Кемеңгерге арналатын кеш

0 21

Алдағы 6 сәуірде «Астана Операның» үлкен залы сахнасында италиялық маэстро Джузеппе Акуавиваның авторлық концерті – «Пуччини-гала» кеші өтеді. Онда өнер ордасының жұлдызды құрамы: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері сопрано Салтанат Ахметова, Жұпар Ғабдуллина, Бибігүл Жанұзақ, тенор Медет Шотабаев, Жан Тапин, Мейір Байнеш, баритон Талғат Мұсабаев және дирижер Джузеппе Акуавиваның жетекшілігімен «Астана Опера» симфониялық оркестрі өнер көрсетеді.

«Пуччини-гала» бағдарламасында тыңдармандар ұлы италия­лық композитор Дж.Пуччинидің шығармалары – «Виллисалар» операсынан «Мыстандар биі» мен L’abbandono, «Қарлығаш» операсынан «Дореттаның керемет арманы» дуэті мен Бриндизи көрінісі (квартет), «Анжелика әпке» операсындағы ариямен танысады. Бұдан бөлек, әртістер Дж.Пуччинидің баршаға танымал әрі сүйікті шығармалары – «Манон Леско» операсынан Лесконың Donna non vidi mai ариясы, «Мадам Баттер­фляй» операсынан ария, «Джанни Скикки» операсынан Скиккидің ариясы және т.б. ұсынады.
Музыкалық кешке «Астана Опера» хоры қатысады, театрдың бас хормейстері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.
Дж.Пуччини музыкасының көрнекті білгірі – танымал италиялық дирижер, концерттің бастамашысы Джузеппе Акуавива жұртшылыққа арнап көптеген тосынсый даярлады.
– «Астана Опера» әртістерімен көптен бері жұмыс істеймін, олармен бірлесе музыкалық қызметті жүзеге асыру маған зор қуаныш сыйлайды. Пуччини – автор, оның шығармашылығын ұзақ әрі мұқият зерделедім. Біріншіден, Италияда «Пуччини фестивалімен» 10 жыл ынтымақтас болдым. Екіншіден, оның шығармашылығына жеке зерттеу жүргіздім. Ол шығармалары дүние жүзінде анағұрлым көп ұсынылған композиторлардың бірі болып табылады. Пуччини – өз заманының кемеңгері, ғасырға жуық уақыт өтсе де, солай болып қала бермек, – деді маэстро Джузеппе Акуавива.
Джакомо Пуччинидің барлық шығармашылығы италиялық опера өнерінің жоғарғы жетістігі болып саналады. Оның опералары әуен байлығымен, оркестрлік бояулар мен акустикалық әсерлердің ойынымен таңғалдырады, ең бастысы, Пуччини туындыларының музыкалық тілі стильдің бұқарашылдығымен, айқындылығымен ерекшеленеді. Бұған «Пуччини-гала» концертіне келген тыңдармандар көз жеткізеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 4 =