Кенжеғали әндете келді

0 100

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлемдегі ең үздік 400 жоғары оқу орны арасынан 369-орынды иеленіп отыр. Бұл студенттерге терең де кемел білім бере алатын оқытушы-профессорлар құрамын жасақтай білген университет ректоры Ерлан Сыдықовтың зор ұйымдастырушылық қабілеті екені даусыз. Басқасын айтпағанда, инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында шетелден және республикамыздың түкпір-түкпірінен елімізге еңбегі сіңген 20 ғалымды шақыртуы – сол сөзіміздің дәлелі. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері өнерге де ерекше көңіл бөліне бастады. Солардың бір мысалы елге танымал әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбайдың шақыртылуы. Өнердің өз өкілі ендігі жерде осы тұстағы олқылықтың орнын толтырмақ: студенттерге мәдени-танымдық дәріс беріп, ақын, жазушы, әнші, композитор мен музыкалық аспапта орындаушыларды шақырып кештер өткізетін орталықтың жетекшісі болып келді. 

Кенжекең жай келген жоқ, университет мұғалімдері мен студенттеріне өзінің жеке концертін ала келді. Кеште мәдениет қайраткері Елена Сахноның рояльдегі сүйемелдеуімен шетел және Қазақстан композиторларының ария, романс, эстрада, халық әндерінен 22 вокалдық шығармасы орындалды. Жаңа тағайындалған жетекшінің айтуынша, келесі кеш «Саз-сұхбат» деп аталады. Оған ҚР еңбек сіңірген қайраткер, жазушы, композитор Ілия Жақанов Атыраудан арнайы шақырылмақ. Көрерменді баурап, жүректерін жаулайтын кеш қазан айының 29 жұлдызына белгіленіп отыр. Еуразия университетінің зәулім залында өтетін бұл кеште Кенжеғали Мыржықбайдың орындауында Ілекеңнің ән-романстары шырқалады.

Керемет кештен қалып қоймайық, ағайын!

Базарбек ТҮКІБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − fourteen =