Кеңес заманында мешіт ашқан

0 338

Қазіргі күнгі теолог-ғалымдардың зерттеулерін оқи отырып, кеңес кезінде құлағымызға құйып тастаған қазақтың түгел дерлік «сауатсыздығы» туралы сұрқия тұжырымның қаншалықты қиянат болғанына енді көз жеткізудеміз. Тіпті оның шегеленіп қалғаны соншалықты, тың деректерге күмәнмен қарамасақ та, оның ауқымын елестету де санамызға салмақ болғандай.

Жаңа зерттеулерге қарасақ, ­­«…қа­зақтарда әрбір 10000 адамға бір ме­шіттен келетінін» ­тарихшы-ғалым А.Махаеваның да қазақтарда «отар болудың қарсаңында Түркістанда 20 мешіт, Шымкентте 16 мешіт, 8 медресе, Сайрамда 15 мешіт, 10 медресе, Қарамұртта 6 мешіт, 3 медресе болса, Әулиеатада ХХ ғасыр басында 21 мешіт болғандығы» жайындағы мәліметі сол кезеңдегі қазақтың діни тыныс-тіршілік ахуалын тануға мүмкіндік береді.
1925 жылға дейін Қазақстанда діни жандану шыңына жеткен. Сол кезде қазақтардың 90 пайыздан астамы діни сауатты еді деген дерек қызылдардың қызыл сөзін мүлдем жоққа шығарады.
Алайда жетпіс жыл жасаған құдайсыздар заманы дегенін істеді. Халық ағартушыларын қудалап, мешіт-медреселерді жермен-жексен етті. Әйтсе де, осыншама зор ілімнің қайнарынан сусындағандардың қуғын-сүргіннен аманы болды ма, әлде осыншама өркениет түгелдей жойылып кетті ме деген ой жадымда жүретін. Осыдан біраз жыл бұрын астаналық мешіттердің бірінің бас имамы Яхия қажы Исмаиловпен кездес­кенімде, «Ташкентте діни оқу бітіріп келген бетімде жолдамамен Жезқазған қаласындағы мешітке қызметке кірдім. Мешітті ашқан әрі алғашқы имамы Мұхамедия ақсақалдың дүниеден өткеніне бес жылдай болған екен. Ол кісінің отбасына барып, атамыздан қалған көп кітаптарды оқып, имамның үлкен ілім иесі болғанын білдім» деді.
Сөз арасында Мұхамедия Байменовтің құдайсыздардың дәуірлеп тұрған заманында Кеңес Одағының кедергілерінен аттап өтіп, Жезқазғанда тұңғыш рет мешіт ашқанын әңгімелеп берді. Есімі ел аузында жүрген тұлғаның әкесінің ерлікке балауға болатын тағдырына біздің қызығушылығымыз осылай басталып еді.

Мешіт қалай ашылды?

– Әкем мешіт ашуға дайындық ісін 1976-77 жылдары бастады. Кейін қарасам, шіркеу ашу үшін тек республика деңгейінде рұқсат алып аша береді екен. Ал ислам орталығын ашу үшін Мәскеудің, Орталық Комитеттің рұқсаты қажет болған. Бұл дегеніміз бүкіл облыстың, қаланың коммунистік партия ұйымының идеологиясына нұқcан келтіретін қара таңба, үлкен кемшілік болып саналған.
Осы оқиғадан отыз жыл өткенде жекжатымыз, облыстың идеология саласын басқарған Сағындық Сү­йінұлы: «Әкең хатын алып келеді облыстан бізге «29 күн қарайсыңдар, отызыншы күні бір үтір, нүктесінен қате тауып қайтарасыңдар» деген жоғарыдан пәрмен келеді. Сөйтіп бір жарым жылда 15-16 рет қайтарған болармыз» деп еді. Оған әкей ашуланбай, шамданбай, ертесіне қатесін түзетіп тағы алып келеді ғой. Ақыры не істерін білмей, Қауіпсіздік комитетіне тапсыр­ма беріп, бұған қарсы шығатын адам табыңдар деп әкеме қарсы әрекет ұйымдастырған-ды, – деп Әлихан Мұхамедияұлы еске алады. «Менің есімде қалғаны, арадағы хат-қағаздардың бәрі әпкем Зейнураның қолымен жазылатын. Жазуы жақсы еді. Алайда әкейдің сауатты әрі табанды әрекетіне қарсы тұруға өкіметтің қауқары қалмайды. Ол үшін сол уақыттағы заң бойынша 100 адамды мұсылман қауымы ретінде тіркеуі тиіс. Заң бойынша бірінші рұқсатты қалалық атқару комитетінде береді. Одан облыс­тағы дін істері жөніндегі уәкіл, одан облыстағы атқару комитеті шешімі шығады екен. Одан кейін Қазақстан дін істері уәкілінің рұқсатын алып, Ташкенттегі мүфтияттың оң шешімінен соң КСРО дін істері уәкілінің соңғы кесімі керек. Оның шешімі шыққан соң Өзбекстандағы мүфтият мөр дайындап, рұқсат береді. Оған тағы төрт жылы кетті.
Мешіт тіркелгеннен кейін жамағатымен бірге арнайы қор ашқызып, орталай жинаған қаражат жинап Дайрабай деген кісінің үйін сатып алып, әкем азан шақырып, жамағатын намазға ұйытты. Бұл – теңдесі жоқ оқиға. Кеңес дәуірінде барлық мешіттер жабылып болғанда, табаны күректей төрт жыл күресіп жүріп, қайраткерлігінің арқасында жаңа мешіт ашуға қол жеткізді».

Қарамолданың шәкірті

– Әрине, әкенің өнегесі мәңгіге қалады ғой. Оның тағдырына тағы бір айналып соққаным мына оқиғаға байланысты еді. 60-жылдары менен үлкен ағаларым Алматыға оқуға кеткенде, әкем марқұмның: «Қалтай деген ағаларың бар, реті келгенде, амандасып тұрыңдар. Әкесі мен оқыған медреседе сабақ берген» деп айтып отыратын. Араға біраз жыл салғанда «Ақжолтай Ағыбай» деп атап кеткен батыр бабамыздың 190 жылдығына орай Қарағанды облысы Шет ауданының Таятқаншұнақ деген жерінде үлкен ас берілетін болып, ұйымдастыру шараларының басы-қасында жүрген кезім. Тойдан кейін Қалтай Мұхамеджанов ағамызбен Жезқазған қаласына дейін бірге келіп, жол-жөнекей сұхбаттас болдым. Қалағаң ата-тегімді біліп, әкем жайлы мағлұматтарды қызыға сұрап: «Мұхамедия ағамыздың көзі тірісінде кездеспегеніміз-ай» деп өкініш білдірді. Әкеміз 1914 жылдардан бастап біраз жыл Қарнақ, Шорнақ және Ақтаста оқыған болса керек, сол тұстарда Қалағаңның әкесі «Қарамолда» аталып кеткен Мұхамеджан Нұрекеұлы (1988-1937) Жаңақорғандағы Айқожа ишанға салдырған Ақтас мешітінің бас имамы болғанын, шәкірттерге дәріс бергенінің шет жағасын білуші едім.
Әкейдің парсы, араб, шағатай тілдерін жақсы білетінін байқау үшін 1984 жылы Мәскеуден арнайы араб-парсы тілдеріндегі газеттерді ала келгенде, «Мені тексеріп отырсың ба?» деп күлген. Қарнақ, Ақтас медреселерінде және Бұхарада оқып келген әкей шариғат пен ғылымды араб тілінде, әдебиетті парсы тілінде, сопылық ілімді және жергілікті ғылымға байланысты еңбектерді шағатай тілінде оқыдық деп айтатын.
Былтыр Ұлттық кітапханаға әкейдің кітаптарынан біреуін алып тапсырдым. Ол былайша айтқанда осы өңірдегі биология сияқты оқулық екен. Әрбір жануар мен жәндіктің, өсімдіктердің сипаттамасы мен оларды қандай жағдайда ем ретінде пайдаланатыны, қандай қасиеті бары жазылған екен, – деп ойына алды асылдың сынығындай Әлихан ағамыз.
– Әкемнің 82 жасында қайтыс боларына дейін маңдайы сәждеде болды. Осы күнгі молдалардан бала кезімізден таныс «қырық парыз» деген сөздің мағынасын сұрасам, көбі хабарсыз. Кейбірі ондай жоқ дейді. Құранда жазылмағанмен, халыққа негізгі ислам қағидаларын жеткізуге бағытталған, рухани кемелденуіне, ұлттық дәстүрімен ұштастырған бұл ережелердің артығы жоқ еді. Айтпағым, парыздың бесеуі – исламда, жетеуі – имамда, он екісі намазда десе, қырқыншысы – ілімде, өмір бойы оқып үйрену деп көрсеткен. Адамгершілік, ізгілік, жауапкершілік, адалдық бастауларына құранмен ұштастырып, қарапайым адамға түсінікті ережелер жинағы деуге де болады. ХХ ғасырдың басындағы білім беру жүйесі, қандай пәндер оқытылғанын, олардың дәрежесі мен деңгейі толық зерттеліп, арнайы басылым етіп шығарылса, сонда ол ортаның Алаш қозғалысына, халықтың дүниетанымына қосқан үлесі мен сол кездегі қоғамдағы маңызына баға берілер еді.
Қазақ жеріндегі медреселерде дінтану, дүниетану, өзін тану біртұтас оқытылған. Түркіиман – шағатай тілінде Ясауи жолының әдебі оқытылуының сыры сонда. Математика, жағрапия, ботаника мен зоология, жұлдызнама дүние­тануға біріктірілсе, діндердің тарихы – «тарауих аднан» оқытылып, шәкірттерді жоғары деңгейде даярлаған екен. Мұны теолог-ғалымдар растап отыр. Осы жүйені жоққа шығару үшін «қараңғы болды» деген тезисті енгізді ғой. Ол қарағылықты араб қарпінен латынға ауыстырып «жылдамдатты». Сол тезисті ақтап алу үшін үйінен бір бет арабша жазылған қағаз табылғандар қуғындалды. Отбасымызда төрт сандық кітапты Білеуті жақтағы бір жерге көмуге мәжбүр болады.
Кеңестің кезінде мешіт ашып, көне мектептің ақырғы шәкірті ретінде адалдық танытып, құндылықтарымыздың соңғы шырақшысындай болған Мұхамедия (Баймұхамедұлы) Байменов жайлы қысқаша сыр осы еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 20 =