«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кенесары хан – дипломат әрі күрескер

0 909

Орта жүз қазақтарының отаршылдыққа қарсы бағытталған бас көтерулері 1822 жылы «Сібір қырғыздары туралы жарғыдан» басталады. Осы күрес 1837 жылы жазда Абылай ханның немересі, Қасымның баласы Кенесары бастаған жаңа, қуатты бас көтеруге ұласты. Кенесары күресті екі майданда – патшалық Ресей мен Ортазиялық хандықтарға қарсы, әсіресе, қазақ халқының бір бөлігін құлдықта ұстап отырған Қоқанға қарсы жүргізді.

Қазақтардың ХVІІІ-ХІХ ғасыр­ларда болған басқа барлық көтерілістермен салыстырғанда, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрестің ерекшелігі, оған үш жүздің бұқара халқы түгел дерлік қатысты. Бұл күрес кең қанат жайып, бүкілхалықтық сипат алды.
Кенесары бастаған азаттық күресінің мақсаты – Абылай хан тұсындағы Қазақ хандығының территориялық тұтастығын қалпына келтіру, Ресейдің құрамына кірмеген қазақ жерлерінің тәуелсіздігін сақтап қалу болды. Кенесары Ресей отаршылдығына қарсы азаттық соғысты бастамас бұрын бірнеше дипломатиялық қадамдар жасады.
1837 жылдың көктемінде патша өкіметіне жаңа бекіністер жүйесін салудан бас тартып, салынған бекіністерді бұзуды, орыс әскерлерінің қазақ даласына ішкерілей енуін тоқтатуды талап етіп, бірнеше хат жолдаған болатын. Сол хаттарының бірінде: «Ата-бабаларымыз мұра еткен Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Орал, Торғайға дейінгі жерлер қазіргі патша тұсында бізден тартып алынып, ол жерлерде бекіністер салынып, сонысымен тұрғындарды өте қиын жағдайға ұшыратуда. Бұл тек біздің болашағымыз үшін ғана емес, сонымен бірге бүгінгі өмір сүруімізге де қауіпті» деп көрсетеді. Осы жазылған хаттардың көшірмесі Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатының 430-қорында сақтаулы. Оның ішінде: Сібір жолындағы казак жасақтарының қазақ (қырғыз) халқына қысым көрсеткені туралы Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасына Кенесары Қасымов сұлтанның жазған хаты және т.б.
Кенесарының бұл хаттары патша әкім­шілігі тарапынан жауапсыз қалды­рыл­ды. Одан кейін Кенесары 1837 жыл­дың күзіне қарай ашық күреске шығады. Петропавлдан оңтүстікке қарай бара жат­қан керуенді қорғаушы Ақтау бе­кі­нісінің казак отрядына шабуыл жасайды.
1838 жылы Кенесары әскері Ақтау мен Ақмола арасындағы шептерге шабуыл жасап, онда орналасқан Симоновтың отрядын талқандайды. 1838 жылдың күзінде Кенесары сарбаздары патша үкіметінің жазалаушы әскерлерімен бірнеше дүркін қарулы қақтығысқа түсті. Солардың ішінде айрықша кескілескен шайқас мықты қамалдардың бірі саналатын Ақмола бекінісі үшін болды. Оны аға сұлтан полковник Қоңырқұлжа Құдаймендиннің жасағы мен старшина Карбышев басқаратын жақсы қаруланған гарнизон қорғайтын. Кенесарының әскері бекіністі өртеп, жаудың біраз әскерлерін тұтқындап, қару-жарақтарын олжалады. Осы туралы мәліметтер (Кенесары Қасымовтың Қорғалжынға жасаған жорығы туралы баянхат, Кенесары Қасымов сұлтан басқарған қазақ (қырғыз) көтерілісінің қозғалысын бақылау ісі және т.б.) мұрағат қорында бар.
1838 жылдың аяғына қарай Кенесары Орынбор әскери губернаторлығына қарасты ЬІрғыз бен Торғай жаққа көшеді. Ол кездегі Орынбордың генерал-губернаторы граф В.А.Перовский алғашқы кезеңде көтерілісшілермен ара-қатынасты бейбіт жолмен шешуге тырысқан еді. Арадағы келіссөздер барысында В.А.Перовский Кенесарыға көмектесетін болады. Жылдың аяғында Кенесары мен В.А.Перовский арасында уақытша бітім жасауға қол жетеді. Ол бітім бойынша, Кенесары бастаған көтерілісшілер шекара шебіне шабуыл жасамауға уәде береді. Бұл тыныштық 1842 жылға дейін созылды. Бірақ, уақытша тыныштық орнаған тұста Батыс Сібір генерал-губернаторлығының әскери отрядтарымен қарулы қақты­ғыстар тоқталған жоқ болатын.
В.А.Перовский 1841 жылдың қыркүйек айында қазақтың үш жүзінің атынан жиналған ықпалды билер мен сұлтандар Кенесары Қасымұлын ата салт бойынша ақ киізге салып көтеріп, бүкіл қазақ халқына билігі жүретін хан етіп сайлады. Осылайша, Қазақ хандығы қайта құрылып, қазақ мемлекеттілігі қайтадан қалпына келтірілді. Ресей империясының билігі орныққан Ертіс, Есіл, Орал шептерінің бойындағы аудандардан басқа Қазақстанның барлық жерлеріне Кенесары ханның билігі жүрді. Мемлекеттік құрылыс қайта ұйымдастырылды. Хан кеңесі құрылып, оған батырлар, билер, сұлтандар, сондай-ақ, жеке ерлік көрсеткендер, дипломатиялық қабілеттері бар ақылды саясаткерлер мен сенімді жақтастары кірді. Дипломатиялық қызмет ұйым­дастырылды. Хан жарлықтары мен Хан кеңесінің шешімдерін таратып, түсіндіріп және орындалуын талап етіп отыратын арнайы басқарма құрылды. Салық жүйесіне өзгерістер енгізілді. Әскери мәселеде, Хан кеңесінің мүшелері мен атақты батырлар басқаратын қатаң әскери тәртіптегі мыңдықтар және жүздіктерге бөлінген, далалық соғыс жағдайына ыңғайлы жасақтар ұйымдастырылды.
Кенесары Орынбор губернаторымен уақытша келісімге келгеннен кейін, 1841-1842 жылдары Қоқан хандығының қол астындағы қазақ жерлерін азат ету үшін күрес жүргізеді. Бұл күрестің нәтижесінде Созақ, Сауран, Ақмешіт, Жаңақорған қалалары қоқандықтардан азат етіліп, Түркістан қаласы қоршауға алынады. Осыдан кейін Қоқан хандығы Кенесарымен келіссөз жүргізуге мәжбүр болды. Қоқан­дықтарды талқандауда Сырдария бойындағы Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған қазақтардың Кенесарыға қолдау көрсетіп, шайқастарға белсенді қатысуы үлкен рөл атқарды.
1842 жылы Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский Петербургке қызметке шақырылып, оның орнына Орынборға генерал-губернатор болып Обручев тағайындалады. Обручевтің Перовскийге қарағанда, Кенесарымен арадағы мәселені шешуде көзқарасы басқаша болды. Осындай жағдайды пайдаланған Сібір губернаторы Горчаков осы жылы Кенесарының ауылын шабуға Сотниковтың басқаруымен отряд жібереді. Нәтижесінде, Орынбор әкімшілігімен жасалған бітім Горчаковтың тарапынан бұзылды. Бұл туралы мәлімет (Кенесары Қасымов сұлтан басқарған қазақ (қырғыз) көтерілісінің қозғалысын бақылау туралы істе, Кенесары Қасымовпен оның балаларына қарсы Шу және Сарысу көлдері маңындағы Ақтау бекінісіне жорыққа шыққаны туралы Сібір корпусының командирі Горчаковқа Қарқаралы приказчигі Шушерин мен жүзбасы Ребровтың баянхатында) көрсетілген.
1843 жылдың 27 маусымында патша І Николай Кенесары Қасымұлы бастаған күресті басу үшін қазақ даласына ірі көлемдегі әскери жорық ұйымдастыру туралы бұйрық шығарды, сонымен қатар Кенесары ханның басын кесіп әкелген адамға 3000 сом сыйлық тағайындады.
1843 жылдың көктемінде патша әкімшілігі қазақ даласына үш отрядты бірдей жіберуді ұйғарды. Ол отрядтарға Ор бекінісінен, Ұлытаудан және Тобыл өзені бойынан бір уақытта аттанып, Кенесары ханның жасақтарын жан-жақтан қоршауға алып, шешуші соққы беру арқылы талқандау қатаң тапсырылды. Оған қоса, Батыс Сібір генерал-губернаторлығынан старшина Лебедевтің және қазақ сұлтандары А.Жантөрин мен Б.Айшуақовтың басшылығымен құрамында қазақтардан 2000-дай адамы бар қосымша отрядтар жасақталды. Кенесары ханның әскеріне қарсы соғыс операциясын басқару генерал-майор Жемчужниковке жүктеледі. Бұл ақпарат (Кенесары Қасымовты іздестіру және жазалау туралы Орынбор өлкелік Бас әскери штабтың №1184 ісінде) мұрағат құжаттарында көрсетілген.
Ол кезде Кенесарының 20 мыңдай әскері бар еді. Кенесары хан пат­шаның жазалаушы отрядтарын бір-біріне қосылуына мүмкіндік бермей, жеке-жеке соққы беруді ойластырды. Ол өз жасақтарының бір бөлігін Батыс Сібірден шыққан отрядқа қарсы жіберді де, олар Ұлытауға қарай шегіне шайқас жүргізіп, жазалаушы отрядты басқа жаққа қарай бұрып әкетеді. Ал кейіннен Кенесарыға қарсы шайқаста көрсеткен дәрменсіздігі үшін Лебедев Орынборға шақыртылып, қызметінен босатылып, сотқа тартылады. Кенесары болса, бұл кезде өзінің негізгі күшімен Константиновск бекінісіне шабуыл жасап, 1844 жылы Өлкеаяқ өзенінің бойында Ахмет Жантөриннің отрядын қоршауға алып талқандайды.
1846 жылдың басында Кенесары хан әскерлерімен Балқаш көлінің маңына қоныс аударады. Патша үкіметі қазақ даласындағы Кенесары бастаған көтерілісті біржола жою үшін енді генерал-майор Вишневскийдің басқаруымен үлкен отряд аттандырады. Осы туралы жазылған баян хаттың көшірмесі мұрағаттың қо­рында бар. (Сібір корпусының ко­мандирі князь Горчаковқа Сібір қазақ (қырғыз) шекарасының бастығы Вишняковскийдің Кенесары Қасымов сұлтанмен шайқасып қалғаны туралы жіберген баянхаты және т.б.)
1846 жылы Кенесары хан қоқандық­тардан Әулиеата (Тараз), Мерке қала­ларын қайтарады. Осы жылы Кенесарыға қолдау көрсетуші Ұлы жүздің Саурық батыры қырғыздардың батыры Жа­ман­қораны өлтіреді. Оған жауап ре­тінде қырғыздар Саурық батырдың ауылын шауып, Саурық батырды жігіттерімен қоса өлтіріп, мал-мүлкін тонап кетеді. Бұдан кейін қазақ-қырғыз арақатынастары шиеленісе түсті. Патша өкіметі болса қазақ-қырғыз тартысына ашық кіріспей, Алатау өлкесін өз билігіне бағындыруды жеңілдету үшін туысқан екі халықты бір-біріне айдап салып, екі жақты да әлсіретіп барып, осы өңірге өз әскерін кіргізудің қолайлы жолдарын қарастырды. Осындай шиеленіскен жағдайлардың барысында 1847 жылы Кенесары хан 10 мың сарбазымен қырғыз жеріне басып кіріп, оларды Қоқан езгісіне қарсы қазақтармен бірігіп күресуге шақырады. Кенесары ханның соңғы шайқасы қырғыздардың Кекілік-Сеңгір деген жерінде болады. Қырғыз манаптары мен Вишняковскийдің отряды және Қоқан хандығының әскерлері «Алмалы сай» шатқалында Кенесарының сарбаздарын үш жақтан қоршауға алады.
Таулы аймақ хан Кененің сарбаздарына басымдық көрсетуге мүмкіндік бермеді. Сонымен қатар, Рүстем сұлтан мен Сыпатай батыр бастаған жасақтардың ұрыс алаңынан кенеттен шегініп, кетіп қалуы да жағ­дайды қиындатқан болатын. Өздерінен бірнеше есе күші көп жаумен болған қаһармандық шайқаста Кенесары хан 32 қазақ сұлтанымен бірге тұтқынға түседі. Наурызбай батыр қаза табады. Қырғыздардың қолына тұтқынға түсіп қалған Кенесары хан патша чиновниктерінің алдауына түсіп, сыйлықтар алған қырғыз манаптарының тарапынан өлтірілді. Кенесары хан­ның қасіретті өлімінен кейін оның жетекшілігімен болған қасиетті азаттық күресі де жеңіліске ұшырады.
Кенесары бастаған азаттық кү­ресті кейін оның баласы Сыздық сұл­­тан жалғастырды. Кене ханның отар­шылдыққа қарсы күресінде Ағыбай, Ақғаш, Басығара, Жанайдар, Жәуке, Иман, Байсейіт, Сұраншы, Жоламан және т.б. батырлар қолдау көрсетіп, аянбай шайқас жүргізді.
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрес жеңіліс тапқанымен, ол қазақ халқының тарихында мәң­гі­лік өшпес із қалдырған, Қазақ мем­ле­­кеттілігін қайта жаңғыртуға бағыт­талған, тарихи маңызы зор күрес болды.
Бақыт БАЛТАБАЕВА,
Астана қаласы Мемлекеттік мұрағаты құжаттарды жариялау және пайдалану бөлімінің басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды