Кеңшілік ақынның көшесі

0 165

Жақында елорданың Алматы ауданында көрнекті ақын Кеңшілік Мырзабековтің атына көше берілді. Бұл көше И.Панфилов көшесінен басталып, Бәйдібек Қарашаұлы көшесінде аяқталады. 6 маусымда қазақ поэзиясынан өзінің үлкен орнын ойып тұрып алған арынды ақынның туғанына 75 жыл толады.Кеңшілік орыстың ұлы ақыны Александр Пушкинмен бір күні туды. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың қасында көп жүрді. Бірақ Мұқағалидың жасына да жетпей, 1989 жылдың 30 қаңтарында 42 жасында кенеттен өмірден озып кетті. Туған жері – Торғайда жер бесікке бөленді.
Кеңшілік Ағытайұлы Мыр­забеков 1946 жылы Жангелдин ауданының Жәнібек Тархан ауылында дүниеге келді. ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірді. Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы»), «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), Алматы облыстық «Жетісу», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде, «Жазушы» баспасында, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында қызмет істеді.
Ақынның алғашқы жинағы «Іңкәр дүние» 1972 жылы баспадан шықты. Оның «Сәруар» (1980), «Революция перзенттері» (1980), «Қасиетті қас қағым» (1985), «Дәуір – дастан» (1988) атты өлеңдер жинақтары, «Тың туралы толғау» (1987) мақалалар мен очерктер жинағы жарық көрген. «Балалық шақ балладалары» (1987) атты жыр жинағы зерттеушілер тарапынан жоғары бағаланды. Ол Е.Евтушенконың «Менің шешем және нейтрон бомбасы», «Фуку» поэмаларын қазақ тіліне аударды (1989). Өмірден озған соң «Іңкәр дүние» жинағы 1990 жылы қайта басылып, «Ауыл мен астана» (1994), «Бір мысқал» (1996), «Жолға салдым көшімді» (2002), «Менің мұңым – махаббат» (2003) кітаптары шықты. Туғанына елу жыл толуына орай «Қайран Кеңшілік!» (1996) атты естелік кітап оқырмандар қолына тиді.
Кеңшілік Мырзабековтің поэзиясы аға буыннан да, өз тұстастарынан да, кейінгі буыннан да жақсы бағасын алды. Ақын туралы ақыннан артық ешкім айта алмайды. Төменде Кеңшілік ақынның шығармашылығы жайында сондай пікірлерді жариялағанды жөн көрдік.

Нұрлан ОРАЗАЛИН:

КЕҢШІЛІК ДЕСЕ…

..Кеңшілік десе… Менің есіме алпысыншы жылдардың ауылы, ақынның өз тілімен айтқанда:
«Бала едік біз елде өскен,
Жар жағалап, көл кешкен,
Тұлымымызды күн сүйіп,
Тұсауымызды жел кескен.
Соғыстан кейін шыр етіп,
Өртеңбіз өртең жерге өскен…» деген табанының күсі жұқара қоймаған, сақал-мұрты енді-енді тебіндей бастаған жеткіншектер түседі…
Кеңшілік десе… Буыны бекіп, бұғанасы қатар-қатпас кезден-ақ қолына қалам ұстап, атақты «алпысыншы жылғылардың» рухымен сусындап, ауасымен тыныстап, солардың жазған-сызғандарын жарғақ құлақтары жастыққа тимей түгендеп, оқып-тоқып өскендер тұрады көз алдымызда…
Кеңшілік десе… Өнерді өмірге балаған, өлеңді тағдыр­ға санаған, ала жіп аттауды ар деп ұққан, ар мен жыр үшін жүрегімен от жалаған, аңғалдығы мен адалдығы үшін таяқты аз жемеген, жер ортасына жетсе де әлі күнге әке тәрбиесімен еніп, ана сүтімен сіңген сол мінезінен арыла алмай келе жатқан талантты буынның кешегі бозбала шағы, бүгінгі тұлпар кескінді келбеті елестейді. Сол топ, сол буынның ғана ары мен айбары болып қоймай, қазақ рухани әлемінің туын желбіретіп, төбеге көтерілгендер, асудан асқандар, шыңға шыққандар санатына қосылған Кеңшілік тұрады көңілде, Сағат тұрады санада, Жұматай тұрады жүректе, Жәнібек тұрады жадыда!..

Темірхан МЕДЕТБЕК:

СӨЗБЕН СУРЕТ САЛУДЫҢ ХАС ШЕБЕРІ

…Кеңшiлiк шығарма­шылығындағы ең алдымен көзге түсетiнi – тiлiнiң құнарлылығы. Құнарлы болғанда да, түгiн тартсаң май шығатындай құнарлылығы. Оның ана тiлiмiздiң ақ уызын әбден мелдектеп емiп өскенi әп дегеннен-ақ мен мұндалап шыға келедi. Жосылып ағып, төгiлiп құйылып, көсiлiп жөңкiле жөнелетiн оның өлеңдерiн оқи бастағаннан-ақ бұған көзiң жете түседi. Тағы да ол тiл – таңдайды қажайтын тақылдаған тiл емес, аңқыған иiсi тұла бойыңа жайылып, серпiлiп, солқылдап тұратын, күпiлi қазақы болмыс пен үкiлi қазақы рух сiңген табиғи тiл. Оқыған сайын даланың алып кеңiстiгiнде аңқылдап соққан жел өтiнде тұрғандай кеудең керiлiп, көкiрегiң кеңейiп бара жатады…
Кеңшiлiк Мырзабеков – тегеурiнi мен тепкiсi қатты қуатты ақын. Ал қуатты ақын, керек кезiнде, сөз дегенiңiздi балшықтай илеп, бордай үгiп қана қоймайды, оны дүлейлi құбылыс пен сұрапыл күшке де айналдырып жiбере алады…
Кеңшiлiк Мырзабеков – сөзбен сурет салудың хас шеберi. Оның суреттерi сол қалпында қағазға түсiп, мұзға қатырып қойғандай сiрескен суреттер емес. Қағазға түссе де, қырық құбылған қимылын да, алпыс әдiстi әрекетiн де жоғалтпаған жанды суреттер. Ол сурет-өлеңдердi оқып отырып, ондағы құлағыңызға талып жететiн гуiлдердi есiтiп, еленер-еленбес дiрiлдердi көрiп отырасың. Ендi сәл болса, ол сурет-өлеңдер тiрi құбылыстарға айналып, қағаз бетiнен пыр етiп ұшып кететiндей. Түк те асырып айтып отырғам жоқ. Сенбесеңiз оқиық:
Оймақтай көлдiң жиегi,
Аққу құс ұшып киелi,
Қырын бұрып қанатын
Қыл мойынға иедi.
Қарасудан жыртылып,
Дара тұлға құлпырып,
Буынсыз бел майысса,
Қос қанаты қайысша
Қайта-қайта созылып,
Қоғажайға тиедi.
Тұнып тұрған динамика! Ерiксiз тәнтi боласың! Кеңшiлiкте мұндай сурет-өлеңдер тiптi мол…

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК:

АҚЫНДЫҚ ҮН ҰЛТТЫҚ БОЯУМЕН АСТАСАДЫ

…Асқақ романтика мен сыршыл сезім – Ж.Әбдірашевпен заманы бір ақын К.Мырзабековтің өлеңдері мен балладаларына тән сипат. Оның қаламынан туған «Ақ көйлек», «Көшу» сияқты сюжетті өлеңдерде ақындық үн ұлттық бояумен астасып, өзгеше өрнек тапқан. Сыншылар назарына көп іліккен «Ақ көйлек» өлеңі – астарлы, ишаралы өлең. Өлеңнің атының өзі астарлы бір ойға меңзейді. Ақынның қылаусыз сезімі, тап-таза көңілі, жүрек бұлқынысы өлең құрылымын тұтасымен жанды суретке айналдырып, ерекше бір әсер қалдырады.
Қаладан көкем әкелген маған ақ көйлек,
Жұп-жұқа сәтен, өзіме ғана шақ көйлек.
Ойлайтын едім дәл мұндай мата жоқ қой деп,
Киер ем күнде ауылда, әттең, көп той жоқ, – деген жолдармен басталатын өлең әрі қарай ақынның сол ақ көйлекке деген ерекше сүйіс­пеншілігімен өріліп, алаңсыз, қылаусыз балалықтың белгісіндей болған көйлекті киген сәттегі лирикалық кейіпкер сезімі, балалық пен бозбалалық дәурен арасындағы толқу, ақ көйлекті қара құйынның ұшырып әкеткен сәтіндегі күйініш пен өкініш тамаша үйлесім тапқан.
Ақ көйлек, ақынның өз сөзімен айтқанда, «жамауы жоқ, жасауы жоқ, көңіліндей аппақ қылаусыз» балалығының белгісі. Балалықтың сәтте ғайып болуы – өмір заңы. Ақ көйлекті ұшырып әкеткен қара құйын – балалық атты дәуренді ғайып қылар қатал күш тәрізді.
«Жеткізбей маған көңілімдей аппақ көйлегім,
Бозбала болдым. Балалық көңілім мертігіп» деген жолдармен түйінделеді.
Көріп отырғанымыздай, ақ көйлек жалаң ғана киер киім ретінде жырланып тұрған жоқ. Ақ көйлек – алаңсыз балалық дәуреннің ишарасы. Кеңшілік қаламына тән асқақ үн ишарамен, тұспалмен астасып, өмір шындығы романтикаға, содан символға ұласқан…

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − nine =