КЕМЕҢГЕРДІҢ БІР ХАТЫ

0 117

Бір ғажабы, бұл хат жазыл­ғаннан кейінгі жарты ғасыр бойы Қазақстаннан тыс жерде сақталған. Тек 1977 жылы, яғни, Әуезовтің туғанына 80 жыл толуы қарсаңында бұл хаттың түпнұсқасын Латвия КСР-нің бір ғалымы жазушының Алматыдағы мұражай үйіне мәңгілік сақтауға жіберіпті.

Біздің алдымызда заманымыздың ұлы суреткері Мұхтар Әуезовтің бұдан 80 жыл бұрын еліне жазған бір хатының көшірмесі жатыр. Ұясын қорғаған қарлығаштай, та­лант иесінің елі үшін, туған жері үшін жүрекжарды тілегі бұл хатында қалтқысыз көрініс тапқан. Тегінде, әр жазушы алдымен елімен, халқымен іргелі десек, Әуезов шығармашылығы да жаңарған қазақ елімен біртұтас дүние. Әуезовпен бірге өсіп, біте қайнасқан адамдардың жазып қалдырған естеліктеріне қарағанда, ол өзінің әдеби қызметін қоғамдық жұмыстармен шебер шендестіре білген. Жазушыны сонау жастық кезінен өте жетік білетін Құлатай Ақбердиннің естелігіне қарағанда, ол бұрынғы Шыңғыс болысында тұтынушылар кооперациясын ұйымдастыруға барынша күш жұмсаған екен. Ал, 1921-1922 жылдарда жауапты қызмет атқарған кезінде болашақ жазушы бүгінгі Абай ауданына қарасты Байқошқар өңіріне кент салып, елді отырықшыландыруға мұрындық болғанын Әуезовтің артында қалған хаттары баяндайды. Мұның бәрі, сайып келгенде, жазушының мұратты, мүдделі болған мәселелерінің ауқымдылығының кендігін, халқының кетігіне кірпіш, жыртығына жамау болуға ерте әзірленгенін дәлелдесе керек.

Біз әңгімелегелі отырған мұра – мұхиттай Мұхтардың бұдан 80 жыл бұрын жазған хаты. Оның толық мәтіні төмендегідей:

«Қадірлі Ике, Жұмжұма, То­қар, Құлке, Өміртай, Бұғыш, Қамза, Абайке, Сәдуақас, Бендебай ағайлар! Мына кісілер Ленинградтағы білім ордасынан қазақ өкілдерінің сұрауы бойынша қазақ даласындағы қазақ малының тұқымын айырып, түрін сынап, бітім сүйегін өлшеуге шыққан маман-білгіштер. Бұлардың істері ғылым жолымен қазақ шаруасына пайда тигізуге ғана арналады. Одан басқа алым-салыққа септік тигіземіз деп, сол ниетпен жүрген кісілер емес. Сондықтан, әрбір тәуір малдардың түрлерін ел жасырмай, толық көрсетуді тілейді. Мүмкін болғанша елдің сенімді көзбен қарап, істеріне шама келгенше көмектесуін қатты қалайды. Сондықтан мені тобықты баласы болған соң, елдің сөз ұғатын, жөн білетін кісілеріне хат жазып, біздің жайымызды ұғындырып бер деген соң осыны жазып отырмын. Көмектеріңізді аямассыздар деп сенемін.

Хат жазушы-інілеріңіз Мұхтар Әуезов».

Бір ғажабы, бұл хат жазыл­ғаннан кейінгі жарты ғасыр бойы Қазақстаннан тыс жерде сақталған. Тек 1977 жылы, яғни, Әуезовтің туғанына 80 жыл толуы қарсаңында бұл хаттың түпнұсқасын Латвия КСР-нің бір ғалымы жазушының Алматыдағы мұражай үйіне мәңгілік сақтауға жіберіпті.

Хаттың жазылу себебі де назар аударарлықтай, XX ғасырдың алғашқы ширегінен бастап КСРО Ғылым Академиясының өндіргіш күштер жөніндегі тұрақты комиссиясы Қазақстанның сол кездегі шығыс аймақтарында кешенді зерт­теулер жүргізе бастаған. Осы комиссияның құрамында жергілікті үй жануарларының тұқымын зерттеуге арналған шағын мамандар тобы жұмыс істеген. Бұл жұмысты кезінде Ленинград университетінің профессоры, Ресейде генетикалық ілім мектебінің негізін салушылардың бірі – биология ғылымдарының докторы марқұм Юрий Александрович Филипченко басқарған екен.

Міне, жоғарыдағы аталған комис­сияның сол шағын тобы 1927 жылы көктемде Семей губерниясында өзінің кезекті зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін сол жаққа аттанса керек. Мақаламызға өзек болып отырған хатты Ленинград университетінде оқып жүрген студент Мұхтар Әуезов Ю.Филипченконың өтініші бойынша жазып берсе керек. Бұл сапарға Ю.Филипченконың өзі бармаса да, Әуезовтің хатын ол экспедиция мүшесі, үміт күттіретін шәкірттерінің бірі Ян Янович Лусис деген жас ғалымның қолына ұстатқан. 1923 жылы Петроград университетінің биология факультетін үздік біті­ріп, сонда ғылыми жұмысқа қалды­рылған. Я.Лусистің ұлты латыш екен.

Жазушы хатының өз мұражайына келіп түскеніне де бірталай жылдар өтіпті. Хатқа дұрыс иелік жасап, оны мұражайға жолдаған кезде абзал ғалым Я.Лусис 80 жаста екен, Латвия мемлекеттік университетінде өз мамандығы бойынша оқытушылық қызметін жалғастырып жүрсе керек. Осы мақала иесі бұдан жиырма жылдай бұрынғы бір іссапарында жазушының Алматыдағы мұра­жайында сақтаулы жатқан сол хатымен кездейсоқ танысып, оның көшірмесін алған соң Латвия КСР-нің Ғылым Академиясы мен Латвия мемлекеттік университетіне ресми мұрағаттық сұраулар жолдаған еді. Ондағы ойы егер Я.Лусис тірі болса, ол өзі жөнінде, Мұхаңның хаты қақында азды-көпті деректер жолдар деген үміт еді. Иә, көп ұзамай жергілікті мұрағатқа беделі мен лауазымы үлкен бұл екі мекемеден де жауаптар келді. Алғашқысының жауабында Я.Лусис кезінде осы ғылым ордасына корреспондент-мүше болып сайланғанын, алайда, оның 1979 жылы тамызда дүние салғанын, туыстарының бұл күнде тек жалғыз қызы Валентина Лусистің барлығы, оның КСРО Ғылым Академиясына қарасты Балық зерттеу институтында қызмет істейтіндігі хабарландырылды. Ал, Я.Лусистің ең соңғы қызмет орны – Латвия Мемлекеттік университетінің биология факультеті сауалымызға орай, Я.Лусис «Өмірі мен ғылыми қызметі» атты монографиялық кітапты жолдапты.

Шындығында, бұл кітаптың әр беті 82 жыл өмір кешіп, оның 60 жылын ғылымға бағыштаған адамның өнегелі өмір шежіресі екен. Сондай шежіренің бірі – жас ғалым Я.Лусистің 1926-1927 жылдары қазақ жеріне ғылыми-экспедициялық қызметтен сапар шегуі болса керек. Кітапта «1926 жылғы Жетісу экспедициясы», «1927 жылғы Семей экспе­дициясы» атты шағын-шағын тақырыпшалы материалдар басылып, олардың зерттеу жүргізген жерлері, маршрут карталары, сол кезде қазақ жерінде түсірілген суреттерге де орын беріліпті. Жоғарыдағы М.Әуезов хатының жазылу себебі осы кітаптың «1927 жылғы Семей экспедициясы» атты материалында былайша баяндалды:

«Экспедиция өткен жылғы (1926 жыл-Ғ.З.) бастан кешкен қиыншылықтарын ескере отырып, Я.Лусис сол кездегі Ленинград университетінің студенті М.Әуезовтің жерлестері мен туыстарына жазып берген хатына сүйенеді. Сол хаттың көмегі арқасында малдың алуан түрлерін зерттеу көп қолайсыздықтан құтқарды». Осы материалдарда баяндалғандай, Ленинград ғалымдары Семей қаласына 1927 жылдың 1 мамырында келіп жеткен. Осыған қарап Мұхтардың жерлестеріне жылы, айы мен күні көрсетілмей жазып берген хатының жазылу мерзімін болжауға болатындай. Демек, сол кездегі сапар шегі мен жол жүру қиындығын ескерсек, хат бізше 1927 жылдың сәуір айының басында жазылғанға саятындай.

Құрамында алты адамы бар экс­пе­диция Семейге келген соң екі шағын топқа бөлінген. Бір тобы Тарбағатай, Алтай жағын, екінші тобы Шыңғыс, Шұбартау, Қарқаралы бөктерлерін аралауға аттанған. Екінші топты Я.Лусис басқарған. Сөйтіп, бұл экспедиция Семей губерниясының жерлерінде үш ай бойы үй жануар­ларының түрлері мен тектерін зерттеген. Араб әрпімен жазылған хатқа көз жүгіртіп, оқытып алған ел адамдары экспедиция мүшелеріне шын пейілдерімен, ықыластана малдарын көрсетіп, тексерткен. Алдарына ас қойып, ауылдар арасында жол көрсетіп, көлікпен қамтамасыз еткен. Барынша мол, пайдалы материалдар жинаған экспедиция 1927 жылдың 6 тамызында Семейге оралып, одан әрі Ленинградқа қайтып кеткен.

Осы сапар материалдары сұрып­талып, соның негізінде бір жылдан кейін, яғни, 1928 жылы КСРО Ғылым Академиясы «Семей губерниясының үй жануарлары» («Домашние животные Семипалатинской губернии», Ленинград, Издат. АН СССР) атты көлемді екі жаршы (вестник) жинақ шығарған. Бірінші жаршы жинақ ірі қараға арналса, екінші жинақта қой, ешкі туралы сөз болады. Әр жинақтың кіріспесінде қазақ халқына тән мал бағудың өзіндік әдіс-тәсілдері, көктеу, күзеу, жайлау, қыстау сияқты көші-қон жайының халықтық ұғымдарына түсіндірме берілген. Экспедициялық зерттеудің мақсат мүдделері мен міндеттері, жергілікті мал тұқымдарын асылдандыру мүмкіндіктеріне байланысты мәнді мәселелерді баяндаған. Сайып келгенде, бұл еңбектерді жариялатуда, бір жүйеге келтіре баяндауда негізгі басшылық Я.Лусистің қолында болып, тікелей соның араласуымен шыққан.

Ғұлама ғалымның соңғы 30 жыл­дық өмірі өзінің туған елі Латвияда өткен, Латвия КСР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Латвия ССР-нің ғылымына еңбек сіңірген қайраткері, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, Латвия мемлекеттік университетінің биология факультетіндегі зоология және генетика кафедрасының профессоры міне, Я.Лусистің ғылым әлеміндегі кеңістігі осындай екен.

Айтпақшы, Я.Лусистің кеңестік Қазақстанмен байланысы тек М.Әуе­зовтің жазып берген бір хатымен, оның қазақ еліне келуі екі сапармен ғана шектелмесе керек. Бақсақ, ол бүгінде республикамыздың оң­түстік далаларында өсіріліп келе жатқан арқар-меринос қойын дербес тұқым ретінде шығарушыларға генетик ғалым қақында ақыл-кеңес берушілердің бірі екен. Осы бағытта Қазақ ССР Ғылым Акаде­миясы эксперименттік биология институтының Құрметі базасында денесі шымыр, сирағы ұзын, сүйегі мықты, таулы жердің жағдайына көнбіс, етті, биязы жүнді қой тұқымын шығару жөніндегі Қазақстан ғалымдары мен шопандарының еңбектерін бағалап, бағыт беру мақсатымен ол 1935-1949 жылдар арасында Алматыға талай рет ат басын тіресе керек. Сөйтіп, ол осы қойды жаңа дербес тұқым ретінде 1949 жылғы мемлекеттік қабылдау комиссиясы мүшелерінің бірі болған.

Ал, 1927 жылғы Семей сапары­ның алдында дүниеге келген Я.Лусистің қызы Валентина Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында жүздеген Ленинград балаларымен Көкшетау облысының Бурабай аймағына жеткізіліп, сонда оқытылып, тәрбиеленген екен.
Ұлы суреткер М.Әуезовтің бір хаты қақындағы баянды ойларымызды түйіп айтсақ, жазушының отызыншы жылдардың басында-ақ қаламынан туған «Білекке білек», «Құм мен асқар» әңгімелерінің мал шаруашылығы мәселелеріне арналғандығы тегін болмаса керек. Кезінде Мұхаң сценарийі бойынша түсірілген «Райхан» көркем фильмі қазақ жылқысының тұқымын жақсарту мәселесін көтерсе, ал «Өскен өркен» атты ең соңғы романында бүгінгі таңда малды көнерген тәсілмен бағу жайы сынға алынғаны мәлім. Ендеше, мазмұны мен жазылу себебі баяндалған бұл хат сонымен бірге жазушы қиялынан, шығармашылық ізденістерінен әр кез, әр алуан орын алып келген мал шаруашылығы тақырыптарының түп төркіні тым тереңде жатқанын, оны сонау жас кезінде-ақ қатты толғандырғанын танып-білуге көмек­теседі.

Ғабит ЗҰЛХАРОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − six =