«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кеңестік атаулардан қашан құтыламыз?

0 225

Жуырда өткен қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының қоғамдық тыңдауында Астанада ашылатын төртінші ауданның атауы ұсынылды. Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев жаңа ауданға Байқоңыр атын лайық көріп отырғандарын жеткізді. Депутаттардың көпшілігі бұл ұсынысты қолдады. Аудан атауы әлі ономастикалық комиссия отырысында қаралады.

 

Жаңалық шыққан бетте қоғамда аудан атауына қатысты әр алуан ой туды. «Фейсбукке» бұл хабарды жариялағанымызда пікір ретінде Тұран, Қараөткел, Нұра, Бозоқ, Жұмабек Тәшенов, Дінмұхамед Қонаев, Әлихан Бөкейхан, Оқжетпес, Бурабай, Торғай, Жібек жолы, Қарқаралы, Ерейментау сынды нұсқалар түсті. Әсіресе, әлеуметтік желідегі достарымыздың біразы Алаш атауын ұсынды. Мәселен, суретші Жанұзақ Мүсәпір: «Алаштың 100 жылдығы өтті, айтарлықтай болмады. Соның есесіне Алаш атын берсе, құба-құп болар еді» деп жазды.
Журналист Дүрәлі Дүйсебай: «Байқоңыр да қазақтың бір байтағы. Нұра да жақсы. Тек өзімдікі болсын дегенді қою керек. Астананың көшелерін қарашы, қазақтың барлық жер атауы, тау атауы, өзен-көл атауы – бәрі-бәрі қамтылған. Бұдан ұтылдық па? Әлі талай аудан ашылады. Саспаңдар, Торғайды да, басқаны да өткізесіңдер, ағайын. Ал ауданды адам атымен атамай-ақ қоялықшы. Тәшенов атындағы көше бар ғой» деген пікір қалдыр­ды.
Саясаттанушы Айдос Сарымның: «Елордадан тарихының иісі аңқып тұруы керек. Астананың да киелі тарихы бар. Сондықтан ауданға я Қараөткел, я Ақмола деп ат берген абзал. Екі атау да көнеден келе жатқан қазақы діни-мәдени дәстүрден басталады. Астана түбі де қазақтың бір пантеоны, қасиетті аталарымыз жатқан жер. Кенесарының да Ақмола бекінісі үстіндегі қырышты садақпен атып арпалысуы осы себепті. Мен астаналық емеспін. Бірақ ел азаматы ретіндегі пікірім – осы. Өзіме Қараөткел деген көбірек ұнайды» деген пікірін оқыдық.
Ономастикалық комиссияның өзіне аудан атауына қатысты бірнеше ұсыныс келіп түскен. Соның ішінде Тәуелсіздік, Қорғалжын атаулары барын Т.Қышқашбаев мәслихаттың отырысында айтты. Бұл ұсыныстардың қатарында жоғарыда біз келтірген бірнеше нұсқа да бар деп ойлаймыз. Тиісті комиссия қоғамдық пікірді ескеріп, жүз ойланып, мың толғанып барып, көпшіліктің көңілінен шығатын, Астанаға лайық атауды таңдаса екен дейміз.
Көп жерде айтылып жүргендей, Астана, расымен, барлық жағынан ел өңірлеріне үлгі болуы тиіс. Кейбір экономикалық көрсеткіштерден көш басында келе жатқаны да анық. Мәселен, елордада өткен жылдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 608 млрд теңгені құрады. Былтыр қалада 2 млн 360 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 20 мың 781 пәтер салынды. Бұл – елдегі ең үздік көрсеткіш. Мұны қала әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошунның жақында өткен есептік кездесуінде естідік.
Кешегі Целиноград-Ақмоланы қазіргі Астанамен салыстыра алмаймыз. Алайда қалада кеңес заманынан қалған атаулар әлі де біраз кездеседі. Жиырма жыл ішінде олар неге өзгермей келе жатқанына таңымыз бар. Промышленный, Кирпичный, Комсомольский, Силикатный, Железнодорожный, Пригородный, Мичурино, Интернациональный болып жалғасып кете беретін сондай атаулар, біздіңше, әбден ескірген. Мысалы, келмеске кеткен комсомолды, түбімізге жете жаздаған интернационалды әлі дәріптеп келе жатқандаймыз. Ономастикалық комиссия осыған да назар аударуы тиіс.
Бірнеше жыл бұрын қалада ономастикалық жұмыс жақсы жүргенін айтуға тиістіміз. Мысалы, 2008 жылы бір мезгілде қаланың 300-ден астам көшесі қазақыланды. Елбасының пәрменінен кейін «Синема-сити», «Сити-маркет», «Еуропа-палас» сынды нысандардың атау­лары «Самұрық», «Қазына», «Ақсұңқар» болып өзгертілді. Астананың биылғы 20 жылдық мерейтойы кезінде кеңестік заманнан хабар беретін тұрғын алаптардың атаулары қазақыланса деген тілегіміз бар. Бұл мерейтойлық жылда елім, жерім дейтін халыққа жасалған жақсы сыйлық болып, Вячеславка, Осакаровка, Денисовка, Волга-Дон, Бородулиха, т.б. ескірген атаулардан құтылмай келе жатқан ел өңірлеріне үлгі болар еді. Ашығын айтуымыз керек, былтыр Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданы Біржан сал болып өзгергенде қатты риза болдық. Енді Астанадан да осындай игі қадамды күтеміз.
Ұсыныстарға келсек, жуырда «Астана ақшамы» газетінің 1999 жылғы тігіндісін ақтаруымызға тура келді. Сонда ономастикаға байланысты жарияланған бір пікір еріксіз назарымызды аударды. Интернациональный тұрғын алабына кіретін Учхоз ауылының (мұның да аты өзгеруі тиіс – А.Қ.) тұрғындары атынан Сайлаубек Жанболатұлы дейтін зейнеткер ауылға Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтың атын беруді ұсынды. Оқырман «Осы Учхоздан 10-15 шақырымда бұрын Майбалық деген ауыл болған. Міне, осы ауылда қазақтың біртуар ұлы Талғат Бигелдинов дүниеге келген» деген уәж айтқан.
Кезінде бұл ұсыныс ескерусіз қалған секілді. Оның үстіне, ол уақытта Талғат батырдың көзі тірі еді. Біздіңше, ауыл түгіл, Интернациональный тұрғын алабының тақиясына Талғат Бигелдиновтың аты тар келмейді. Қорыта айтқанда, кеңестік атау­лардан құтылатын кез келді. Соны жылдамдату керек.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды