«Кең дүние, құшағыңды аш, мен келемін…»!

0 563

Әр адам үшін перзент сүю – зор бақыт. Ал қазақ үшін дүниеге ұрпақ келгеннен артық қуаныш жоқ. Біз сәбилер дүниеге келетін мекеменің жұмысын көрмек болып Тәуелсіздік даңғылы, 3/1 мекенжайындағы Нұр-Сұлтан қалалық №2 перинаталдық орталыққа келдік.Бәрі қабылдау бөлімшесінен басталады

Бізді №2 перинаталдық орталық бас дәрігерінің орынбасары Шұғылажан Есімбаева қарсы алды, дереу арнайы халат пен бахил берілді. Фотограф екеу­міз халатымызды киіп алдық, халатым өзіме үлкен болғасын мен пингвинге, ал Сұлтан осы тұрысында жаңадан келген хирург дәрігерге ұқсап қалды.
30 жылдық тәжірибесі бар, ал орынбасарлық қызметті атқарып жүргеніне алты жыл болған Шұғылажан Атыбарқызы «Қабылдау бөлмесінің» жұмысын жоспарлау мүмкін еместігін айтады. Күніне 50-60 адам қабылданады, мысалы, 16 қаңтардағы таңғы 8-дегі есеп бойынша орталықта 169 адам жатыр, оның 102-сі – нәрестелер, 52 адам қабылдауға келген, оның 30-ы жатқызылып, қалғаны күндізгі стационарға немесе дәрігер қабылдауына жолданған.

Эх, токсикоз…

Қабылдау бөлмесінде абыр-сабыр. Бір дәрігер екіқабат әйелді жатқызып, кардиотокография аппаратымен іштегі баланың жүрек соғысын тексеріп жатты. Бұл жерде УДЗ аппараты да тұр. Басқа үш келіншек дәрігер қабылдауында отырды. Оның бірі «Жедел жәрдеммен» келген. Үшінші рет түсіп жатқан екіқабат әйелге Шұғылажан Атыбарқызы кеңес беріп жатты: «Сіз емге арқа сүйемеңіз, өйткені сізге берілетін ем-шара, дәрі-дәрмек жағдайыңызды жақсартқанымен, іштегі балаға зиян болуы мүмкін.Босанарда бір-ақ келетіндер жетерлік

Сағынай Ұзақова – осы перинаталдық орталықта 2002 жылдан бері жұмыс істейді, қабылдау-диагностикалық бөлімінің бөлім меңгерушісі.
– Жүкті әйел бала тууды жоспарламас бұрын толық тексеруден өткені жөн. Қазіргі кезде әйелдердің денсаулығы өте төмен. Мүлдем тіркеуде тұрмай босануға бір-ақ келетін әйелдер де бар. Олардан да көмегімізді аямаймыз, бұл – біздің міндетіміз. Тіркелмей, тексерістен өтпей, соңына дейін жүруі әлеуметтік жағдайдан деп ойлаймын, жаңа қалаға күнкөріспен келіп жатқан жас отбасылар қай жерге барып тіркеліп, паналайтынын білмейді, босанарда бір-ақ жатады, ондайда толық түрде тексерісті осы қабылдау бөлімінде өткіземіз. Дені сау болып, ойдағыдай босанып жатса қуанамыз, бірақ мерзімінен бұрын өте ауыр жағдайда түсетін әйелдер де болады. Сондықтан халыққа айтарым – жүкті әйелдерге қамқоршы болса екен.
– Кесар тілігін жасататын әйелдер көп пе?
– Нақты саны осындай деу қиын, кесар тілігі нақты көрсеткіш болғанда тағайындалады. Бұл әйелдердің денсаулығына байланысты абсолютті көрсеткіштері болса, консилиумның бас қосуы арқылы шешіледі. Сондай-ақ айта кететін жайт, қазіргі таңда жатыр тыртығы бар әйелдердің өзі тууына да мүмкіндік жасалады.

Мәліметтерге қарағанда, елордада күн сайын шамамен жүз шақты, жыл сайын 31 мыңнан астам бала дүниеге келеді екен. 2019 жылдың жарты жылында 16 мың әйел босанған.

Босану бөлімшесіндегі жағымды «ауа райы»

Ендігі бағыт – босану бөлімшесі (Әрбір бөлімге кірген кезде қолымызды арнайы сұйықтықпен зарарсыздандырып отырдық. Және аяққа киген бахилды да ауыстырып отыру керек. Бұл – ереже).
Мұнда кей бөлмелерден үлкен допты көрдік. Осы резина допта болашақ аналар секіреді. Фитбол толғақтың алғашқы кезеңінде ауырғанды басып, жамбасты босаңсытуға пайдасы бар екен.
Бахыт Түсіпбекова, босану бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер, 31 жылдан бері қызмет етіп келеді.
– Біздің бөлім туралы айтсам, жаңа өмір осы жерден басталады, маған сонысы ұнайды, әйелдердің аман-есен босанып, баласымен үйге шығып жатқанын көрген сайын толқып, қуаныш сезімде боламыз. Сол жетістікке жетуге үлесімізді қосамыз. Адамды дүниеге әкелу оңай емес. Әйел­дердің босануы бұрынғыдай емес, қиын, бұрынғылардай емес, ауырырақ босанады, соның бәріне біз жауаптымыз. Бір емес, екі өмірге жауап береміз, өте қиын жағдайлар болады, содан шығу үшін қолдан келгенді жасаймыз. Әйелдер қарқынды жансақтау бөлімшесіне түспесе, бәрі ойлағандай болса, сол – ең басты жетістігіміз.

Тағы бір атұстар келді!

Кеше мұнда 31 әйел босанған. Босану бөлімшесіндегі он палатаның бәрі қажетті жабдықтармен жабдықталған. Арай есімді жас ана сағат 10-да ұл тапты. Енесі босандыруға көмекші болыпты. Келінінің жаны аман қалып, немересі аман туғанына қуанған апайдың қуанышында шек жоқ. «Бәрі бір адамдай көмектесіп, балалар дәрігері болсын, медбикесі болсын, осы жерде жүгіріп жүріп көмектесті, келінім жеңіл босанды, көмекші ретінде қатыстым, перинаталдық орталықтың қабылдауы, жалпы жұмысына ризамын» дейді осымен екінші немересін өзі қарсы алып отырған әже. Партнер арқылы босану перзентханалардың ережесіне енгелі дәрігерлердің өзі бұл әдісті пайдасы бар дейді, біріншіден, жас ана өзін қауіпсіз сезінеді, екіншіден, сәби дүниеге келген сәтте туыстары өзінің микрофлорасымен бөліседі екен.
Жаңа туған сәбиге алғашқы ем-шараларды жасап болған акушерді сөзге тарттық. Гүлденсін Серікқызы 1987 жылдан бері жұмыс істейді. 33 жыл акушер болып келе жатқан адам күн сайын жаңа туған сәбилердің бейкүнә жүзін көріп, анасының қуанышын сезінгеннен бе, жүзінен мейірім лебі еседі екен. «Осы босану бөлімшесінің қызметі сондай болғаннан ба, энергиясы да ерекше» дейді өзі де. «Біз үшін ана мен баланың аман-есен қалғаны, сол қуанышты сезіну – бақыт. Біз мұны әр күн сайын сезінеміз десек те болады. Жұмысымды өте жақсы көремін» деп ағынан жарылды ол.
– 33 жыл ішінде қаншама ерекше оқиғаларға куә болған шығарсыз?
– Меніңше, барлық бала ерекше болып дүниеге келеді.

Ең бақытты бөлмелер

Бала күніне жетіп туса, ананың жағдайы қанағаттанарлық болса, олар осы бөлімде болады. Кеңес заманында ана мен баланы бір-бірінен бөліп, сәбилерді тек емізетін кезде әкелетін болған, бұл аналарға ойын жинақтап, тезірек жұмысқа оралуға мүмкіндік берген дейді бір деректер. Өйткені соғыстан кейінгі жылдары елде ер адамдар аз, барлық салада әйелдердің үлесі, еңбек күші керек болғандықтан, әйелдердің босанғаннан кейін тезірек жұмысына оралуы маңызды болған. Сәбилер жасқа толар-толмаста «яслиге» барған. Қазір әйел босанғаннан кейін өз баласына өзі күтім жасайды. Екеуі бірге болуы керек.Айналайын, ақ жол саған!

Перизат – егіз ханшайымды дүниеге әкелген жас ана. Медина-Мүслима есімді сәбилердің әкесі жағынан егіздер бар екен. Ханшайымдардың салмағы – 2600 гр. Ауыр дәрежелі анемиясы болғанына қарамастан жас ана өзі босанған. Біз бас сұққан палатадағы сәбилерді Шұғылажан Атыбарқызы айналып-толғанып жатты. Әдетте біз мұндай көріністі басқа ұлт өкілдерінен көретінбіз, әдетте қаракөздер қанша білікті маман болса да, эмоциясын білдіре бермейтінін білеміз. Әйелдерге «сәбиіңмен қауышқан сәттен «айналайын» деп айт, айналып-толған, бала оны сезеді, бәріміз баланы күтіп тұрғанымызды көрсетсек, ол бала соны сезініп, тез ширайды» деймін. Күнде «айналайынды» төгіп отыру керек, сондықтан өзім босандырғанда сәбилерге «Айналайын, сен жарық дүниеге келдің, ақ жол болсын саған!» деп ақ тілегімді арнап қарсы аламын» дейді Шұғылажан Атыбарқызы.

Неонатолог

Күнделікті дәрігерлік тексеру-қадағалау басталып, әйелдерді акушер-гинеколог, ал сәбилерді неонатолог қарап жатты. Неонатолог Дина Матаеваның осы саладағы жалпы жұмыс өтілі – 17 жыл. «100 баланы қарау кезінде шамамен 5-7 пайызында тыныс алу жолдарындағы бұзылуды байқаймыз, сол кезде нәрестелер бөлімшесімен бірігіп қараймыз. Босану кезінде неонатологтар күтіп тұрамыз, туған бойда бағалау жүргіземіз» дейді ол.

Жансақтау бөлімі – орталықтың жүрегі

Балалар жансақтау бөлімі осы перинаталдық орталықтың жүрегі десе болғандай. Мұнда 500 грамдық балалар жатыр, оларды жанын салып күтіп, емдеп, салмақ қостырып, өмірге бейімдеп, 1000-1500 грамға жеткенше мәпелейді. Бұл жерде, шын мәнінде, ерлік жасалады. Кеудесінде шығар-шықпас жаны ғана бар секілді кіп-кішкентай тіршілік иелерін көргенде бұл нәтиженің қаншама еңбекті қажет ететіндігіне көзіміз жеткендей. Бұл жерде кез келген адам жұмыс істей алмайды, аса мейірбан, сезімтал, шыдамды, жас сәбидің өмірі үшін жанын салатын адамдарға ғана орын бар. Өйткені шала туған сәбилер жылай да алмайды, дыбыс шығаруға әлі жетпейді, кейде демалуды да ұмытып кетеді. Ол баланың әлденеден қиналғанын не бірдеңе қажетсінгенін сезіну үшін асқан сезімталдық керек.
Алла Николаевна Демина – осы бөлімнің меңгерушісі ғана емес, өз жұмысына жанын салған қызметкер. Дәрігерлік қызмет оның әулетінде атадан балаға жалғасқан. Ата-анасы бая­ғы Целиноград болып тұрған кезде қалаға белгілі дәрігерлер болған. Әкеден балаға мұра болған мамандыққа ерекше жауапкершілікпен қарап, қылау жұқтырмай алып келе жатқан адам өз жұмысы туралы ықыласпен әңгімеледі. Бөлімді аралап көргенде әр дәрігердің әр балаға анасындай қарап, күтім жасап жатқанын көрдік.
Дәрігерлер сәбидің жағдайын бағалау кезінде гемодинамикасын, жалпы ахуалын назарда ұстайды. Аға медбике, байырғы қызметкер Айман Жапарованың айтуынша, мұндағы аппараттар – көпфункционалды құрал-жабдық. Жасанды желдету аппараты неонаталды режимге сәйкес 500 грамнан жоғары шала туған балалар да күтім жасауға лайықталып жасалған. Сәбилер жатқан инкубаторлар өзі ылғалдандырылады, температура, реактивті таразы (струйные весы), монитордың да функциялары, инвазивті емес қысым, температура өлшейтін реттегіштері бар.Шала демеңіз, түбі ширап шығатын бала деңіз!

Одан әрі нәрестелер патологиясы бөлімшесіне өттік. Жансақтау бөлімшесінен шыққан балалар осында болып әбден әлденіп, салмақ жинаған соң үйге шығарылады. Кірген бетте ұзын дәлізге ілінген фотосуреттерге көзіміз түсті. Бұл шала туып, осы жерден жетіліп, адам болып кеткен балалардың суреттері екен. Реанимациядан шыққан балалардың кейбіреуі жалпы палатада, ал әлі де әлсіздері қарқынды терапия палатасында тәулік бойы қарауда болады, ол бала анасының қасында бола алады деген жағдайға жеткенде әрі қарай да бақылауда болмақ. «Дәрігер өте кәсіби маман болуы мүмкін, бірақ кәсібилігінен бұрын жанын, мейірімін төксе ол тамаша жағдай, жақсы нәтижеге жеткізеді» деген Шұғылажан Атыбарқызы бізді шала туған балаларға күтім, яғни нәрестелер патологиясы бөлімшесінің 1-санатты неонатолог дәрігері Махаббат Бағитқызымен таныстырды. Ол өзі жас болса да, кішкентай науқастарға шын жүрегімен берілген адам екен.
Махаббат Абылқасымова, 1-санатты неонатолог дәрігер:
– Экстремалды жағдайдағы өте төмен салмақ массасымен туған балалардың салмағын қалыпқа жеткіземіз, ему рефлексін табуына күш саламыз, температуралы режим, кенгуру тәсілі қолданылады. Әр үш сағат сайын аналары баласын тамақтандыруға келеді. Жөргегін ауыстырып, температурасын өлшеп, зонт арқылы тамақтандыру тәсілдері үйретіледі. Кувезде анасының ішінде жатқандай сезінуге жағдай жасалған. Мұндағы жас қыздар таңертеңнен кешке дейін баланың қасынан ұзамайды.
Жас дәрігер 17 қараша шала туған балалар күнінде бұл бөлімде мереке болатынын айтты. «Біз өзіміздің еңбегіміздің жемісін көреміз. 600 грамм болып дүниеге келіп, 4-5 ай бойы өмір үшін күресіп, қатарға қосылып, кейін өз аяғымен осы бөлімшеге келген балаларды көргенде қандай сезімде болатынымызды айтып жеткізе алмаймын» деген оның көңілі толқып кетті. «Екі күн бұрын бір сәбиіміз үйге шығарылды, ол 540 грамм болып туған болатын, ал шығарда 2700 грамм салмақта болды, өзі емеді, сәбидің анасының қуанышын көрсеңіз!».
Біз қарқынды терапия палатасынан 26-27 аптасында дүниеге келген кішкентай балапанды көрдік. Нәресте 2019 жылы 26 қазанда 690 грамм болып туған. Тумай жатып жүрегіне және көзіне ота жасалған. Бүгінде оның салмағы 1506 грамға жеткен. Көзге әлі де тым кішкентай көрінгенімен, осы салмақ көрсеткішіне жеткенше қанша қиындық, қаншама уайым болды десеңші?! Бүгіннен бастап ол анасына беріледі. «Жылай ала ма, мына түрімен дыбыс та шығара алмайтын шығар» дедік сене алмай, «О не дегеніңіз, ол тіпті өзінің мінезін көрсете алады» дейді дәрігер қолындағы сәбиге сүйсіне қарап. Айтпақшы, орталықта шала туған сәбилерді қырқынан шығаратын дәстүрге ерекше мән береді екен. Біз бұған таңғалдық әрі сүйсіндік. Шынында да шала туып, әр грамды қосу үшін ұжым болып тер төккендіктен, сол «шалабайдың» қырқынан шығуы – зор қуаныш! Баланы қырқынан шығару дәстүріне қатысты барлық ырым-жоралғыны жасап, дәстүрді ұстанатын қазақылықты бұрын басқа орталықтан естімеппіз.«Шыр етіп жерге түскен минутымнан…»

Акушердің түнгі кезегіне кіріп, процесті бақылау – ерекше сәт. Әйелдер босанатын бөлімшедеміз. 4-қабатқа көтерілген сәтте толғақтан қиналған әйелдердің дауысы, бір сәтте шыр ете қалған сәби дауысынан құлақ тұнды, осы кезде Сұлтанмахмұт атамыздың «шыр етіп жерге түскен минутымнан» деген өлең жолы еріксіз ойға орала берді. Әр палатадан көмекке шақырғандар, әрі-бері сабылған дәрігерлер, бұл бөлімшенің өзіне тән ерекше өмірі қайнап жатты. Ер адам ғой, біртүрлі болып жүрмес пе екен деп ойлағам, бірақ фотограф сыр беретін емес. Ординатор кабинетінде дәрігерлердің кешкі асы әзірленіп тұрды, бірақ әлдеқашан суып қалған, астарын ішетін уақыт таппайтынын байқадық. Кейде бәрінің толғағы қатар келіп, о жер, бұ жерден шыр еткен сәбилердің дауысы да бір мезгілде шығып жатқандай, бір кезде сәл де болса тыншығандай болады. Сондай бір сәл тыншыған сәтте дәрігер, акушер-гинеколог Бибінұр Қасенованы сөзге тарттық. Бибінұр Құрбанәліқызы алғашқы жұмыс тәжірибесін Егіндікөл ауданында аудандық акушер болып бастаған, ал 2004 жылдан бері перинаталдық орталықта жұмыс істейді. Өзі – төрт баланың анасы. Ұжым мен басшылық оны өз ісінің білгірі, қолы жеңіл, мейі­рімді адам ретінде бағалайды. «Әйелдердің жеңіл босанып, жүздерінен қуаныш көруден асқан бақыт жоқ. Педиатрияны бітірерде кафедрада лор бөлімшесіне, онкология бөлімшесіне алып қалмақ болған, бірақ анам­ның өтінішімен акушерлікті таңдадым, күн сайын жаңа өмір басталатын жерде жүрудің өзгеше аурасы бар»… Осы кезде бір әйелге көмек керек болды да, әңгіме кілт үзіліп, ол тағы да жұмысына кірісті.
Босандыру бөлімшесінің күнделікті жұмысын тәптіштеп жазудың қажеті болмас, бір сөзбен айтқанда, бұл жерде жас өмірді қарсы алу үшін ерен еңбектер, тек әйелдердің ғана қолынан келетін ерліктер жасалып жатты. Жаңа ғана жаны көзіне көрініп, қорқынышты дауыс шығарып, қатты қиналған әйел байғұстың бір сағаттан соң жаны тынышталып, сәбиін бауырына алып, мамыражай күйде еркін тыныстап жатқанын көргенде өзің де қатты қуанады екенсің. Бөлімшеден әйелдің дауысы мен баланың іңгәсінен тұратын дуэт бір сәтке үзілмейді, біреуі тоқтаса, келесісі бастап ала жөнеледі.
Дәрігерлер тыным табар емес, біресе ана палатаға кіреді, біресе ота жасайтын жақта. Түнгі 10:35-те оныншы бала дүниеге келді. Тоғыз ана өзі босанды, тек біреуі ғана ота арқылы босанды. Бір ана терең тыныстап, бір сәби өзінің жарық дүниеге келгенін іңгәсімен жар салып әйгілейді, бірақ перзентханаға ғана тән әуен мен тірлік тоқтамайды. Жас аналар ерсілі-қарсылы жар жағалап бебеулеген күйі тыным табар емес, қай палатаға бас сұқсаң да сарнаған дауыс, бір кезде тыншыды-ау дегенде акушерді тағы да сөзге тарттық. «Осы 16 жылда ерекше оқиға болды ма?» дейміз. Бірде Бибінұр Құрбанәліқызының кезекшілігінде бір түнде алдымен егіздер, артынша үшем дүниеге келген. Бұл ерекше жағдай емес пе?! Бірнеше рет қатарынан босануға келген тұрақты босанушы аналар да бар. Партнерлер арасында да «баяғыда сізге босанып едім, енді келінімді әкелдім» деп танып жататындар бар болып шықты.

***

17 қаңтар күні Нұр-Сұлтан қалалық №2 перинаталдық орталықта тәулікте 28 әйел босанды, 6 операция жасалды. Біз бірнеше сағат ішінде осы орталықтағы дәрігерлер еңбегін, ана мен бала өмірін аман алып қалу жолындағы тынымсыз тірлігін өз көзімізбен көріп қайттық. Түн ішінде орталықтан шығып, таксимен үйге қайтып келе жатқанда да құлағыма сәбилердің іңгәлаған дауысы келіп тұрды.

P.S: Құлағымызда жас сәбидің үні жаңғырған күйі… «Сіз ұл-қызыңызды тек ата-аналық қуаныш үшін дүниеге әкеліп, тәрбиелеп жатқан жоқсыз, сіздің отбасыңызда болашақ қайраткер, азамат, күрескер өсіп келеді» деген Макаренко сөзі ойға оралып, қай кезде де жаңа өмірдің жалғасын, осы ел үшін жаңа адамдарды, жаңа жұмыс күшін, жаңа салық төлеушілерді дүниеге әкеліп жатқан аналарға және ана мен бала үшін жаны ауырып, көмектесетін, өз кәсіптеріне адал дәрігерлерге мемлекеттен жеткілікті көңіл бөлінуі тиіс деп ойлап бара жаттық. Айтпақшы, бала босандыратын акушерлердің өз жасынан жасырақ көрінетінін байқағанымыз­ды айтайық. Былай қарасаң, екі адамның өміріне жауап беретін, моральдік ауыртпалығы бар қызмет, бірақ акушерлер неге жасырақ, сергек көрінеді деп ойладық. Оның себебі – пәк тіршілік иесін туғызудың энергетикасы бөлек, болмаса сәт са­йын қуанышты сезінуден болуы мүмкін-ау…
Біздің репортаж жасау туралы өтінішімізді қабыл алған №2 перинаталдық орталық ұжымына алғыс білдіреміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + nineteen =