КЕРЕК КАДРЛАР КЕНІШІ

0 90

29 қараша күні Тәуелсіздік сарайында «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдығына арналған форум өтеді. Мерейтойлық шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Кеше Орталық коммуникация­лар қызметінің брифингінде ағымдағы аптада болатын маңызды саяси жаңалықтармен бөліскен ОКҚ ресми өкілі Алтай Әбибуллаев осыны да атап өтті. Отандастарымызға шетелдерде білім алуға мүмкіндік берген бағдарламаның 20 жылдық қорытындысына, бүгінгі талаптары мен міндеттеріне «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығметов толығырақ тоқталды.

1993 жылдың 5 қарашасында Елбасының Жарлығымен тағайындалған «Болашақ» бағдарламасына осы күндерге дейін 10025 стипендия бөлінген. Қазіргі таңда аталмыш бағдарламаның 6015 түлегі елімізге оралып, түрлі салаларда, атап айтсақ, 60 пайызы жекеменшік секторда, 20 пайызы ұлттық компанияларда, 15 пайызы мемлекеттік органдарда, 4-5 пайызы халықаралық және үкіметтік емес ұйымдарда еңбектеніп жүр. Олардың 60 пайызға жуығы қоғамдық-гуманитарлық және шығармашылық мамандықтар бойынша білім алса, 38 пайызы
инженерлік-техникалық, ал, 8 пайызы меди­циналық білім алды. Атап өтетін бір жайт, бүгінгі күнде мыңға тарта мүшесі бар «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарының ассоциациясы да жұмыс істеп тұр.

Заман сұранысына қарай қолға алынған бағдарламаның алғашқы жылдары тәуелсіздігімізді баянды ету үшін жеті жүздей адам елімізге аса қажет мемлекеттік басқару, халықаралық қатынастар салалары бойынша шетелдерде дайындалды. Одан кейін Мемлекет басшысы жария еткен «Қазақстан-2030» стратегиясының талаптарына сәйкес басымдық техника және медицина кадрларын даярлауға беріле бастады. 2005 жылы стипендиялар саны 3 мыңға дейін өсіп, «Болашақ» – халықтық бағдар­ламаға айналды.  Бұл кезеңде техникалық, био­логиялық, ғарыштық бағыттар бойынша көптеген адам бакалавр деңгейі бойынша шетелдерге жіберілді. Объективті жағдайларға және Назарбаев
университетінің ашылуына байланысты 2011 жылы бакалавриатта оқу тоқтатылды. Екпін магистратура мен докторантураға беріліп, кәсіби тағылымдама бағдарламасы енгізілді.

Дегенмен, бағдарламаны жетілдіру жұмысы әлі де жүргізілуде. Мәселен, қазірде 2500 жас әлемнің 33 мемлекетінің 200 университетінде әлі де оқуларын жалғастырып жатыр.

Ғ. Нығметовтің айтуынша, бұдан былай енді екпін санға емес, сапаға қойылатын болады. Бағдарлама бойынша шетелдерде білім алу талаптарына сай үміткер ағылшын тілін немесе оқуға баратын елдің тілімен қатар, міндетті түрде қазақ тілін білуі шарт. Психологиялық тестілеуден өтуі және тәуелсіз сарапшылар комиссиясының да мақұлдауын алуы қажет. Одан кейін барлық құжаттар Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин басқаратын Шетелдерде кадрларды дайындау комиссиясына жіберіледі.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ      

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + 3 =