«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

КЕҢ КӨШЕГЕ ТӘШЕНОВ АТЫН БЕРСЕ…

0 269

gggf

ХХ ғасырдың екінші жартысында, қазақ елінің басына күн туған қиын-қыстау кезеңде Жұмабек Тәшенов өзін өзгелерден ерекше ірі істермен, көрегендігімен таныта білді. Ол қазақ даласының әр сүйем жері үшін озбыр күштерге қарсы аяусыз күресті. Ол еліне қамқор, жеріне қорған болған М.Шоқай, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, Ә.Ермеков сияқты қазақ қайраткерлерінің жолын  жалғастырды.

Қазақстан  жерінің аумағын тарылта беру мақсатымен Н.Хру­щев өзінің найза бойламайтын зымияндық отарлау саясатын жос­парлы түрде жүргізді.

Ол Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты біріктіріп, «Тың  өлкесін» құрды. Бір-екі жыл өткен соң КПСС ОК пленумында Н.Хрущев Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты Ресейге беру жөнінде ұсыныс жасады. «Тәшенов жолдас, Сіз бұған қалай қарайсыз?» дегенде, Жұмабек Ахметұлы орнынан тұрып: «Мен өзім Ақмолада туып өстім, ата-анамның, ата-бабамның жаны осы жерде жай тапқан. Енді осы жерді бізден алып, Ресейге бергелі отырсыздар. Мұнымен ешбір қазақ келіспейді. Ойланыңыздар, жолдас­тар! Мен осы мәселені кө­те­рудің өзіне жан-тәніммен қарсымын!»  деп, үзілді-кесілді қарсы шықты. Сыртқа шыққан соң Д.Қонаев Жұмабекке: «Жүрек жұтқан батыр­сың-ау, жүрегің арыстанның жүрегі-ау, тегі» депті.

Осылайша жалпы көлемі 600 мың шақырымды, яғни, ел аума­ғының бестен бір бөлігін құрайтын, республиканың тауарлық асты­ғының 89 пайызын өндіретін Тың өлкесі өзгенің иелігіне ке­тіп қалмай, Ж.Тәшеновтің қай­сарлығы мен қайраткерлігінің ар­қасында өзімізде қалды.

Жұмабек Ахметұлы бұрынғы КСР Министрлер Кеңесі төрағасы қызметінен босатылып, Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына төмендетілді. Бейнелеп айтқанда, билік оны облыста оқшаулап ұстап, әрбір қадамын бақылауға алды.

Ел мен жердің тұтас­тығына қауіп төнгенде ел басқарғандардың еш­­қай­­сысы Жұмабек Тәшенов сияқты қайрат көрсетіп, қара бас­тарын «құрбандыққа» шала алмады. Сондықтан да Жұмабек Ахметұлының есімі, халқы үшін жасаған ерлігі халық жадында мәң­гі сақталуға тиіс.

Астана қаласында Тәшеновке берілген  көше бар. Соны көрген сайын «Неге бейбіт күнде ерлік көр­сетіп, ел намысын, жер тұтас­тығын озбырлықтан қорғай білген қайраткер атын үлкен кө­ше­лердің біріне бермеске?» деген ой мазалайды бізді. Биыл ол кісінің туғанына 100 жыл толады, осыған орай салынып жатқан шағын аудандар мен тұр­ғын алаптардағы ұзын, кең көшеге, сондай-ақ сол маңдағы мек­тепке Жұмекең атын берсе деген тілегіміз бар.

 

Астана қаласы Тельман кентінің ардагерлері мен зейнеткерлері атынан:

Байбол Нәкенұлы, Тұрсын Шөкібаев, Кәрім Мусин, Ерғали Боранбаев, Алпысбай Қазиев, Әмен Қаңтарбаев және тағы басқалар

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды