Кемел келешектің кепілі

0 111

Елбасы Н.Назарбаевтың тәуелсіздік күні қарсаңында жарық көрген «Қазақстан — 2050» стратегиясы барша қазақстандықтардың, ұлтжанды азаматтардың назарынан тыс қалмады, барлығымызға айрықша жауапкершілік жүктелді. Бұл бағдарлама — Қазақстанның өркендеуіндегі жаңа кезеңнің бағдарламасы.

Елбасының салиқалы саясаты, іскерлігі мен көрегендігінің арқасында осыдан 15 жыл бұрын қабылданған «Қазақстан – 2030» бағдарламасын жедел қарқынмен жүзеге асырдық. Атқарылған игі істердің нәтижесінде мол та­бысқа қол жеткізіп, әлемге таныл­дық, дүниежүзі мойындаған саяси іргесі нық қаланған мемлекетке айналдық, алға қойған мақ­сат­тарымызға қол жеткіздік.

Елбасының «Қазақстан – 2030» стратегиясында басымдылықтың бірі – білім саласы бұл бағдар­ламада да назардан тыс қалма­ды. Елбасының арқасында жастары­мыздың білімге деген құштарлығы артып, әлем танып, жер көруіне мүмкіндіктер алды. Өз сөзінде Н.Назарбаев «ХХІ ғасыр –қазақтың алтын ғасыры» деп, бірнеше рет қайталап айтты. Жаңа ғасырмен тұспа-тұс 2000 жылы Астанада «Басқару колледжі» бой көтерді. 8 түрлі мамандық бойынша білім жетілдіруге бағытталған білім ордасы жыл сайын тұғырын тереңдете түсуде. Оқушылар мен оқытушылар саны артып, заман талабына сай жаңа мамандықтар қосылды.

Бүгінгі таңда Елбасының талабына сай, қоғамға қажетті деп танылған12 түрлі мамандық иесін, әсіресе, техникалық бағытта білік­ті маман дайындаудамыз. Был­тырғы оқу жылында «Электр жаб­­дықтау», ал биылғы оқу жылында «Ра­диоэлектроника және бай­л­а­ныс» мамандығы ашылды.Осылайша, Елбасы тапсырмаларына өз үлесімізді қосудамыз.

Жолдаудың «Жаңа қазақстан­дық патриотизм – біздің көпұлтты және көп конфессиялы қоғамымыз табысының негізгі» аталатын бөлімінде көрсетілгендей, па­триот­тық тәрбиені негізге ала отырып, 2065 студент дайындаудамыз. Астана қаласының білім саласы бойынша айрықша орынға ие колледжімізге биыл 936 студент қабылданды. Әрине, бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Астана қаласы бойынша студент қабыл­дау көрсеткіші жөнінен биыл да алдыңғы орындамыз. Қа­зақ­стан көпұлтты мемлекет бол­ған­дықтан бізде оқыту орыс және қазақ тілдерінде жүргізіледі.

Жыл сайын колледжде ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіліп тұрады. Биыл тұңғыш рет директордың ғылыми-инно­вация жөніндегі орынбасары Ләззат Шәріпханқызының бас­шы­лы­ғымен республика көле­мінде ғылыми-тәжірибелік кон­фе­­ренция өткізіліп, оған Көк­шетау, Балқаш, Қарағанды қалаларынан оқу­шылар келіп қатысты. Әскери-пат­риот­тық тәрбие бойынша кол­ледж білім басқармасы ұйым­дастыратын қалалық іс-шараларға үнемі қатысып, жыл сайын жүл­делі орын­дарға ие болады. Осы оқу жылында хор, би, ұлт аспап­тар үйірмелері ашылып, оқушы­лардың жан-жақты дамуына жағ­дай жасалды. Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөй­­лес­сін» деген қанатты сөзі­не ерекше мән беріліп, кол­ледж­де осы сөзді ұстанып, оқушы­лар­дан ұлтымыздың ана тілінде басы­мырақ сөйлеуіне көңіл бөліп келеміз. Мемлекет жастар саясатын қолдап, оларға зор мүмкіндіктер беруде. Жас ұрпақ Елбасы үмітін ақтап, еліміздің ертеңіне сеніммен қарай алатын саналы да білімді болып өсіп, ел тұтқасын берік ұстайтын азаматтар болса екен деймін.

Раушан ТҰРЛЫБЕКҚЫЗЫ,
Астана қаласы Басқару колледжі директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × four =