КЕМЕЛ ЗЕРДЕ, КЕНЕН ДАРЫН ИЕСI ЕДI

0 178

Замандас тұлға Таласбек Әсемқұловтың қазасына

Таласбек Әсемқұлов

Жазушы, кинодраматург, күйші Таласбек Әсемқұлов дүниеден озды деген суық сөз құлаққа түрпідей тиді. Адам ғапіл, фәниден бақиға озса, ең әуелі бір Жаратушының бұйрығы, бұлжымас үкімі екенін мойындамайтын тірі пенде болмасы анық. Бірақ замандас тұлғаны ешкім анық ажалға қимайтыны рас.

Таласбек ағаның қазақ әдебиеті мен өнерінде, киносында ойып алған өзіндік орны бар екені шындық. Оның бағына кейінгі уақытта кино өнерінде Досхан Жолжақсынов сияқты дарын иесі жолықты, екеуінің шығармашылық одағы екі бірдей көрнекті фильмнің жарығын жақты.

Мен Алматыда көп тұрмадым. Сондықтан Таласбек ағамен етене араласа қоймадым. Әдебиеттегі кейінгі толқын інілері Таласбек ағаның энциклопедиялық білімі бар екенін пір тұтып сөйлейтінін талай естідім.

2002 жылы Таласбек ағамен «Сорос-Қазақстан» қорының «Қазіргі заманғы қазақстандық роман» атты жабық конкурсының алғашқы нәтижесі шығып, Алматыда баспасөз конференциясында таныстым.

Кітап шығару авторлар үшін қиынға айналған өлара заманда, қазақ әдебиетінің мәртебесін асыру мақсатымен жабық конкурсты ұйымдастырып, бес бірдей автордың жүзден жарып шығып, бес кітаптың аяқ астынан жазылуына жол салып берген асылдың тұяғы Мұрат Мұхтарұлы Әуезов еді.

Дөңгелек үстелде Таласбек Әсемқұлов өзін еркін ұстайтын қалпымен Мұрат Мұхтарұлына осы бір құнды идеяны, ірі әдеби жобаны жүзеге асырғаны үшін алғыс айта келіп, «Менің бұл грантты жеңіп алғаныма ең әуелі әйелім ерен қуанды!» деп айтқаны ойымда қалды. Балаша қуанып, мәз болып, жайраңдап отырды. Шығармашылық, сөз өнерін ұстанатын жұртшылыққа бұл сын кез еді. Әдебиетте тек жанкештілер қалды.

Бақ сынасқан шығармалардың арасынан іріктеп таңдап алуға сарапшылық жасайтын  төрешілер – зиялы қауым арасында биік адамшылық, азаматтық, кәсіби сыншылық қасиетімен танылған Зейнолла Серікқалиев пен белгілі сыншы Виктор Бадиков болғаны көп сырдың ұшығын аңғартады. Зейнолла ағаның асқан әділдігі, авторын білмей, код арқылы  бағалаған кісілігі болмаса, «Мұнара» атты шағын романым жазылмас та еді. Марқұм Зейнолла ағаның асыл рухына бас иемін. Бұл конкурс менің түсінігімде қаламақысыз, кітап шығару мұң болып, жетімсіреп жүрген, дәуірге өкпелі шағымызда әдебиетті мейлінше қолдап, мерейін асырды.1913 жылы ағартушылыққа ат салысқан, елінде мектеп ашқан жетісулық Маман бай қазақ романына бәйге жариялап, қазақ прозасының алғашқы қарлығаштарын ұшырғаны жадқа оралады.

Осы конкурста жүлде алған Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» атты туындысы 2013 жыл аяғында ағылшын тіліне аударылып шықты.

Тұсаукесерден соң бір топ – Зейнолла Серікқалиев, Таласбек Әсемқұлов, Әлия Бөпежанова, жас журналист Мақпал Қаратайқызы, бәріміз кафеге бардық, фотоға түстік, дастарқан басында әдебиет жайын әңгіме қылдық.

Таласбек Әсемқұловтың  «Талтүс» атты романын белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек телеэкран мен газетте талқылауға сеп болып, сыншы қауым өз бағасын берді. Бұл романда күй мен күйшілік өнері, қазақ халқының дүниетанымы, жылқы жайы тереңінен толғап, өнер қонған адамның тағдыры айтылған.

Таласбек Әсемқұловтың публицистикалық жазба, эсселері ерекше құнды, тақырыпты ашуда тұңғиық білім мен айрықша пафос білінбей қалмайды.

Таласбек ағаның өмірде адам баласына тән өкініші де болғанына күмән жоқ. Әдебиет әлемі ешқашан ауыртпалықсыз емес, теңіз беті тымық көрінгенімен, су астында бітіспес шайқастар, өзара кіркілжің-реніштер, бақталастық тыншымай жатады. Сондай сәтке кейде ұрынғаны үшін ол жаны жабырқап, шын өкінген шығар. Баршамыз Абай хакімше, «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп» деп айтар шақтардан азат емес екеніміз тағы ақиқат.

Таласбек ағаның рухани болмысы күй ойнағанда жарқырай ашылатын сияқтанды. Бір-ақ мәрте күй ойнағанын көрдім, ол Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Шығыс Қазақстанның музыкалық мұрасы» атты 18 CD аудио-дискі жарық көрген тұсаукесерде Байжігіттің күйін шебер орындады. Домбырасын алмай келген екен, жұрт қолқалаған соң, бөтен домбыраның құлағын келтіріп, күй тартты. Нағыз виртуоз, асқан күйші екенін сонда алғаш рет, енді ойласам, соңғы рет көрдім. Ол Парижде күй тартқан санаулы қазақ күйшісінің бірі ғой.

Таласбек ағаның артында биік өнерін өлтірмейтін қазақ елі, Зира Наурызбаевадай сүйікті ғалым жары, балалары қалды. Рақымы мол Алла Тағала марқұмның алдынан жарылқап, иман байлығын берсін.

 Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, 

жазушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − two =