«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Келісім – тұрақтылық кепілі

0 41

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезекті сессиясында елордада этносаралық және конфессияаралық келісім саласында қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайту, азаматтық қоғам институттарын дамыту мәселелері талқыланды. Тиісті мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Асхат Оралов баяндама жасады. Жиынға Парламент Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев қатысты.2014 жылы қала әкімдігі жанынан «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылғанын баяндаған қала басшысының орынбасары аталған ұйым қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметін реттейтінін атап өтті.
– Қалалық Ассамблея қызметі Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласы Ассамблеясын дамыту бағдарламасы, Нұр-Сұлтан қаласында этносаралық қатынастарды дамытудың модельді жоспары негізінде жүргізіледі. Қалалық Ассамблея жанында қоғамдық ұйымдар, 11 этнолингвистикалық орталық жұмыс істейді. Онда балалар ана тілдерін, ұлттық салт-дәстүрлерді үйренеді. Шығармашылық ұжымдардың 25 жетекшісі балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытады, – деді Асхат Оралов.
Баяндамашы этносаралық жанжалдардың алдын алу жұмысына тоқталып, осы тарапта жыл сайын әлеуметтік сауалнама, этносаралық қатынастардың мониторингі жүргізілетінін атап өтті.
– Мониторинг қорытындысы бойынша осы жылдың екінші тоқсанында респонденттердің көбісі, яғни 75 пайыздан астамы этносаралық қатынасты тыныш және жайлы деп бағалады. Қала әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі күн сайын әлеу­меттік желілер мен этникалық басылымдардың мониторингін жүргізеді. Шетелден жұмыс күші тартылған құрылыс алаңдары – өкілетті органдардың тұрақты бақылауында. Осы жылдың сегіз айы және өткен жылдың қорытындысы бойынша этносаралық жанжалдар тіркелген жоқ, – деді қала әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, қаланың «Достық» үйінде этномәдени бірлестіктердің дамуына барлық жағдай жасалған. Елордада осындай 21 бірлестік бар. Карантин жағдайындағы жұмыс үшін ANK live атты тікелей эфир студиясы ашылды. Оның алаңында қалалық, республикалық және халықаралық жобалар жүзеге асырылады. Этностардың мәдениетін, салт-дәстүрлерін сақтау және дамыту мақсатында осы жылдың басынан бері 115 іс-шара ұйымдастырылса, соның 99-ы қалалық деңгейде өтті.
– Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен Ассамблея 2016 жылдан бері қайырымдылық шараларының үйлестірушісі болып келе жатыр. Соған байланысты «Достық» үйінде «Парасат» атты қайырымдылық қызметтерін үйлестіру орталығы ашылды. Оған кіретін кәсіпкерлер, қалалық мәслихат депутаттары мұқтаж азаматтарға белсенді түрде көмек беріп жатыр. Осы жылдың басынан, сегіз айы ішінде 45 қайырымдылық шара өткізілді. Соның аясында елорданың 5 мыңнан астам отбасына немесе 8,5 мыңнан аса адамға көмек көрсетілді, – деді Асхат Оралов.
Қаладағы діни ахуалға тоқталған ол бүгінде бұл тараптағы жағдай тұрақты екенін атап өтті. 2020 жылдың қорытындысы бойынша өткізілген әлеуметтік зерттеуге сәйкес қала тұрғындарының 80,9 пайызы суниттік ислам дінін ұстанады. 14,1 пайыз – православты христиандар, 2,4 пайызы – басқа конфессиялар. Қала аумағындағы 14 конфессиядан 54 діни бірлестік тіркелген. Соның ішінде ислам дініне қарайтын – 13, орыс православ дініне – 6, рим католиктік шіркеуі – 4 және протестанттық 28 ұйым бар. Қазіргі уақытта қалада 30 мәдени құрылыс жұмыс істейді. Соның ішінде Ислам дініне қатысты – 12, православты – 4, католиктік – 3, протестанттық – 10, иудейлік – 1.
– Елорда әкімдігінің 2018 жылдың 30 қазандағы қаулысымен әкімдік жанынан Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес құрылды. Кеңес мүшелігіне аудандардың әкімдері, аумақтық және жергілікті мемлекеттік органдар басшылары, қаланың жоғары оқу орындары жетекшілері, депутаттар, діни бірлестіктердің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері кіреді, – деді қала әкімінің орынбасары.
Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында 4,5 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым тіркелгенін айтқан баяндамашы бұл көрсеткіш Қазақстандағы осындай ұйымдардың жалпы санының 20 пайызын құрайтынын жеткізді.
– Үкіметтік емес ұйымдардың өзара тиімді іс-қимылын ұйымдастыру мақсатында қалалық Ішкі саясат басқармасы жыл сайын әлеуметтік тапсырыс шеңберінде конкурстық негізде жобаларды іске асырады. Бұл жобалар отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесуге, азаматтық қоғамды дамытуға, аға буын өкілдеріне қамқорлық жасауға, қоғамдағы сыбайлас жемқорлықты жоюға, мемлекеттік және азаматтық қоғам байланысын дамытуға қызмет етеді, – деді Асхат Оралов.
Қала әкімінің орынбасары қалада құрылған Азаматтық бастамалар орталығының қызметіне тоқталды. Бұл орталық азаматтық қоғам инс­титуттарын, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдарды жан-жақты дамыту және мемлекеттік органдар мен бизнестің әріптестігі үшін қажет шараларды жүзеге асыру үшін құрылды. Аталмыш орталықта ақысыз негізде тренинг залы жұмыс істейді. Осы жылдың басынан бастап орталық базасында түрлі ұйымдар 60-тан астам іс-шара өткізді. Оның көбі індетке байланысты онлайн форматта ұйымдастырылды.
– Алдағы уақытта Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық-саяси тұрақтылығын нығайтуға және азаматтық қоғам институттарын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат жұмыстарын жергілікті органдар жалғастырады. Қалалық мәслихат депутаттарының идеялары, ұсыныстары болса, бірлесіп қолдауға дайынбыз, – деп түйіндеді баяндаманы Асхат Оралов.
Қалалық мәслихат депутаты, мәслихаттың заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанова жақында мәслихат депутаттары этносаралық және конфессияаралық келісім саласындағы жағдайды білу үшін қаладағы бірқатар нысандарды аралағанын айтты. Депутат содан көрген мен көңілге түйгендерін жеткізді. Бірқатар ұсыныстарды айтып өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды