Кемеліне келген, кемерін керген Елорда

0 140

Астана әкімі И.Тасмағамбетовтің Мемлекет басшысының қатысуымен өткен қаланы одан әрі дамыту жөніндегі жиналыста жасаған баяндамасы

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Бүгін Астананың даму барысы жайындағы дәстүрлі басқосуда жүздесіп отырмыз.
Уақыттың өзі дәлел – Сіздің тікелей басшылығыңызбен өтетін мұндай келелі кеңестердің елордамыздың бүгінін бүтіндеп, ертеңін айшықтаудағы маңызы қашанда зор.
Өткен кеңестен бергі аралықта атқарылған жұмыстың нәтижелері жаман емес. Ендеше, Өзіңізге осы жайында мәлім етіп, бар мәселенің түйінін тарқатып, талқылауға рұқсат етіңіз.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Елорданы одан әрі дамыту жөнінде дәстүрлі түрде Өзіңіз өткізетін жиын Астанаға сапа серпінін дарытып, тың мүмкіндіктерге жол ашатын ықпалды тетікке айналып отыр.
Бүгін кемеліне келіп, кемерін керген елорда өз дамуындағы маңызды кезеңдегі өткеруде, мұның өзі осынау жиналыстардағы Өзіңіз берген өзекті тапсырмаларды жүзеге асыруға ұдайы көңіл бөлуіңіздің арқасында мүмкін болып отыр.
Сондықтан, Астананың есепті көрсеткіштері мен ұзақ мерзімді даму мұраттарын сөз етпес бұрын, Сіздің тапсырмаларыңыздың орындалу барысының жалпы өлшемдері туралы баяндағым келеді.
Тұтастай алғанда, 2008 жылдан бері елорданы дамыту мәселелері бойынша 323 хаттамалық тапсырма бердіңіз. Олардың ішінде 243 тапсырма орындалды, 80-і жүзеге асырылуда, оның 38-і Үкіметпен бірге қолға алынуда. Олардың орындалу барысы баяндамада айтылатын болады.
Ең маңыздысы – осы кезеңде Өзіңіз алға қойған Астананы өзін-өзі қамти алатын кемел деңгейге біртіндеп жеткізу жөніндегі стратегиялық міндет жүзеге асты.
Бұған қала экономикасындағы елеулі жүйелік өзгерістер дәлел бола алады. Солардың ең негізгілеріне қысқаша тоқталайын.
Біріншіден, бүгін Астанада респуб­лика халқының 4,7%-ы ғана тұрады, жалпы ішкі өнімнің 9,4 %-ына дейін өндіріледі, мемлекет бюджеті кірісінің 12%-ы және елдің негізгі капиталына құйылатын бүкіл инвестицияның 9%-ы құралады.
Сонымен бірге, 2013 жыл ішінде қаланың ішкі өңірлік өнімінің көлемі 2,7 трлн теңгені құрап, сөйтіп, жан басына шаққандағы ІӨӨ көрсеткіші 23 мың АҚШ долларына жетті.
Екіншіден, тек 2013 жыл ішінде ғана қаланың өнеркәсіп өнімінің көлемі 6,7%-ға өсіп, 263,2 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар, 2007 жылға дейін өнеркәсіп өндірісінің өсімін негізінен құрылыс индустриясы кәсіпорындары қамтамасыз етсе, енді Индустриялық парк аумағындағы жобаларды жүзеге асыруға инвес­тиция тарту арқасында жоғары технологиялық өндірістің үлесі 55%-ға дейін артты. Ал, жаңа өндірістік қуаттар іске қосылатынын ескерер болсақ, бұл көрсеткіш 2015 жылға таман 60 %-дық межеге жетпекші.
Үшіншіден, қазіргі кезде елорданың экономикалық негізін шамамен жалпы өңірлік өнімнің 60%-ын алатын шағын және орта бизнес секторы құрайды. Тұтастай алғанда, қызмет көрсету саласында 316 мың адам немесе экономикалық тұрғыдан белсенді қала тұрғындарының 77%-ы жұмыс істейді, мұнда жыл сайын 75%-дан аса жаңа жұмыс орны ашылады.
Соның нәтижесінде, кірістердің жалпы құрылымында жеке табыстың едәуір өскендігі байқалады. Егер олар соңғы жылдар ішінде 25 %-ды құраса, 2013 жылы 45 %-ға дейін өскен. Сонымен бірге трансферттер мен кредиттердің үлесі кеми түскен.
Бұған қоса, мемлекеттік бюджетке құйылатын түсім жылына тұрақты түрде шамамен 20 %-ға ұлғаяды. Бес жыл ішінде түсім 2 есе өсіп, 2013 жылы 610 млрд теңгеден асты.
Сонымен қатар инвестициялардың жалпы ауқымындағы мемлекеттік қаражаттың үлесі азайды. Егер 1998 жылы бюджеттің үлесіне 62 % тисе, 2013 жылы ол 38 %-ға дейін азайды.
Осылайша келесі жылдан бастап республикалық бюджетке – 7,5 млрд теңге, ал 2016 жылы 17,3 млрд теңге көлеміндегі қаржы қаражатын алу басталады.
Яғни, Астана республикалық бюджет донорына айналған төрт өңір қатарына қосылады.
Қысқа шалым уақыт ішіндегі осы бір ғаламат экономикалық даму қарқыны – Сіздің жігерлі саяси шешіміңіздің жарқын көрінісі әрі оны жүзеге асырудың заңды нәтижесі.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Бүгіндері қаладағы белсенді шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 56 мыңнан асады, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға артық деген сөз.
Қазіргі шақта қалалық бюджетке түсетін салық түсімдерінің 67%-ы шағын және орта бизнестің үлесіне тиіп отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша олар өндірген өнім көлемі 1 трлн 200 млрд теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес саласында істейтін әр адамға шаққанда өндірілген өнім көлемі жөнінен Астана өзге өңірлермен салыстырғанда 1-орын иеленіп, 6,3 млн теңгеге жеткен, бұл көрсеткіш республика бойынша орташа есеппен 3,4 млн теңге шамасында.
Қазір Астана аса берік әлеуетке ие, ол ынталандыру шараларын жандандыру арқасында жыл сайын арта түсуде.
«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының аясында 2013 жылы 6 мыңнан аса кәсіпкер нақты көмек алды. Жалпы мөлшері 61,3 млрд теңгенің 298 жобасы мақұлданды.
Сондай-ақ, әкімшілік кедергілерді азайта отырып, Сіздің тапсыруыңыз бойынша коммуналдық меншіктің шаруашылық жүргізуші субъектілерін жекешелендіру жөніндегі жұмыстар қолға алынды.
Заманауи сауда-логистика кешенін жасау жөніндегі тапсырмаңызды бөле-жара айтқым келеді.
Біз екі ірі инвестициялық жобаны қарастырдық, олардың әрқайсысы гипермаркеті, қоймажайлары мен азық-түлік базары бар көп бейінді логистика орталығын қамтиды. Жалпы көлемі 276 млн АҚШ долларына татитын солардың бірі жүзеге асырыла бастады және ол 2017 жылға таман бітеді. Екіншісі жобалау сатысында тұр.
Қала экономикасының келесі басым бағыттарының бірі – инновациялық индустрияландыру.
Бұл міндетті жүзеге асыруда Сіздің бастамаңызбен құрылып, бүгінде қарымды қызмет істеп тұрған Индустриялық парк басты рөл атқарады, мұнда инвесторлардың толыққанды жұмыс істеуіне арналған барлық техникалық жағдай бар.
Бүгінгі таңда оның аумағында жалпы инвестиция мөлшері 180 млрд теңге болатын 49 жоба жүзеге асырылып, парктің қаделі алаңының 90%-ын иеленуде. 19 жоба жемісті жұмыс істеуде, бір кәсіпорын биылғы наурызда іске қосылды және 4 кәсіпорынды 2014 жылдың аяғына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Қалған 25 жоба құрылысын жүргізу және жер телімін ресімдеу сатысында тұр.
Тұтастай алғанда, Индустриялық парктің мәлімделген жобаларының барлығы 2016 жылдың аяғына дейін өндіріске кіріседі. Сол арқылы елорда нақты көрсеткіштері мен елеулі әлеуметтік-экономикалық тиімділікке қол жеткізеді. Мәселен, 2017 жылға таман:
– Индустриялық парк кәсіпорындары шығарған өнімдер мөлшері жыл сайын шамамен 300 млрд теңгеге жетеді;
– 7,5 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады;
– мемлекеттік қазынаға құйылатын салық түсімдерінің мөлшері төрт есе өсіп, шамамен 70 млрд теңгеге жетеді.
Осы жыл ішінде-ақ Сіздің тапсыруыңыз бойынша Екінші Индустриялық парктің ТЭН-і жасалып бітіп, оның 433 га аумақта 40-қа тарта жаңа кәсіпорын құрылады, олар келешекте инновациялық, ғылыми қамтымдылық пен экономикалық тиімділік өлшемдеріне сайма-сай жұмыс істейді.
Сайып келгенде, елорданың индустриялық-инновациялық ендігін кеңейту ісі инвестициялық белсенділікті жандандырады. Тек 2014 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, инвестициялық мөлшері 8,2%-ға ұлғайып, 70,2 млрд теңгеге жетті.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Құрылыс секторы біздегі жоғары қарқыны тұрақты сақталған стратегиялық басым бағыттарымыздың бірі болып қала береді. Жыл сайын қала бір миллион шаршы метрден аса тұрғынжайды пайдалануға береді, ал 2013 жылдың қорытындысы бойынша елордада 1 млн 100 мың шаршы метр тұрғын үй қатарға қосылды. Соның ішінде, біз биыл аяқтағалы отырған Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша да баспана берілді.
«Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша 2013 жылы үш тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Қазіргі кезде 4 мыңнан аса пәтері бар 11 көп қабатты тұрғын үй кешені салынуда. Биыл сол тұрғын кешендерінің 8-ін тапсыру жоспарланған. Тағы 3 көп пәтерлі тұрғын үй 2015 жылы пайдалануға беріледі.
Нақты кезеңдегі Өзіңіз белгілеген басты міндеттердің бірі – іске қосылатын құрылыс нысандарының сапасын жақсарту. Осыған орай, біз сапалы құрылыс материалдарын қолдануға да, адамдардың алаңсыз тұруына қолайлы жағдай жасауға да қатысты талаптарға өзгерістер енгіздік.
Тұтастай алғанда, қазір қаладағы құрылыс жұмыстары Бас жоспар аясында Өзіңіз бекіткен бес перспективалы бағытта жүргізілуде. Олар жөнінде Сізге алдын ала стендтерде баяндалды.
Жаңа аудандар құрылысын белсене жүргізумен қатар, Ескі және апатты жағдайдағы үйлерді ысырып тас­тау бағдарламасы аясында ескірген тұрғын үй қорын жаңарту жөнінде байыпты жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағдарламаның өлшемдері жайында бұрын Өзіңізге баяндалған. Тек айтайын дегенім, бұл жоба елімізде қаражатты республикалық бюджетке толық қайтару шартымен нарықтық негізде тұңғыш рет жүзеге асырылып отыр.
Сонымен қатар, әлеуметтік нысандар құрылысына Сіз ерекше назар аударып келесіз.
Сіз, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, жаңа нысандар салу арқылы 2020 жылға дейін елорданы балалар мекемелерімен 100% қамтамасыз ету міндетін қойдыңыз. Мәселен, 2013 жылы 1880 орындық 8 балабақшаның құрылысы аяқталды. Қазіргі кезде қалада 17 балабақшаның құрылысы жалғасуда және тағы 3 мектепке дейінгі мекеменің құрылысы басталады. Тұтастай алғанда, 2020 жылы Астанада 100-ге тарта балабақша салу жоспарлануда.
Енді, жалпы білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығы жайына келейік. Бұл проблемада соңғы екі жылда қарқынды ішкі миграция салдарынан пайда болған үш ауысымдық оқытуды жою туралы нақты тапсырмаңызға орай шешімін табуда. Мәселен, 5 қала мектебі үш ауысым тәртібімен жұмыс істеді.
Оның оңтайлы шешімін табу үшін 2013 жылы 3 орта мектеп пайдалануға берілді, ал биыл тағы 9 мектепті тапсыру жоспарлануда.
Соның нәтижесінде, қалада үш ауысыммен жұмыс істейтін бір мектеп қана қалады. Аталған мәселе келесі оқу жылында тағы 3 мектепті тапсырғанда түбегейлі шешілмек.
Бұл салаға Сіздің тікелей қатысуыңызбен шетелдік инвестиция тартылды. Мемлекетаралық келісімдердің негізінде қазіргі кезде Біріккен Араб Эмираттары үкіметі мен Катар мемлекеттерінің атынан салынатын мектептер құрылысына арналған жер телімдері бөлінді. Қазір олардың ТЭН-і жасалуда.
Сізге тапсырған экономика жүгін арқалайтын маңызы зор міндеттердің бірі қала зәрулік көріп отырған техникалық мамандықтар базасын нығайту болып табылады. Әңгіме кәсіби-техникалық колледждердің құрылысы туралы өрбіп отыр. Мәселен, биыл құрылыс бейімі бо­йынша 800 орындық бір колледж іске қосылып, энергетика саласының мамандарын оқытатын 800 орындық тағы бір оқу орны салына бастайды.
Денсаулық сақтау нысандарына қатысты айтсақ, бұл салада, ең алдымен, емханалардағы жүктемені азайтуға бар күш-жігер жұмсалуда. 2012-2013 жылдары екі аурухана мен екі емхана тапсырылды. 2014 жылдың екінші жартысында Сол жағалауда 500 келгіншіге арналған АЕК-ті, сондай-ақ Ильинка кенті мен Досмұхамедов көшесі бойында 2 емхананы пайдалануға берген соң елордалық емханалар буыны қалыпты режиммен жұмыс істейтін болады.
Тұтастай алғанда, 2016 жылы елордада қала үшін қажетті тағы 3 мамандандырылған денсаулық сақтау мекемесі бой көтереді, қазір олардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Құрылыс секторының келесі басым бағыты Сіздің тапсырмаңыз бойынша құрылып жатқан елорда төңірегіндегі азық-түлік белдемін дамытудың қарышты қарқынымен тығыз байланысты. Жобаларды жүзеге асыру жайына көшпес бұрын, айтқым келетіні: соңғы екі жылдың ішінде жақын маңдағы аудандардан жеткеру көрсеткіші екі есеге, 17-ден 35 %-ға дейін өскендігі еді. Бұл көрсеткіш одан әрі өсе түсуге бейім тұрақты үрдіске ие.
Осыған орай елордада көкөніс қоймалары мен жылыжайлар желісін салудың өзектілігі арта түсті. Олардың жай-ахуалы мынадай:
Көкөніс қоймасы бойынша. Қазір қалаға 60 мың тонна көлемінде көкөніс сақтау қажет. Өткен жылы үш нысан салу арқылы біз 22 мың тонна көрсеткішке жеттік. Биыл жалпы қуаты 11 мың тонна үш көкөніс қоймасын іске қосу жоспарланған. 13 мың тонна өнім сақтауға арналған тағы үш көкөніс қоймасы салынады. 2016 жылға қарай 32 мың тонналық қосымша 6 көкөніс қоймасын салғаннан кейін қала мұқтаждығы толықтай өтеледі.
Жылыжайлар бойынша. Маусым аралығында жылыжай өнімдеріне қала мұқтаждығы 8 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда қуаттылығы жылына 2,5 мың тонна өндіруге жететін 2 жылыжай жұмыс істеуде, жалпы қуаттылығы жылына 6,9 мың тонна көкөніс өндіретін 3 жылыжай салынып жатыр, олар 2015 жылы пайдалануға беріліп, соның нәтижесінде қала жылыжай өнімдерімен толықтай қамтамасыз етіледі.
Құрылыс жайын түйіндей келе, әрқайсысы Өзіңіздің айырықша бақылауыңызда тұрған айшықты нысандар құрылысының барысы туралы хабардар еткім келеді. Мәселен, биыл:
• Тұңғыш Президент қоры мен кітапханасы;
• Қазақстан Республикасы ұлттық Тарих музейі;
• Жекпе-жектер сарайы;
•«Назарбаев университеті» ғылыми-білім беру кешенінің екінші бөлігі;
• Клиникалық-реабилитациялық медицина орталығы;
•«Мэриот» және «Хилтон» қонақүй-әкімшілік кешендері;
• «КЕГОК» АҚ-ның әкімшілік ғимараты.
2016 жылы:
•«Әбу-Даби Плаза» әкімшілік-тұрғын үй кешені;
• «Жастар» сарайы;
• Ұлттық ғылыми-онкологиялық орталық;
• «Фор Сизонс» қонақүй кешені;
• «Санрижес» (St. Regis) қонақүй кешені пайдалануға беріледі.
Ал, 2017 жылы:
• Студенттер қалашығын;
•Олимпиадаға дайындық орталығын;
• Хореография академиясын (Би сарайын) пайдалануға беру жоспарланған.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қаланы одан әрі дамыту мәселелерінде инфрақұрылымдық қамту ісіне басымдық беріліп отыр. Бұл жұмыста қаланың тұрақты өсуіне арналған энергоресурстардың стратегиялық қорын құруға баса назар аударылуда. Осы салада мынадай шаралар қолға алынды.
Біріншіден, жалпы ұзындығы 18 шақырым магистралды жылу желілерін қайта жөндеу жұмысы жүргізілуде, бұл желілердің өткізгіштігін 859 Гкал-дан 1778 Гкал-ға дейін ұлғайтуға, сол арқылы орталықтандырылған жылу жүйесіне жаңа тұтынушылардың қосылуына мүмкіндік береді.
Екіншіден, жұмыс істеп тұрған ТМ-7, ТМ-2, ТМ-18 магистралды жылу жүйелері қайта жөндеуден өткізілді.
Үшіншіден, келесі жылы ұзындығы 21,5 шақырым 5-тармақты жылу магистралының құрылысы басталады, бұл желі қаланың солтүстік-батыс, оңтүстік-батыс аудандары мен «ЕХРО-2017» құрылыс алаңын жылумен қамтамасыз етеді, сонымен бірге 2- ЖЭО-дан «Мыңжылдық» аллеясы маңына, қаланың сол жағалауына жылу тарту үшін ұзындығы 28 шақырымдық 4-тармақ желісінің де құрылысы қолға алынады.
2013 жылы іске қосылған қуаттылығы 220 кВ ВЛ шеңбері энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, «ЕХРО» көрмесінің басымдық берілген құрылыс алаңы мен көрме өткізудің ауданына электр қуатын жеткеру мәселесін шешеді.
Жалпы жүктеме 580 МВт болып тұрғанда, ол қалаға қосымша 122 МВт шамасында электр қуатын жеткеруге мүмкіндік беріп тұр. 2014 жылы «Шеңбердің» 2-кезегінің құрылысы аяқталады. Оған арналған 220/110 кВ «Шығыс» шағын стансасы орнатылып, ұзындығы 20 шақырымнан асатын электр желісі 2-ЖЭО-ға тартылады.
Сіздің тапсырмаңызға сәйкес энергияны үнемдеу технологияларын енгізу жайынан хабардар еткім келеді.
Аталған кезеңде қалада Энергияны үнемдеудің 2013-2015 жылдарға арналған Кешенді жоспары іске асырылуда.
Осыған орай шаһардың бюджеттік сала нысандары 100 пайыз энергоресурстарды есептеу құрылғыларымен жабдықталған. Бұған қоса, келесі жылыту маусымына дейін көп пәтерлі тұрғын үйлердің барлығына жылу энергиясын есептеу құрылғылары орнатылады.
Жалпы алғанда, Кешенді жоспарды іске асыру ісі 2015 жылы:
– жылына 78 млн киловатт сағатына электр қуатын ;
– жылына 170 мың гекакаллория жылу энергиясын;
– 48 мың тонна шартты жағар майды едәуір мөлшерде үнемдеуге;
– Атмосфераға бу газдары эмиссиясының таралуын жылына СО2 145 тоннаға дейін тойтаруға мүмкіндік береді.

Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Елорданы көгалдандыру мәселесіне үлкен көңіл бөліп келесіз. Сондықтан, бұл бағытта атқарылған істер мен жоспарларға тоқталсам деймін.
2013 жылы 32 мың ағаш пен бұтақтар отырғызылды. 2014 жылғы жоспарымызда егілген жасыл желектерді күтіп-баптаумен қатар қосымша тағы 16 мың ағаш отырғызамыз. Бұған қоса, өзіңіз білетіндей, жыл сайын 10 млн гүл егеміз.
Саябақ белдемі бойынша тапсырмаларыңызға қатысты айтарым, 2013 жылы жалпы аумағы 6 га жерге 12 гүлзар құрылып, қайта жөнделді. Осы жылы тағы 13 гүлзар мен 2 саябақ жасалып, жөнделеді.
Ағымдағы жылы Орталық қалалық саябақты қайта жөндеу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ биыл Есіл өзенін жағалай 190 гектар аумақты алатын Саябақ құрылысын тәмамдаймыз. Ол жерде қажетті инженерлік инфрақұрылымды салумен бірге 15 мыңнан аса ағаш отырғызылады.
Сулы-нулы «Нұржол» бульварын қайта жөндеу жөніндегі ауқымды сәулеттік жобаны ерекше атап өткім келеді. Ол жұмыс биыл толығымен аяқталып, сол жағалаудың әкімшілік бөлігіне айрықша ажар дарытып, өң бітіреді.
Ботаникалық саябақ құрылысы бойынша айтарым, бұл нысан Бас жоспарға сәйкес әкімшілік орталықтан оңтүстікке қарай, шығыс жағынан Олимпиада орталығымен тұтасатын аумақта орналасады. Қазіргі таңда жобаның жан-жақты ойластырылған тұжырымдамасы мен ТЭН-і дайын болды.
Ағымдағы жылы белгіленген аумақ шекараларын сатылап жоспарлау, инженерлік инфрақұрылымды жайғастыру, аумақты көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
Бұл бөлімді қорытындылай келе, қала аулаларын абаттандыру барысымен таныстырғым келеді. Тұтастай алғанда, осыдан төрт жыл бұрын Сіздің тапсырмаңыз бойынша басталған қалалық бағдарламаны жүзеге асырудамыз. Осы кезеңде 728 аула, соның ішінде былтыр 408 аула жөндеуден өтті. Осылайша біз аулаларды абаттандырудың негізгі мақсаттарын орындаудамыз.
Алайда, аса қажеттілігін, сондай-ақ, аула жабдықтарының уақыт өте тозатынын, соған сәйкес жөндеуді қажет ететінін ескере отырып, бұл қалалық бағдарламаны биыл да жалғастыра береміз. Осы жылы 111 ауланы кешенді түрде абаттандыру жоспарлануда.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Өткен жиналыстарда Астананың даму болашағын сөз ете отырып, Сіз: «елорданың одан әрі өркендеуі көлік жүйесінің дамуы мен тиімді логистикасыз мүмкін емес екендігін» нақты айқындап бердіңіз. Сондықтан бүгінгі күні жаңа стратегиялық деңгейге ауысып отырған жол-көлік саласы – қала әкімдігі қызметінің ең маңызды бағыттарының бірі болып отыр.
Өзіңізге белгілі, біз бұрынғы жылдары инфрақұрылымды қамтамасыз ету, көлік қозғалысын бір жүйеге келтіріп, автобус парктерінің жұмысын реттеу мәселелеріне көп күш жұмсадық.
Осы жылдан бастап қоғамдық көлік қозғалысын жетілдіруге баса көңіл бөлінуде. Әйтпесе, қазір күн сайынғы жолаушылар тасымалы 750 мың адамға дейін жетіп отыр. Осыған байланысты қаладағы көлік түйткілдерін ушықтырмай, бірқатар жүйелі жобалар жүзеге асырылуда.
Бірінші кезектегі міндет – жылжымалы құрамды түбегейлі жаңартып, толықтыру. Қазір паркте 900 автобусы бар, 350 автобус жетіспейді. Біз осы жетіспеушіліктің орнын биыл 350 жаңа автобус сатып алып, толықтыратын боламыз.
Қалаға жаңа автобустар сатып алу инфрақұрылым базасын қажет ететіні де белгілі. Біздің екі жаңа коммуналдық автобус паркі құрылысын жоспарлап отырғанымыз да сондықтан. Бірінші жоба бойынша қазірдің өзінде жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, Индустриялық парк аумағында көлемі 8,5 га жер телімі бөлінді. Құрылыс жұмыстары осы жылы мамыр айында басталып, қазан айында аяқталмақ. Ал екінші жоба 2014 жылдың екінші жартысында жүзеге асырыла бастайды.
Сонымен бірге, біз біртіндеп, ірілендіру жолымен автобус кәсіпорнының санын қысқартудамыз. 2017 жылға қарай автобус паркінің санын сегізден төртке дейін екі есе азайту жоспарлануда. Ол жолаушылар тасымалын басқару жүйесін орталықтандыруға мүмкіндік береді.
Қала өсіп, ірге кеңейтіп келеді. Соған сәйкес қатынас желілеріне қойылатын талаптары да өзгеруде. Сондықтан қалада жаңа технологияларды қолдану арқылы бір мезгілде көлік тасқынын саралап, реттеуге мүмкіндік беретін қоғамдық көліктің жаңа маршруттық желісі енгізілуде. Сол үшін өткен жылы осы салада маманданған «Типса» еуропалық компаниясы шақырылды. Қазіргі кезде Астана қаласында жаңа көлік бағдары желісін әзірлеу жұмысының бірінші кезеңі аяқталды. Ол бойынша қала тұрғындарына ыңғайлы болатындай, жолаушылар тасымалы желісінің маршрут саны тиісінше 50-ден 76-ға дейін ұлғайтылады.
Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, бұған дейін баяндалғандай, қалада жаңа көлік түрі – тез жүретін автобус­тар (БРТ) алынады.
Жоғарыда айтылған міндеттер «Интеллектуалды көлік жүйесі (ITS)» кешенді жобасында толық көрініс табады. Сондай-ақ, бұл жоба да бұрын Өзіңізге таныстырылған болатын.
Көлік жобасы тақырыбын одан әрі жалғастырсақ, қазір Сіз тапсырған мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі (МЖС) нұсқасына сай үш ірі инфрақұрылымдық жоба бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап айтқан жөн. Олар:
– жаңа темір жол вокзалының құрылысы. Бүгінгі күні қаржыландыру жөнінде барлық ұйымдастыру мәселелері шешіліп, мердігерлік келісім шарты жасалып, техниканы жұмылдыру мен құрылыс аумағын әзірлеу жұмыстары басталды;
– қалааралық көлік қатынасын қамтамасыз ететін екі автовокзалдың құрылысы. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленуде, ол бекітілгеннен кейін жобалар жақын кезеңдегі концессияға берілуге ұсынылған нысандар тізбесіне енгізіледі.
Қазір жер телімдері бөлініп берілді. Құрылысты 2015 жылдың І тоқсанында аяқтау жоспарлануда. Концессионерді анықтауға байланыс­ты конкурс өткізудің қорытындысы бойынша, сондай-ақ, жобалық-сметалық құжаттамалар жобасын дайындауға байланысты тапсыру мерзімінде өзгерістер болуы мүмкін.
Сөзімді қорытындылай келе, жол құрылысы мен көлік инфрақұрылымына тағы да тоқталғым келеді. Соңғы жылдары елордада жол салу мен жол жөндеу жұмыстары бір қалыпты жүргізілуде. Бұл жерде біздің күшіміз бірінші кезекте басты көшелердегі жүктемелерді азайтуға бағытталған.
Өзіңізге белгілі, бұл жұмыстар жалпы ұзындығы 35 шақырым болатын Шағын айналма жол құрылысы аясында жүргізілуде. Бүгінгі таңда оның 20 шақырымы салынып бітті. Онда 18 жолайрығы, өтпе жолдар мен көпірлер бар. Жоба жүзеге асырыла бастағаннан бері сегіз көлік үймереттері пайдалануға берілді.
Әсіресе, өткен жылғы ең маңызды уақиғаның бірі – Бейсекова көшесінің бойында Қорғалжын тас жолынан Сейфуллин көшесіне дейін, соның ішінде Есіл өзеніндегі жаңа көпір арқылы автокөлік жүрісін қамтамасыз ету болды. Бұл Сарыарқа мен Тұран даңғылдарындағы көлік тасқынын едәуір жеңілдетті.
Шағын айналма жолқұрылысын 2016 жылы толық аяқтау жоспарланған. Ол біткен кезде 20 мыңға тарта көлік орталыққа кірмей, қаланы айналып өтетін болады.
Көпірлер мен жолайрықтарына қатысты айтар болсақ, 2013 жылы Сарыарқа даңғылындағы Есіл өзеніне салынған К-2 көпірі жөндеуден өткізілді. Биыл тағы да екі көпірді жөндеу жоспарлануда. Сондай-ақ, жаңа көлік күрежолдарын салып, жолдарды кеңейту, оңға бұрылып кететін жолдарды көбейту көзделуде. Ағымдағы жылы 120 шақырым жол салып, жөндеу жоспарланған.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Жоғарыда баяндалғандарды қорытындылай келе, елорда құрылысының алғашқы күнінен бастап Өзіңіз қалыптастырған және үнемі қолдап келе жатқан Астана өмірінің барлық саласында қарқынды ілгерілеу бар. Қазір осы аталған бағыттардың қай-қайсысын да біз басымдыққа және оны жүзеге асырудың нақты жоспарына ие болғанымызды айтқым келеді.
Таяу келешекте біздің барлық жұмысымыз алда тұрған «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне бағытталатын болады. Бұған дейін баяндалғанындай, ол инфрақұрылымды дамытудан бастап инновациялық технологияны енгізуге дейінгі қала тірлігінің барлық саласын қамтиды.
Сіздің биылғы халыққа арнаған Жолдауыңызда атап көрсетілгеніндей, Астанаға стратегиялық мән беріліп, одан әрі тұрақты өркендеуін қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыстар атқару міндеті тұр.
Түптеп келгенде, осы маңызды міндеттерді уақтылы әрі сапалы орындау үшін қала бар күшін салатын болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + two =