Кемел

0 258

«Менің суретшілерім» сериясымен басталған эсселер жинағы алыс-жақындағы бейнелеу өнері иелерінің басын құрай, көпшілікке суретшілер шығармашылығын насихаттай беріп, сонау Рембрандтқа барып, мынау Қайрамбаевқа келіп жүрсек те, тап жанымыздағы әріптесіміз, суретші Ералы Оспанұлы туралы айтуға келгенде іркіле беріппіз, шығармасын талдауға «тұсала» беріппіз. Оған себеп – Ерекеңнің суретшілігінің кемел, тілдік қорының ерек екендігінен болса керек. Бара салып, көре қалып, отыра кетіп жаза салатындай оңай-­оспақ емес, күрделі, сан қырлылығынан шығар? Оның үстіне, «айтқаннан кейін жетесіне жеткізе айтсақ, жазғаннан соң оның салмағын бір мысқал кемітпей берсек» дейтін жауапкершілік жүгінің аса ауырлығы және бар.

Ералы Оспанұлы – Мәделіқожа, Құлыншақ, Майлықожа, Молда Мұса, Нұралы, Ергөбек сынды сөз майталмандары еңбектерін жинақтап шығарған, «он мың адамның жұмысын жалғыз өзі атқарған» сұрапыл еңбекқор, әкесі Әсілхан сияқты. Зәуде сөйлеп бір кетсе, дүйім жұртты сілтідей тындыра өзіне қаратып, сөзіне ұйытатын анасы, Оразкүл тұрпатты. Құдай тағала молынан жарылқап, кесек талантпен қоса, жан-жақты қылып жаратқан Ералы суретші қара қарындаштың өзегінен бал, акварель қағазынан шәрбат ағызды. Қадау-қадау топтамалар жасап, полиграфиялық мүмкіндіктер ойлап тауып, сериялап кітаптар бастырып, ою-өрнектер жинастырып, оны заманауи компьютер бағдарламаларға ендіре бейнелеп, жарыққа да шығарды. Мүсіндер де сомдады. Тарихи тұлғаларды да зерттеді.
Көрмелер жасады. Картиналарының алыс-жақын шет елдерде вернисаж ленталары да қиылды. Кітаптары кәдесый болып мұхит асты.

***
Иә, Ералы суретші – қара қарындаштың өзегінен ақ бал тамызған адам. Ол – ата-бабамыздан жеткен «тасқа басқандай» деген тіркеске, түркілерден қалған «кара даш» деген сөзге адал суретші. Орыстардың лексиконынан айналып келіп бізге жұққан, тілімізге түскен «карандаш» ұғымы сонау түркілерден барған «кара» – қара, «даш» – тас сөзі. Яғни бояуға, сызуға жарайтын, тас тектес қара графит.

Ералы Оспанұлының бейнелеу әлеміне қара ілестіріп, қағазға түскен сонау студенттік балаң сызбаларынан бастап, тап бүгінгі қуатты штрихтарының барлығы дерлік кәдімгі қара қарындаш өзегінен шықты.
Ол әуелі басында пісіп, кеу­десінен лықси шыққан композиция-суретке ақ қағазды аямай, аса жұмсақ қарындашпен құшырлана шимайлап, жырта өшіріп, бастыра сызбалап, әбден иін қандыра, эскиз нобайлап алады да, онысын аса сапалы қағазға тазалай түсіреді. Әрбір қарпін күйдіріп басатын лазерлі принтердей емес, әр суреттің жарты миллиметріне дейін қағаз бойлай ықтияттап құя, мөлшерлей төге жағатын құймалы (струйный) принтер-плоттердей жоғарыдан төмен немесе сол жақ жоғары бөліктен, оң жақ төменгі бөлікке дейін жұдырығын жылжыта, 0,5 мм-лік, өткір, «НВ» мөлшерлі, «Koh-i-noor» маркалы механикалық қарындашты қымтай ұстап, сау­сақ ұштарын қимылдата, қолын қағаздан бір көтерместен (еш жеріне резеңке-өшіргіш тигізбестен), толайым бітіріп бір-ақ шығады. Ғажап, ә? Міне, Тәңір сыйлаған мүмкіндік! Әне, тәжірибе сыйлаған шеберлік!
Ералы суретші композициясының басты ерекшелігінің бірі – суреттерін дөңгелек (домалақ) пішінмен шешетінінде. Мысалы, «Бүркітші» картинасында, суреттің маңдайындағы аңшы қамшысы созылып барып қыранның құйрығына тисе, бүркіт шеңбер бойлай, созыла беріп, бөріге тырнақ салады. Аңшының мінген аты шалқалай құлаған, ажал сәті келген көкжалды тебе, екі алдыңғы аяғын (айнала шеңбер композицияны жалғастыра) бүге қалады. Аттың бүгілген аяқтары тұсынан ер-тоқымның өмілдірігі жалғасып, сағат тіліндей жылжыған динамика-қозғалыс жануардың жалымен жалғасады. Жылқының жалы тағы да шеңбер бойымен өріле, жалғаса барып тізгінге жымдасады. Әлгі тізгін оңға қарай бұрылған оның мойыны-басына, сағалдырық жүгенмен байланысады. Кекілі аңшының созылған оң қолына, кезегінде оң қол қамшысына барып жалғасады. Міне, айнала тұйық композиция! Тап-тұйнақтай. Жұп-жұмыр.
Әншейіндегі қарындаш сызу құралы емес, жансызды түртіп қалса-ақ тіріле беретін сиқырлы таяқшаға айналады.


Дөңгелек әдіс «Алдар көсе» болып, «Ғашықтар», «Қыз қуу» болып жалғасып, ұзара, саны көбейе, қарасы молая, тұтасып кете барады. Бұл ұтқыр домалақ пішіннің ішінен ұшып қырғилар, қалқып қарлығаштар өтеді. Бұғып байғыз да отырады. Жорғалап жылан кіреді, тасбақа да жатады, әрі-бері домалап. Мүжілген бас, қу жауырын да осында. Дауылпаз-домбыра да кездесер. Нар қобыз шалына ма? Келі, келсап та табылып, күбіден қымыз пісіле ме?
Стилистикалық қолтаңбаға бағындырылған адамдар келбеті, түр-тұлғасы, оған деген анатомиялық үдде еш бұзылмайды. Әдіске қарай бірде созып, бірде жиырылса да, бірде үлкейіп, сәтте кішірейсе де әлгі қимылдың растығына шүбәсіз сенесіз.
Автордың кемел ақылынан хабар беріп, суреттерінің өн бойында сәтті юмор, ащы сарказм да жүреді.
Естіп-білгені мен оқыған-тоқығаны мол, диапазоны кең Ералы суретші лашындайын сорғалай-құ­йылып мифологияны іледі. Құлаштай жүзіп, фольклор жағалауына жетеді. Шығандап Әл-Ақсаға кетеді. Өзіміздің бал-балдан тартып, қияндағы Сфинкс, перғауындарға барады. Бейбарыс сұлтан образын қаузайды. Түбі түркі мәмлүк кейіпкерлері шірене жақ тартып тұрғаны, емінте найза сұғып жүргені, һәм шылпыра жеңіліп те жатқаны. Картиналарында «Бақ тайып» жатқаны, «Күн тұтылып» қалғаны, құлдық қамыты киіліп, қан кешіп, жанталас уысына түсіп кеткені де көрінеді.
Сыбызғы шалып, жан еліткен бейқұт заман да, бесік тербеген, әлди жыры да ажар көрсетеді.
Жапон халқы тап қазір өздерінің экономикалық үрдісіне қайшы болса да, әлі күнге дейін күріш шаруашылығын жүргізетін көрінеді. Себебі күріш егудің өн бойында жапаның ұмытылып, архаика­ға айналып бара жатқан өте көп, көне, жәдігер сөздері бар екен. Ералы Оспанұлы графикасы да сондай. Қазақтың естен шығып, көзден жырақ, көмейден тысқары қалған есіл сөздеріне тұнып тұр. Ол – «Тоғым» тұрпатты, «Кісе», «Ысқыш», «Жаушы», «Қылшан», «Гүрзі», «Қазық бау шалу», «Күрмеу» секілді сөздердің суретін салады. Оны білген жанға іштей күбірлете, қайталатады.
Ералы суретшінің білмейтіні жоқ. «Қоқаман» дейді, «Обыр», «Жылбысқы», «Шимұрын», «Әбілет», «Шойлан» дейді. Сөйтеді де сол айтқандарын сурет қылып салады. Әлгі құбыжықтардан жаныңыз түршігеді.


«Атасының баласын» көріп шаттанасыз, айбыныңыз асады, «Күн кешуін» көріп жасисыз, «Қайран-айы» мен «Жаушысынан» қамығасыз. «Кәріқыздан» қабағыңызға кірбің түскендей ме, «Арман-ай»-дан опынғандайсыз ба? «Еңіреген ер», «Есіл ер», «Асыл ер»-ден де солай…
Зергерлердің күміспен жұмыс істегенінде «қаралау» дейтін әдісі болады. Күмісті тотыққандай етіп, әдейі қарайтып, жасаған бұйымына байырғы түр беріп, әдейі «қартайтатын». Ералы суретшінің де графикасы сол, тотықтырылған күміс секілді. Қара қарындашпен қағазға мыңдаған бейне салып отырып, нәтижесіне сол, қазаққа етене, жұмсақ металдың нәтін, табиғатын сіңіре дарытады. Шығыңқы бедерлі, ойлы-қыр­лы рельефті, бір тұтас, қымбат та құнды. Шекіме жасап тұсыңа ілгің келеді. Күмістен рельеф етіп құйғың келеді. Тасқа басып, офорт қылғың да келеді.
Оның суреті жазықтық бетін, қағаз жүзін толық пайдаланады. Оймақтай да бос орын қалдырмай, түгел жабады. Шаршы, айқыш, дөңгелек пішінді композициясының өнбойын толтырып тастайды. Әншейін штрихтармен емес, құрған желісіне орай, кейіпкерлердің қозғалыс-қимылына қарай, қару-жарақ, аң-құстарға бейімдей, кемерлей бекітеді. Өрмелеген жылан да сонда, өрнектелген киім де сонда, көшпелілердің оқалы бұйымдарына да тұнып тұрады.
Ералы суретшінің картиналары қазақтың киім энциклопедиясы сынды. Тақия да бар, сәукеле, кимешек, орамал, жаулық, шәлі де молынан кездеседі. Тымақ, бөрік, мұрақ дейтін қазақпен қоса жасасқан бас киім, басқа да киім-кешектер өз өрнегімен, өз орнымен, өз жүйесімен кейіпкерлерін байыта, кемелдендіреді.


Кейіпкерлері бірде арындай жұлқынады. Бірде тына қалады. Суреттеріне ылғи бір қарама-қарсылық арқылы жан бітіреді. Кейде бұрала-ширатыла жасалса, кейде құйылып барып, кенет қатып қалғандай болады. Қарға мен аққудай кереғар. Контраст. Қырғауылын қаршыға жұлмалап жатады, аттарын бөрі еңсеріп, ішек-қарнын жарады. Қылдай нәзік қыз-келіншекті саусақтары добалдай, желкелері жотадай, жайын ауыз, жалмауыз жауыздар байлап-матап әкетіп барады.
Композициясының тығыз екені сонша, арасына ине батпайды. «Шапқыншылық», «Барымта», «Теке-тірес» картиналары осы сөзімізді қуаттай, еселей, үстей түседі.
Қаракөл қозы ұстаған әйел де, қолына томағалы сұңқар қондырған жігіт те, дырау сығымдаған бала да, алдына немере отырғызған қария да суретпен жарасып, өрнегі әнебір әженің өрмегімен шебер жымдасып, суретшінің қолына арбала бағынып, түрлене тіріліп, көруші алдына айдары желбірей тартылады.

***
«Оның әр суреті өз алдына жеке әңгіме іспетті». Халқымыздың ауыз әдебиеті мен терең пәлсапасын емірене жұтқан Ералы болмысы мыңдаған суретті түйдек-түйдегімен салып, көруші назарына тең-теңдеп ұсынады. Дәстүр салтына жеке-жеке тоқталып, сурет-иллюстрация етіп жасап, альбом кітап беттерін сықап және тастайды. Оның творчествосы қазақтың ән-күй, айтыс-терме, ертегі-аңыз, батырлар-ғашықтар жырына тамырын тарбайта жайып, нәр сорып жатыр.
Суретші халықтың аузынан түспей келе жатқан ерлердің образын да жасайды. Батырларын да келбеттейді. Мифтік кейіпкерлерін де сомдайды.
Меніңше, Ералы Оспанұлы шығармасының ең бір айтулы, қапысыз салынған, көрген суретшіні тәнті етпей қоймайтын топтамасы «Қазақ батырлары» шығар? «Бақ тайды», «Тағдыр оғы», «Батырлар» деп келетін аса күрделі, ішкі динамикаға толы картиналары – композиция­лық өрілуі, жасалуымен, тәптіштей салынумен, саңылау екеш саңылаудың өзі дәл-дөп түскенімен аса құнды шығармалар. Ұсынып найза шаншыған, құлаштап қылыш сілтеген, көтеріп бөрілі байрақ ұстаған, жебесі морт сынып, алдаспаны кетілген қым-қуыт аласапыран суреттер автордың кемел екенін және паш етеді. Қолы қарулы ма? Қарулы. Көзі қырағы ма? Қырағы. Білімі Мәриан шұңғымадай терең бе? Әлбетте!
Осы топтамасын қарап отырсаңыз – әлдебір қыран байрақтың сабын шеңгелдеп тұрғаны, жапалақ жылан қылғытып ұшқаны, бөрі найза сабын шайнап жатқаны. Ал түсініңіз? Ал байыбынына жетіңіз?
Жан торсық төңкерілгені қандай, тасбақаның домалағаны қалай? Қарғаны ителгі тебе ме, аттары кісінеп, көкке үні жете ме? Жақтың адырнасы үзіліп, қорқауды ілбісін жара ма? Жаралының ыңыранғаны құлаққа келе ме, шашылған қауырсынды жел көтере ме? Шатынап айна сына ма, үзіліп жауқазын, төңкеріліп қазан қала ма? …Картиналары бір сызығын келесі сызығы әдемі жалғап, бір дақты бір ақ сәтімен жауып, бір штрих шашақ болып басталып, бір сызба аттың жалы болып жалғасып, жеңіс рахаты мен жеңіліс күйініші қос-қосымен өріліп, қосақтаса, қан тамыры адырая, көз алдыңызда дірілдей тұрып алады.

***
Өнер иесінің шығармасы мен адамгершілік келбеті, кісілік болмысы көбінше теңгерілмей, бірін екіншісі басып кетіп жатады. Бұл ретте Ералы суретшінің таразысы тең. Безбені қалыпты.
Әлеуметтік теңсіздіктерге қасқая қарсы тұрып, қызыл кеңірдек болып оның әділ бағасын да беріп, орыс тілділердің өзін сөзден ұтып, қазағын уәжіне жығатын да, адами қалыбы менмұндалай көрініп, туған-туысын алға сүйреп, «локомотив» болып жүрген де осы, Ералы Оспанұлы.
Ол көркемдеп сурет те салды, келістіріп жазу да жазды. Ұртында қуақы қалжың жүгіртіп, қалың шешеннің арасына қаймықпай кіріп, әлгілермен қағыса-соғыса, һәм боқтаса футбол ойнап, өкпесі өше доп қуып та жүрген – бір өзі.
Ерағамыздың «моңғолдар шапқыншылығы» сияқты, «сал-серілер» тұрпатты па­йымымен келісе де бермейміз (өзіміз «Сәйгүлік семантикасын» молынан салғандығымыздан, суретші Ералының аттары сиықсыз­дау, тапалдау, мәстек болып көрінетіні және рас). Көзі тым қысық, бет сүйегі тым шығыңқы, мұрағы милығына түскен кейіпкерлерінің қайталанып қалатынымен де ымыраласа қоймаймыз. Десек те, ұшан-теңіз еңбегі еш болмаған, қисапсыз жасағаны қаймана жақсысына жеткен суретшіге, оның биік рухына ризашылығымыз шексіз.
Осы күндері ажарлы кейпі пәс болып, қағаберісте қалған графика жанрының кемерін мейлінше кеңітіп, оның еңіс­теген ғазиз басын өр еткен еңбекқор суретшіге айтатынымыз тек алғыс!

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ, суретші

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + eleven =