©2020 Астана Ақшамы
Кемел тұлғамен кездесу
«Ол дана Абайдың, Ыбырай, Шәкәрімнің айтқандарын жалғастырып, рухани хаостағы елін, ата діні мен салт-дәстүрін, тарихын қастерлеуге шақырды. «Отанды сүю – иманнан» қағидасын халқымыздың жүрегіне сіңірді. «Азаттыққа жететін не бар» деп, тәуелсізтікті сезініп, түсінуге, әрі оны көздің қарашығындай аялауға үндеді…»
Бұл – интернет бетінде жарияланған Халифа Алтай туралы пікірлердің бір парасы. Тұлғаға қысқаша берілген баға, азаматтық көзқарас.
Рас, әсіресе, бүгінгідей діни ахуал шырмаулы жіптей ушыққан уақытта Халифа Алтай дегенде, көпшілік демін ішіне тарта қалады. Ислам қайраткерлері туралы айтқанда көпшіліктің пікірі қақ айырылады. Әйтсе де, Алаштың ұлы көсемі Әлихан Бөкейхан айтқандай, «ұлтқа, жұртқа қызмет ету білімнен емес, мінезден». Ендеше, ұлт мүддесі, ұрпақ қамын, өз халқының намысын өмірдің өзегіне айналдырған Халифа Алтай қандай деңгейде болса да, ұлт қайраткері болып қала береді.
2001 жылы «Жас Алаш» газетіне тілші болып орналасқаннан кейін жұмыс барысында Гүлсім Рамазанқызы деген дәрігер мен танысқаным бар. Қажытай Ілиясұлы, марқұм Қадыр Мырза Әли секілді ағаларымызды алдынан көргеннен кейін дәрігер қыздың тегін болмағанын сездім. Сөйтсем, рас, Гүлсім апайым Қажытай ағаны жатқан жерінен тұрғызып, емдеп, сауықтырыпты. Қадыр ағаға да шипасы жаққан көрінеді. Өзі көне қытай медицинасы бойынша емдейді. Қытайда оқып келген.
Күндердің күнінде әлгі дәрігер мені үйіне шақырды. 2001 жылдың күзі болатын. Барсам, қонақтар бөлмесіне жайылған ақ дастарханның қақ төрінде үстіне аппақ киінген, ақ сақалды қария кісі отыр. Жанындағы жастау адам қолтығынан демеп, қызмет көрсетіп қояды. «Ата, мына бала «Жас Алаштың» тілшісі, журналист қыз» деп таныстырған соң, қария сәл ғана басын көтеріп, маған бұрылды. Сәлемімді алып, ауылдың ақсақалдары секілді «айналайынын» арнады. Мен де ішімнен «мына кісіні бір жерден көрген сияқтымын» деп отырдым. (Әлі тұлғаны жыға танымайтыным рас еді.) Гүлсім апайым бір кезде: «Бұл кісі сырттан көшіп келген, біз секілді оралман. Өзі үлкен ғалым адам. Құранды қазақша тәржімалаған. Аты-жөні –Халифа Алтай. Біздің туысымыз болып келеді» деді маған…
* * *
Арада ай өтпей газетіміздің редакциясында шығармашылық жиналыс болды. Бас редактор Нұртөре Жүсіп көпті көрген, көнекөз қарияларды, әсіресе, зиялы қауым өкілдерін елеп-ескеріп, дер кезінде пікірін жазып алып отыру қажеттігін есімізге салды. Артынша әңгіме Халифа Алтай туралы болды. «Жасы да келіп қалды, өзі үлкен кісі, денсаулығы да онша емес деп естіп жатырмыз, біреуің барып, сұхбат алыңдар. Ертең көз жұмып кетсе, сан соғып қаламыз» деді бірдеме сезгендей.
Халифа Алтайды жазу ақыры маған тапсырылды.
* * *
«Қазақ түріктерінің шежіресі», «Естеліктерім», «Ата жұрттан Анадолияға дейін», «Алтайдан ауған ел» атты кітаптары жарық көрген, «Құран Кәрімді», «Кәләм Шарифті» аударған қаламгерді жұмыс бабымен іздеп баруға дайындала бастадым. Бала күнімнен әкемнің аузынан естіген әңгімелер, ұшқан ұямызда тәрбие өзегі болған ислами қағидалар санамда жаңғыра бастады.
Иә, қызық… Халифа Алтайға қоятын сұрағым бітпейтін тәрізді. Оның үстіне, мектепте оқып жүргенімізде «Киелі кітап», тағы басқа кілең жасыл желекте жаймашуақ күн кешіп жатқан қара нәсілділердің түрлі-түсті суреттері басылған «жұмақ» туралы кітаптарды оқып көргенім бар – жалпы, білгім келетін нәрсе көп еді… Алайда, Халифа Алтайдың шаңырағына кіргеннен басқаша тосын күйге түстім. Есікті бір тал шашын көрсетпей, басына жаулық салған әйел адам келіп ашты. Ар жақтан баяғы қонаққа барғанда Халифа Алтайды сүйемелдеп жүрген кісі келіп, мені төрге, әкесінің бөлмесіне қарай бастады. Иә, ол кісі расында, Халифа атаның ұлы Әбдурахим болатын.
Халифа Алтайдың бөлмесіне кіргенім сол, Құдай куә, адамзаттың періштесін көргендей таң-тамаша қалдым. Бөлме қарапайым, бұрынғы қазақ салты бойынша жасақталған. Жерде қалы кілем үстінде аппақ төсеніш тұр. Соның үстіне қойылған ақшыл жабуы бар кресло-орындықта үстіне аппақ киінген ақ тақиялы, ақ сақалды қария отыр. Халифа Алтай! Ертегілерде кезігетін сиқыршы аталар сияқты. Шашы да, қас-кірпігі де ақ күмістей… Имене басып, үй иелері нұсқағандай, ақсақалдың бір жақ қанатына жайғастым.
Алдымен ақсақал маған өзінің кітаптарын бергізді. Өтінішім бойынша қолтаңбасын да қалдырды. Төте жазумен. Сөйтіп, алғаш рет Халифа Алтаймен кең отырып, әңгімелестік…
Халифа Алтайдың болмысы өзгелердікінен бөлек. Адамға тіке қарамайды екен. Кім біледі, үркек қоян секілді имене басып келген мені мүмкін абыржытпайын деген шығар. Әйтеуір, жанына отырғызып қойып, көзін аздап төмен салған күйі басын да көтермей, сұрағыма жауап беріп отырды. Бірақ… себеп қарияның денсаулығында да болуы мүмкін.
Расында, Халифа Алтай ол кезде біраз жасқа келіп қалған еді. Әбден кемелденген шағы болатын.
* * *
1917 жылдың 18 желтоқсанында Шығыс Түркістандағы Алтай облысы, Шіңгіл ауданы, Жарынты (өзі кейде Бұлғын деп жазады. – Н.Б) өзенінің бойында (қазіргі Монғолия территориясы) дүниеге келген. Халифа Алтайдың ізі жер шарының сан тарабында сайрап жатыр деуге болады. Әуелі 1933 жылы Қытайдың белгілі билеушісі Шын Шысайдың сойқан саясатына шыдамай, 18 мың адамнан тұратын наразы топ бой көтерген еді. Өз мүддесін елінікінен бөліп қарай алмайтын жиырма бір жастағы Халифа Алтай да сол билікке қарсы шыққандардың қатарында болатын. Олар 1938 жылға дейін жергілікті билеушілермен қақтығысқа түседі. Кейін Қытай билеушілері орыстардың көмегімен көтерілісші қауымды басып, жаныштайды. Езгіге шыдамаған қалың ел әлсіреп, қашқан бойда Қаңсу, Шыңқай тауларына әрең жетеді. Араларында, әрине, жиырма жастан жаңа асқан Халифа Алтай да бар еді. «Тау-қыраттарда біздің жанымызды сақтап қалған аң-құстар еді» деп еске алады Халифа Алтай ол жөнінде.
Алайда, мұнда да жергілікті төрелер күш көрсетіп, мал-мүлкін тонап, молдаларына тиісе бастайды. Осыдан кейін 5 мыңдай адам Тибет жолымен Үндістанға тартады. Жолда тибеттіктер қорлық көрсетіп, екі ай бойы қоршауда ұстайды. Бұл қанаушылардан да құтылып шыққан соң, қалың көш сапарын жалғастырады. Үндістанға жеткенше жол-жөнекей аштықтан, ауада оттегінің жетіспеуі салдарынан тағы біраз адам қырылып қалады. «1941 жылы Кәшмирге жеткенімізде 3039 кісі қалғанбыз. Жол азабынан әлсіреп, бөтен жерде ауру-сырқатқа ұшырағаннан тағы қырылып қалды. – Бұдан соң, Үндістан мен Пәкістанда 12 жыл тұрдық, – дейді Халифа ата. – Жалпы, көшкен қазақтан 1000 кісідей ғана қалғанбыз…
Алғашында әкесі Ғақып Қаракеленұлынан сауатын ашып, кейін ауыл молдаларынан дәріс алған Халифа Алтай 10 жасынан намаз оқып, тілін кәлимаға келтірген. Кейін Қазақстаннан барған молда-ұстаздарына еріп, Өскемен өңірінен атамекенге шекара асып келіп, сол ұстаздарының бірі – Ахметқали молданың рұқсатымен 16 жасында имам болған… Әлгі көшпен Үндістан ауып барғаннан кейін де күннің ыстығына қарамай, ол ел аралап, арабша, ұрдұша оқып-үйренеді. Сөйтіп, тауқыметті тағдырмен тайталаса жүріп, парсы, араб тілдерін жетік меңгереді.
Халифа Алтай 1951 жылы Пәкістанның Пешауер қаласында «Шығыс түркістандық қазақ көшіп келушілері қоғамын» құрушылардың бірі болып, сол қоғамда жауапты хатшы қызметін атқарады. 1953 жылы Түркия Республикасының Қараши елшілігімен байланыс жасасып, халық өкілі ретінде Түркияға ел көшін басқарады. Сонда сауда-саттық жасап, күн көреді, түрік тілін үйренеді. Кейін келімсек деп шеттетпей, мүмкіндігінше қол ұшын берген түрік жұртына еңбегі сіңіп, таныла бастаған шағында жаңа шығармалар жазып, аударма ісімен шұғылданады. Осылайша, Түркияда 40 жылдай тұрады. Қайраткер-ғалым атамекені – Қазақстанға 1992 жылы ғана оралған болатын.
* * *
Атан көтере алмас ауыртпалық көрсе де, сағы сынбаған тұлғаның ел мүддесін ту еткен асыл азамат болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Оған 1992 жылы өткен Дүниежүзi қазақтары құрылтайында сөйлеген мына сөзі де дәлел:
«Әрине, туған жерден қол үзiп, Ана – Отаннан айырылып, ұзақта жүрген адамның көңiлi қашан да қаяулы болады. Бүгiнгi мына Қазақстанның тәуелсiздiк алғандығы және осы салтанатты құрылтай сол мұңымызды тарқатып, мақтаныш сезiмiн тудырды».
Дәл осы құрылтай үстінде Халифа Алтай:
«Мына залда көздерi жаудырап жер шарының әр тарапынан келiп отырған отандастырымыздың жанарларында қуаныш сезiлгенмен, ұзақ та машақатты көш жолдарында тартқан ауыр жапаларының өшпес iздерiн байқауға болады. Әрине, олар атамекеннен жер көксеп кетпеген. Ұлы империялардың теперiшiнен кетуге мәжбүр болды. Ал, шетелдерге шыққан көштердiң iшiнде бiздiң көшiмiз табанынан қан аққан «қызыл табан шұбырынды» көш екенi айқын. Өйткенi, дүниенiң ең қорқынышты шөлi Такламаканнан өттiк…» дегенде, тыңдап отырған көпшілік көзіне жас алыпты…
Бұл – қалың қазақтың елім дегенде тұла бойын от кернеген қайраткер ұлының жүрек лүпілін алғаш рет сезінуі еді. Қазақстанның да шет қиырда жүрсе де, атамекенін аңсаумен келген, ғұлама, ғалым, діни ағартушы ұстаз –Халифа Алтайдай азаматы барын алғаш көруі болатын.
* * *
Халифа Алтай 11 діни еңбек жазған. Бұдан басқа көптеген зерттеу, ғылыми-мақалаларын, публицистикалық туындыларын жариялады.
Бүгінгі күні діни сауатсыздық пен тамырдан қол үзудің салдарынан ойымыз он саққа жүгіріп, шатасқанда, рас, көбіміз дін қайраткерлерінің қай-қайсысына да күмән артудан арланбай келеміз. Адасушылықтан кейін «Алла» десе абырой төгілетіндей, бейшара күйге түскеніміз анық. Осы келеңсіздікті Халифа Алтай күні бұрын сезген. Діни сауатсыздықтың соңы әсіредіншілдікке апарып соғатынын, ол түбі басымызға тиер соққыға айналатынын 1992 жылы абзал ұстаз атамекенге алғаш аяқ басқанда-ақ айтқан. Ұлт болашағына, елінің діни тұтастығына алаңдаған Халифа Алтай алғашқы құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Мұсылман елдермен қарым-қатынасты нығайтып, Қазақстан – халықаралық Ислам қоғамына мүше болса жақсы болар едi. Қазақстанда дiн саудаға салынып жүр. Атеистiк, т.б. бұзық кiтаптар басылып, сатылып жатыр» деген.
* * *
1998 жылы Анкарада басылған «Түркия дианет қоры» және «Түркиядағы түрік дүниесі» деген түрік тіліндегі кітаптарда Халифа Алтайға «…түркі әлемінің ғұламасы» деген баға берілген екен. Бұл, әрине, Халифа Алтайды тек қазақтың ғана емес, түркі әлемінің мақтанышы етіп мойындағандықтың айғағы. Соған сүйеніп, біз де «Жас Алаштағы» мақаламызды «Түркі әлемінің ғұламасы» деп атадық. Бұл, әрине, дін мен дәстүр тұрғысындағы көзқарасы Халифа Алтаймен үйлеспейтін кейбір ағалардың қызғанышын туғызды. Сөйтіп, «Егемен Қазақстан» газетіне жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Дәстүрді қателікке баламайық» атты мақаласын жариялады. Халифа Алтай онда жеті шелпек тарату исламның негізгі каноны емес екенін айтқаны үшін «исламның жауы» деп көрсетілген. Жас болсақ та, біз, әрине, ақ жүрек ақсақалдың арын қорғауды өзімізге міндет санадық. Сөйтіп, «Жас Алаш» газетіне «Дәстүр өзгереді, ал ислам діні мәңгілік» атты мақала жарияладық. Иә, мақсатымыз Халифа Алтайды жабылған жаладан қорғау еді. Артынан Әбдурахим Халифаұлы редакциямызға хабарласты. Сөйтіп, ұлы ұстаздың өзіне араша түсіп, шыр-пыр болған жас тілшіге алғыс жаудырып жатқанын айтып, аманатын жеткізді…
* * *
«Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» дейді. Дінге деген көзқарас мың құбылып, ақ пен қара ажыратылмай жатқан қоғамда дін қайраткерлерінің дараланып, биіктен көрінуі екіталай. Діни бірліктің бұзылуын ғажап дауыл десек, мұндайда жусан мен бетегенің биіктігін өлшеп жату да әсте мүмкін емес. Дарақтың өзін жел шайқаған дауыл бұл. Ендеше, «түрлі ағымды әкелді, адастырды» деген сықылды жала жағылып, қаралауды Халифа Алтай да иісі мұсылман баласына тән кеңдік пен кемелділік арқасында кешірді деп сенеміз. Ақ жүректі, тағдыр жолында кезіккен қаншама ауыртпалықты алып болмысымен жеңіп шыққан Халифа Алтайдың да халқына адалдығын бәзбір байбаламшылардың өзі мойындады деп үміттенеміз.
P.S. Халифа Алтай 2003 жылы, 86 жасында Алматыдағы үйінде дүние салды. Жұбайы Бибәтіш апамыз ұлы Әбдурахим мен немерелерімен сол біз барып, қонақ болған үш бөлмелі пәтерде Халифасыз күнін жалғастырып жатты. Маған Алматының «Самал» шағын ауданындағы сол бір үй періштелер мекендеген сиқырлы үй сияқтанады.
Расында, қаншама қиындық көріп, табанынан қан ағып жүріп, қиямет көшті бастан өткерген Халифа Алтай сол үйдегі пәтерінде аппақ киіммен аппақ төсеніш үстіндегі орындықта өз тұғырына қонған қырандай қонақтап отырушы еді. Айналасы толы кітап болатын. Иесімен бірге бір арба жүктің арасында жатып жер-әлемді шарлап келген кітаптар…
Көпті көріп, талайды бастан өткерген тұлға, расында да, кең көңілді, кемел, ақ жүректі еді. Оның жалғыз ғана тілегі болатын:
«Я, ұлы Алла! Біз көрген аянышты тауқыметті келешек ұрпақтарымыз көрмесін!»
Нәзира БАЙЫРБЕК