Кемеңгер көшбасшы

0 167

Тәуелсіздіктің таңы атып, ел болып егіліп, жұрт болып жұбанып, халық болып қуанған сәтіміз бүгінгі таңда түстей болып көрінеді. Шынын айтсақ, сол кезеңде әлем атты алып теңізге түскен Қазақстан атты кеменің бір ескегінде қуаныш, екінші ескегіне қиындық байланғандай еді. Қуанышымыз – тәуелсіз ел болғанымыз, дербес мемлекет атанғанымыз. Ал қиындығымыз – құлдыраған экономика, әлеуметтің әлсіреген жағдайы болатын. Алайда қазақ жұрты үшін еркіндік пен азаттық қуанышы бәрінен биік бақыт еді. Бұл кезең сол кезде уығын енді тігіп жатқан жас мемлекеттің халқы үшін де, елді басқарушылар үшін де орасан сынақ болғаны сөзсіз. Алайда осындай ауыр кезеңнен Қазақ елі біртіндеп аяғына тұрды.
Уақыт бәріне сыншы демекші, биыл, міне, Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлағалы отырмыз. Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен қазіргі кезеңнің айырмасы жер мен көктей. Бұл отыз жыл қазақ елі үшін алтын ғасырға бергісіз жылдар десек, қателеспейміз.Әлем қауымдастығына дербес мемлекет болып қосылған елдің қатарынан қалмай дамуы, әлеммен ықпалдасуы бірінші кезекте сол мемлекеттің тізгінін ұстаған көшбасшыға байланысты болатыны ақиқат. Бұл ретте республика жұртшылығы өз таңдауын дұрыс жасай білді деуге негіз бар.
1991 жылдың 1 желтоқсан күні елдің тілегімен, халықтың қолдауымен Нұрсұлтан Назарбаев егемен еліміздің тұңғыш президенті болып сайланды. Осы күннен бастап тәуелсіз мемлекетті басқару міндетін мойнына алған Елбасының саяси көрегенділігі, қиындыққа қарсы тұратын табандылығы таныла бастады.
Осындай өзінің тағдыры мен елінің тағдыры тоғысқан сындарлы кезеңде Нұрсұлтан ­Назарбаев: «Мен халқымның тәуекеліне сендім. Өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған осындай текті халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының пешенісіне бұйырмаған бақытты – тәуелсіз мемлекет құрудың бақытын бұйыртқан халыққа қыз­мет етуден артық бақыт жоқ, осы жолда мен бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын…» деп жүрекжарды сөзін айтқан болатын. Міне, содан бері Елбасы халқына сеніп, ел-жұртына арқа сүйеп келеді. Халқы да Тұңғыш Президентіне деген сенімділігін жоғалтпай, оның бастаған баянды істерін қолдап жүр.
Стратегиялық тұрғыдан алсақ, саяси көрегенділігімен ерекшеленетін Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы тұсында алдымен ел шекарасын шегендеуді қолға алды. Көрші орналасқан Қытай мен Ресей сынды алып державалармен, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстан секілді бұрыннан бауырлас, тәуелсіздігін енді қолға алған жас мемлекеттермен шекара сызығын анықтап, бекітіп алу оңайға соқпағаны ақиқат еді. Бұл ретте Н.Назарбаев елдің аумақтық тұтастығын сақтау үшін мемлекеттік шекараны халықаралық құқықтық нормаларға сай бекітіп, заңды түрде рәсімдеуге келгенде жанкештілікпен жұмыс жүргізді. Сол жанқиярлық жұмыстың нәтижесінде елімізде мемлекеттік шекараны қорғаудың жаңа технологиялары енгізіліп, шетелдіктердің кіріп-шығуын бақылайтын біртұтас ақпараттық жүйе қауіпсіздігін, Қазақстан Республикасының шекаралары мен мемлекеттік егемендігінің сақталуын қамтамасыз ететін берік платформа құрылды.
Жас мемлекетімізде кезек күттірмейтін өзекті проблеманың тағы бірі – Семей полигонының зардабы болатын. Міне, осы мәселені де Елбасы бірден қолға алды. Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық қару арсеналына ие болғанымен, Н.Назарбаев ұлт қауіпсіздігін алға шығарып, адамзатқа ажал әкелетін Семей полигонын жабуға тәуекел етті. Әлемнің алпауыт елдері басшыларымен, ірі халықаралық ұйымдармен тегеурінді жұмыс жүргізіп, соның нәтижесінде 1993 жылдың 13 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі ядролық қаруды таратпау жөніндегі Келісімді ратификация­лады. Ал 1994 жылы Қазақстан МАГАТЭ мүшелігіне қабылданып, кепілдіктер туралы келісімге қол қойылды. БҰҰ Семей полигонының жабылған күнін, яғни 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» деп жарияланды. Н.Назарбаевтың осы бағыттағы жұмыстары Вашингтон саммитінде бағаланып, Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр. Ядролық қауіпсіздік» манифесін БҰҰ бүгінгі таңда өзінің негізгі құжатына айналдырып отыр.
Нұрсұлтан Әбішұлының ұтымды да ұтқыр басшылығымен ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік бағдарламалар қарқынды жүзеге асырылып, Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы беделі мен мәртебесі күн санап, жыл санап асқақтай түсті. Соның тағы бір айқын айғағы Қазақстанның ЕҚЫҰ ұйымына төраға болып саммит өткізгені болды. Қазақстан беделі жағынан Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі орында тұрған Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымындағы төрағалық миссиясын абыроймен атқарып шықты. Қазақстан Еуропадағы 56 мемлекеттің атынан төрелік айтып, қауіп-қатерлерге толы 21-ғасырдағы өңірлік және әлемдік деңгейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне айрықша әсер етті. Астанада өткен бұл саммит берекесі шашырап бара жатқан ұйымның жұмысына тың серпін берді. Қазақстан төраға ретінде ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің сенімін толықтай ақтады. Мәселен, ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қазақстан 2010 жылдың сәуірінде Қырғызстанда болған саяси жағдайды реттеу ісіне айрықша үлес қосты. Қазақстанның қабылдаған шараларының арқасында қырғыз елінде азаматтық соғысқа жол берілмеді, нәтижесінде ол елде құқықтық алаңда жұмыс істейтін билік жүйесі қалыптасты. Сонымен қатар әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы батыл да өміршең ұсыныстар айтылып, шешім жолдары айқындалды. Осылайша Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп қана қоймай, Астана саммитін өткізу арқылы әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бағыт-бағдарын айқындады. Осы ел мерейін өсірген, Қазақстанның бейбітшілікке дәнекер ел екенін көрсеткен саммиттің басты ұйыт­қысы Нұрсұлтан Назарбаев болғанын алқалы жиынға қатысқан шетелдік қатысушылардың жылы пікірлерінен аңғардық.
Қазақстан Азия тобы мемлекеттерінің атынан 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл да елдік абыройымызды биікке көтергені мәлім.
Елдің дамуына, мерейінің өсуіне мәдениет пен спорттың да маңызды орын алатынын ерекше ескере білетін Елбасы Қазақстанның ірі халықаралық жарыстар өткізуге қабілетті екенін алға тартып, VII қысқы Азия ойындарын немесе Алматы мен астанада өткізу бас­тамасын көтерді. Сөйтіп, алып құрлықтың үздік атлеттері спорттың 11 түрінен жарысқа түсті. Бұл жарыстарды көруге 100 мыңға жуық турист келді. Қазақстан құрамасы командалық есепте тұңғыш рет бірінші орыннан көрінді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір қыры – бейбітшілдігі. Елбасы мемлекетті басқаруды бастаған күннен бастап елдегі бірлік пен келісімге, ұлтаралық және конфессиялық татулыққа ерекше мән берді және сол ұстанымынан ешқашан айнымай келеді. Сонымен қатар жер-жаһандағы бейбітшілікке де аса мән беретін көшбасшы ретінде де танымал тұлға екенін дәлелдеп келеді. Соның айшықты айғағы – қазақ елінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайын өткізуді дәстүрге айналдырғанын айтуға болады. Қазақстан бүгінде төрткүл дүниеге бейбітшілік пен татулықтың мекені ретінде таныла түсті. Көптеген халықаралық беделді ұйымдар Қазақстанда түрлі саяси, мәдени және спорттық шаралар ұйымдастыруға мүдделілік танытып, қазақстандық даму модульдерін өз тірліктеріне жарата бастады. Бұл ретте, әсіресе, ұлтаралық татулық пен азаматтық келісім бағытындағы Қазақстан жетістіктері өнеге ретінде бағаланып отыр.
Елбасы бір сұхбатында «Қазақстан секілді көпэтносты елдің қайталанбас тарихын, қалыптасу жолын, әлемдегі бірде-бір елге телуге, ұқсатуға болмайды. Бұл әншейін айтыла салған мақтангершілік сөз емес, шындық. Тамыры тереңде жатқан, екі түрлі ұлы құрлықтың мінезін тел еміп өскен жаңа тұрпатты жас мемлекеттің жанғанын өшіріп алмай, осы күнге аман жеткені үшін ата-бабаларымызға алғыс айтамыз. Сол аман жеткен елді, жерді жаңаша түрлендіріп, өз билігі өзіне тиген дербес мемлекет ретінде сақтай отырып, замана төрінен өз орнымызды алуға ұмтылу – сіз бен бізге сын. Менің ойымша, елге, Елбасыға жүктелер міндеттің ең ауыры мен қиыны – осы. Менің арқасүйерім – халықтың сенімі мен үміті» деп айтқаны Нұрсұлтан Назарбаевтың ел ішіндегі бірлік пен ынтымаққа айрықша көңіл қойғанын айғақтаса керек.
Астана төрінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өткені де Қазақстан еліне, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсетіліп отырған сенім және құрмет болғаны сөзсіз. Көрме жұмысына 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Елбасының бас­тамасымен айналдырған екі-үш жылда елордада ЭКСПО қалашығы бой көтерді. Зәулім ғимараттар мен павильондарды, қазақ халқының қонақжайлығын шетелдік қонақтар жоғары бағалағанын талай естідік. Осы шара арқылы қазақ елі, оның елордасы төрткүл дүниеге тағы да таныла түсіп, абыройы асқақтады.
Осындай елің үшін мақтанатын, жұртың үшін шаттанатын игі бастамалардың жүзеге асуы мемлекеттің тізгінін нық ұстаған Елбасымыздың саяси қайраткерлігі мен қажыр-қайратымен тікелей байланысты екені сөзсіз.
Тәуелсіздік жылдарында жүзеге асқан ең ауқымды жобаның бірегейі, әрине, жаңа елордамыз Астана болып отыр. Бұл, шынымен де, Елбасының саяси көрегенділігінің, нар тәуекелінің, қиындыққа қарсы тұра алатын қайсарлығының, мақсаткерлігі мен табандылығының жемісі. Сондықтан да жұртшылық «Елорда – Елбасының ерлігі» деп бағалайды.
Мемлекет басшысы Астана жайындағы өзінің бір сөзінде: «Жаңа астана тұрғызу идеясы менде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап пайда болған. Астаналарды көшіру кез келген мемлекеттің өмірінде әрдайым айрықша тарихи кезең болған. Жаңа астана салудың жарқын мысалы – АҚШ-тың бірінші президенті Джордж Вашингтонның нұсқауы бойынша жан баласы тұрмаған жерде салынған Вашингтон. Ресейде астана ауысуының екі ретінде де зор тарихи мәні бар еді. Біздің көршіміз Қытай өз тарихында астанасын алты рет көшірген. 1923 жылы Түркия астананы Ыстамбұлдан Анкараға көшірді.
Біздің жас тәуекел мемлекетіміздің түбегейлі мүдделері де астананы көшіруді талап етті» деп ағынан жарылып еді.
Иә, шынымен де мемлекеттің астанасын ауыстыру деген оңайға түсетін шаруа емес. Бұл тұтастай бір елдің тарихындағы орасан өзгеріс, саяси әрі әлеуметтік құбылыс десе де болады.
Бұл тарихи құбылыс қалай басталып еді… Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаев өзінің ойындағы мақсаты мен мұратын 1994 жылы 6 шілде күні сол кездегі Жоғарғы Кеңестің кезектен тыс жалпы отырысында жариялап жіберді. Әрине, бұл ұсыныс, бұл бастама алғашқыда көпшілік үшін күмәнді істей көрінген еді. Алайда Президенттің көрегенділігі мен табандылығы арқасында қос ғасырдың тоғысында қазақ елінің жаңа астанасы бой көтеретін болды. 1995 жылы 15 қыркүйекте «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» заң күші бар Жарлық шықты. Ал 1997 жылдың 10 желтоқсан күні Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы болып танылды.
1998 жылдың 6 мамыр күні Ақмола қаласының атауы Астана болып аталды. Осы жылдың жазында жас елорданың халықаралық деңгейдегі тұсаукесері өтті. Осылайша, ұлы дала төсінде Астана атты әсем қаланың жұлдызы жарқырап жанды.
Алып құрылыс алаңына айналған астана күн санап адам танымастай өзгеріп, тек қана елордалық тұрғындардың мақтанышына айналып қоймай, бүкіл Қазақстан халқының көзайым қуанышына айналды. Бірінен соң бірі бой түзеген ғажайып ғимараттар, жанға сая болатын саябақтар мен көздің көркін алатын көшелер мен көпірлер жас астанаға сән мен салтанат бере түсті.
Астана білім мен мәдениеттің де үлкен ордасына айналды. Жаңа заманның талабына қарай құрылған университеттер мен мектептер, өнер сарайлары мен концерт залдары, спорт кешендері халықаралық шаралардың ошағына айналып отыр. Қарап отырсақ, «Бәйтерек» монументі, «Ақорда» резиденциясы, Тәуелсіздік сарайы, «Хазірет Сұлтан» мешіті, «Астана Арена» стадионы, «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы және басқа да ғимараттар елордамыздың еңсесін көтеріп, қаланың сәулетімен қатар дәулетін де айшықтап тұрғандай.
Жақында астана тарихында елеулі оқиға аталып өтілді. Елорда халқының саны 1 000 000-ға жетті! Астана жастар қаласы деп те айтылады. Бұл – бүгінгі өмірдің шындығы. Астанаға арман қуып келіп жатқан жастардың қатары жыл санап көбейіп түсуде.
Иә, тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстан кемесі әлем мұхитында еркін әрі сенімді жүзіп келеді. Бүгінгі таңда Қазақстан мемлекеті жер-жаһандағы барлық елдермен терезесі тең қарым-қатынас жасап, бейбітшілік пен татулықтың бесігіне айналған ел ретінде танылып отыр. Олай болса, Елбасымыз айтқандай, баршамыз­дың күні-түні ойлайтынымыз қазақ елінің тәуелсіздігі болсын! Мемлекеттің мықты болуына, елдің мерейлі болуына өлшеусіз еңбек сіңіріп келе жатқан кемеңгер көшбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арманы мен мақсатына арқау болған азат жолымыз, бейбіт күніміз, берекелі өміріміз ұзағынан сүйіндіргей.
Тоқсан ауыз сөзімді түйіндеп айт­қанда, Тұңғыш Президент-­Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық кемеңгерлігін көрмеу, сезінбеу, бағаламау мүмкін емес.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − 1 =