Кең жүректі Кеңес

0 226

Қарағандының Ақтоғай өңірі өнер майталмандарына кенде емес. Қасиетті ұядан түлеп ұшқан таланттардың бірі – театр және кино актерi Кеңес Нұрланов. Қалың көрермен актерді «Батыр Баян» фильміндегі батыр Ноянның рөлінде таниды. Кеңес ағаның отты көзі, сымбатты болмысы, жалындаған қалмақ қызына деген ыстық маxаббаты, қазақтың кең даласындай асқақ руxы кинода керемет сомдалған. Кеңес Нұрлановтың қазақ театры және кино өнеріне сіңірген еңбегі мен рөлдерін сағаттап айтуға болады…

Сөз құдіреті жетпей жүр

Театрға барған сайын бірде тасып, бірде іштей жасып шығасың. Ал көбіне театрдан үлкен буынның өнерін аңсап шығасың. Шыны керек, елордада театрлар көптеп ашылып жатыр. Бірақ бәрі де кілең жастардан құралған. Өнерге енді ғана қадам басып жүрген жас буынды қолдаған дұрыс та шығар. Бірақ кезінде жай отындай жарқылдаған, небір «мен атайын, сен тұр» дейтін мықтылардың жасы 50-ден асқан соң сахнаның бір бұрышында еленбей қалатыны жаныңа батады. Өнердің сүрлеу жолынан өтіп, кемелденген шағында бір рөл аңсап жүргендері де қаншама. Осындайда «Еуропаның театрларындағыдай неге тек үлкендерден қойылым қоймасқа, басты рөлдерге еңбегі сіңген актерлерді неге тартпасқа?» деген ой туады. Осы орайда Қ.Қуанышбаев театрына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Нұрлановты іздеп барып, кино мен театрдағы бүгінгі мәселелер жайлы сөйлескен едік.
– Қазір көбінесе режиссерлер өздерінің қолтаңбасын қалдыру үшін «режиссерлік форма» іздейтін болды. Актердің ішкі әлеміне көп үңілмейді. Сыртқы эффектілер мен жылтырақтарға үйір болып кеткен сияқты. Менің ойымша, сахнада әртістің жан дүниесі жалаңаштанып көрермендерге көріну керек. Сонда ғана көрермендер актердің өнеріне тәнті болады. Қазір осы үрдіс азайып кетті. Мысалы, мәскеулік театрларда көрермен бір әртістің ойынын көруге келеді. Ал бізде мұндай жоқ. Әртістің рөліне көп көңіл бөлініп жүрген жоқ. Жалпы қо­йылым бар, режиссерлік қолтаңба бар, ал қойылымда жан тебірентерліктей адамның ішкі толғанысы көрінбейді. Көрермен әртістен шыққан көз жасты көру үшін келмейді, сол жасты шығарған сөзді есту үшін келеді. Бізге қазір сөз құдіреті де жетпей жатыр. Әлде жазылған сөздерді әртістер дұрыс жеткізе алмай жүрген де шығар. Жақсы қойылымның шығуына драматургтің де, режиссердің де, әртістің де үлесі бар. Театрда мәселе көп, – деп сөзін бастады Кеңес Нұрланов.

Өнер жолы – қысқа жол

– Біз де басында театрға қорқып келдік. Үрке қарап жүрдік. Алғашқы қадамдарымызда әртүрлі шалалықтар да болды. Көбінесе эмоциямен ойнайсың. Кейіпкердің жан дүниесіне мән берудің орнына сыртқы әрекеттерін ойнау басым болады. «Ең үлкен шеберлік – ойнамау» дейді. Біздің үлкен кемшілігіміз сол да шығар, біз көрермендерге ойнауды әбден меңгеріп алдық. Ал өмір сүру – бөлек дүние. Сондықтан да бастапқыға қарағанда қазір көп ойланып, басқаша қарай бастадық. Театрда өкінішім жоқ. Бір актердің аңсайтындай рөлдерін ойнадым. Ал кино жағынан өкінішім көп. Кинода әлі де маған лайықты рөлдер болмай жатыр. Шақырулар болмай жатыр. Өмір болса өтіп бара жатыр. Өнер жолындағы актердің өмірі тіпті қысқа, – дейді актер.
Кеңес ағаның айтуынша, актер деген – бәріне тәуелді халық. Актерді өсіретін де, өшіретін де режиссер. «Біздің бүкіл тағдырымыз режиссердің қолында. Ол сенің мүмкіншілігіңді қалай қалыпқа жеткізіп, өнеріңді қалай пайдалана алады, соған байланысты. Не түрлі дүлдүл актерлердің арасында өз өнерін жұртшылыққа паш ете алмай кеткендері де көп. Кезінде бәріміз де Гамлетті армандағанбыз. «Құласаң нардан құла» дегендей, Гамлеттен құласаң да өкініш жоқ. Ол – жалын ұстатпайтын биік рөл. Гамлетті ойнайтын жастан да өттік. Алпысқа келдік. Ал ойнаған рөлдерімді алалағым келмейді. Бұрын Қозы Көрпеш сынды батырлардың рөлін, ол образға қарама-қайшы Қодардың рөлін ойнадым. Екеуін де жақсы көремін. Қарагөздегі Нарша – менің бір ауызға іліккен үлкен рөлдердің бірі» дейді актер.

Кино бизнеске айналып кетті

Осыдан 10 жыл бұрын оңтүстік астанамызда жүрген актерді Қ.Қуанышбаев театры аттай қалап астанаға алдырған еді. Одан бері де мәдени ортада талай өзгеріс болды. Былтыр театр жаңа ғимаратқа көшті. «Келген кезде көшеден Қ.Қуанышбаев театры қайда деп сұрағанда ешкім білмейтін. Содан бері де он жыл уақыт өтті. Астанамыз гүлденіп, рухани да өсіп, өнердің ошағына айналуда. Театр мәдениетін қалыптастыратын – халық. Халық болған жерде мәдениет болады. Біз соған қызмет ете білуіміз керек» дейді актер.
Кеңес Нұрлановтың айтуынша, тарихи кинолардан үлкен туынды жасау үшін қомақты қаражат керек. Шетелде тарихи фильмдер түсіруге миллиондап ақша бөледі. Сосын жақсы дүние шығуы үшін мықты режиссер керек. Ең үлкен мәселе қаражатта да емес, режиссердің мықтылығында. «Кезінде Абдолла Қарсақбаев, Шәкен Айманов ағаларымыз Қыз Жібектің өзін шамалы қаражатпен түсірген. Қандай еңбек еді! Бізде тарихи фильмдер жасалып жатса да, сапалысы аз. Түсірілген киноларды көрермен екі қайталап көре алмайды. Ал Қыз Жібекті қанша көрсең де жалықпайсың. Менің алаңдайтыным – қазіргі түсіріліп жатқан сериалдардың көптігі мен сапасыздығы. Қазір сериал көре алмаймын да, көрмеймін де. Қазақ тарихын түсіретін режиссер ең бірінші өзі қазақтың тарихын жақсы білуі керек. Қазақы ортадан шыққан, қазақтың тілін, ділін, дінін, дәстүрін сезінетін режиссер болса. Қазіргі сериалдарда орыс мінезді режиссерлер көп. Өзіміз де қаншама сериалдарға түсіп жүрміз ғой. Байқайтыным, сол жерде актер қате сөйлеп жатқан жоқ па, образды дұрыс аша алды ма, режиссер оған бас ауыртпайды. Себебі өзі қазақша түсінбейді. Халықтың қазақ сериалдарын қабылдай алмай, түріктермен, кәрістермен салыстыратыны да сондықтан. Өйткені экранда жалған, орысша араластырып сөйлеу киноның деңгейіне қатты әсер етеді. Голливудта кинолар тек бір тілде түсіріледі. Себебі ол – рухани саф өнер. Ал бізде кино бизнеске айналып, тілдің қадірін кетіруде. Ауылдағы ке­йіпкерлерді қазақша сөйлетіп кемсітеді. Аралас тілде түсірілетін киноларды заң бойынша бұғаттамаса – кеткені кеткен. Көбі сценарийді орысша жазып, қазақша аударады екен. Сондықтан да қазақ тілінде түсірілсін деген талап болу керек. Кино түсіру кезінде тіл мамандары, редакторлар міндетті түрде қоса жүру керек. Сериалдарда актер еместер көп. Режиссерлер кейіпкерлерді даладан алып түсіре беретін болды. Өйткені олар ақша сұрамайды. Ақшаға ортақтаспасын деп үлкен актерлерді шақырмайды» деді актер.
Кеңес Нұрланов – өнерде ғана емес, өмірде де үлкен жүректің иесі. «Болдым, толдым» демейді. «Әлі де рөлдер болса ойнар едім» деп отыр. Актермен әңгімелесіп отырып, көзінен сахнаға деген үлкен сағынышын байқадық. «Мақсатым – осы өмірге адам болып келдім бе, актер болып жұмыс істеп жүрмін бе, адам болып, актер болып дүниеден өту. Басқа ешқандай мақсатым жоқ. Педагогтық қызметке баруға әрекет те жасап көрдім, бірақ жолым болмады. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді», екі жаққа алаңдамайын деп педагогикаға бармадым. Тәжірибеміз жетеді. Режиссер болуға да ішіңде көп дүние толып жатыр. Кейде режиссермен ойымыз сәйкес келмей көп дауласамыз. Қазір ойына келгендердің бәрі режиссер болып жатыр. Режиссура үлкен жауапкершілік қой. Олай қорлағым да келмейді. Кино да түсіргім келеді. Арман көп. Соңынан қуып келе жатырмыз. Кейін артымызда «жақсы актер еді» деген жылы сөздер қалса қуанамыз. Алдағыны уақыт көрсетеді» деп сөзін қорытындылады кейіпкеріміз.
Келер жылы белгілі актер алпыстың асуына шығады. Ал қалың көрермен мерейлі сәтте Кеңес Нұрлановты сахнадан көруді асыға күтеді.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + fifteen =