КЕРЕКУДЕН КЕЛГЕН КЕРУЕН

0 60

Аймақтардың Астанадағы жәрмеңкесін осы демалыста Павлодар облысы жалғастырды. Елордалықтар екі күн ішінде Ертіс өңірінен әкелінген 645 тонна азық-түлікті сатып алды. Саудаға түскен өнімнің жалпы құны 100 млн теңгеден асты. Керекуліктердің азық-түлік жәрмеңкесін аймақ басшысы Ерлан Арынның жол бастауымен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов аралап көрді.

Бұл жәрмеңкенің мақсаты баршаға белгілі. Ол – арзан баға саясатымен бас қаланың ішкі нарығын  ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіп, астаналық әлеуметтің әлеуетіне болысу. Облысқа қарасты он аудан мен үш қаланың кәсіпкерлері өз өнімдерін біздегі бағадан 15-20 пайызға арзанға сатты. Сондықтан болар ертелетіп орталық алаңға жиналған жұрттың қарасы көп болды. Соның нәтижесінде 40 тоннадан астам, ет, 24 тонна сүт, 6 тонна ұн өнімдері мен 12 тонна балық, 250 тонна картоп және басқа да өнімдер әп-сәтте тұтынушыларын тапты. 115 мың жұмыртқа мен облыс жерінде өсірілген 60 тонна қырыққабат пен 50 тонна сәбізді тиеп келген жүк көліктері де ауылдарына бос қайтты.

Павлодар облысының әкімдігі бұдан бөлек, жәрмеңкеге келушілерге арнап дастархан жайды. Екі бірдей үйді тігіп, оған бас сұққандарға бауырсақ пен қымыздан дәм татырды. Алаңға келгендер арнайы орнатылған экрандардан облыстың жетістіктерін паш еткен фильмді көріп, аймақтан ат арытып келген мәдениет ұжымдарының өнерін тамашалады. Айтулы өлкеден арнайы келген 125 өнерпаз сегіз сағат бойы сахнадан түспей, ән-жырларын айтып, жәрмеңкеге мерекелік реңк берді. Сондай-ақ, ойын-сауық арасында спорттық жарыстар да өткізілді.

Айнұр ШОШАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven − 1 =