаймыз. Ашығын айту керек, Евгений Брусиловскийдің музыкасынан басқа мюзиклге «Тұран» ансамблінің, Балнұр Қыдырбектің шығармалары енгізілгенмен, жан сарайымызды ашпады.
Режиссерлерге актерлерді таң­дауда, музыкамен көркемдеу­шілерге әлі де жұмыс істей түсу керек деп ойлаймыз. Әйтпесе, классикаға айналған туындыларды түрлендірмеген жөн секілді. Бұдан бұрын «Астана Мюзикл» театрының «Қыз Жібегін» тамашаладық. Көңілімізден шықпады. Бұл туындымен аталмыш театр шетелдерге гастрольдермен де барып келген. Жастар театрының директоры Ернар Жұматаевтың айтуынша, оларды «Қыз Жібекпен» Оңтүстік Кореяға шақырып жатыр. Жетілдіре түсіп, шетелдіктер шын мәнінде тамсанатын саф өнер туындысын апару керек деп есептейміз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды