Келі мен келсап

0 861

Абай – орыс халқының мәдениетіне бой ұрып, одан өнеге, нәр алған ұлы ақын.      Ол халқының келешек тағдырын орыс халқының мәдениетімен жалғастырып, рухын өсіруді өмірлік еңбегінің нысанасы етті. Ақындық тұлғасы, қай­таланбас қабілеті, қайраткерлік қызметі – тек қазақтың мұратына жұмсалды. Абайдың заманында саяси жер ау­дарылғандардың орталығы болған Семей қаласында 1878 жылы облыстық санақ комитеті құрылды. Бұл комитет же­ті аймаққа тұрақтаған  халықтың тұрмысын, шаруашылығын, тарихын, мәдениетін, географиялық жағдайын зерт­тейтін жалғыз мекеме болды. Мекемеге Абай да қамқорлық көрсетіп, балалары Ақылбай мен Мағауия үшеуі қо­ғамның мүшелігіне еніп, арнайы жарна төлеп тұрды.  

Бұл тұста Абай саяси қыл­мысты деп­ танылып, Сібірге жер ау­дарылған доктор Ни­фонт Дол­го­по­ловпен бір­ле­сіп, мұражайға жа­­сау-жаб­ды­­ғымен қазақы киіз­үй және елу­ден астам зат тапсы­ра­­ды. Мұ­ра­жайға ұсынылған дү­­ние­лердің ішінде – төсекаяқ, аса­дал, кебеже, асатаяқ, сыбызғы, қо­­­быз, қамшының, ыдыс-аяқ­тың түр­лері бар. Біз әңгіме ет­­келі отыр­ған нәрсе – келі мен келсап. Ол тары, бидай сияқты дәнді да­қыл­дарды түйіп, ұнтақтайтын, қат­ты ағаштан ойып жасалған құ­рал. Келі – құ­рылымы жағынан екі түрге бөлінеді: тақта келі жә­не шұңғыл келі. Шұңғыл келі – дәнді ақтауға пайдаланылса, тақ­та келі –жармалап, ұнтақтауға қол­данылады.

Келі мен келсапты жасауға қайың, қарағаш сынды қатты ағаш­тар қолданылады. Ертіс бой­­ындағы қазақтардың ке­лі­­­сі биіктеу келеді. Оңтүстік өңі­­рімізде тұтас ағаш көп кез­дес­пей­тіндіктен, екі-үш ағаштың кесіндісінен қиюластырып, түйе те­рісімен тартып жасайды. Мұн­дайды «құрама келі» деп атайды. Ке­­ліні шеберлер мықты, әрі шы­­­дамды болу үшін қызған тандыр ішінде ыстық қозға қақтап, іші-сыртына қойдың құйрық май­­ын сіңіреді. Жарылып кетпес үшін, әдетте, оның иіні мен та­ға­нын түйенің иленбеген шикі те­рісімен қаптайды. Шикі тері кеп­кен кезде тартылады да, келіні қат­ты қысып қалады. Келінің сыртын қайыспен ысқылап, жыл­ты­­­ратып қояды. Келсапқа да қой­­дың құйрық майын сіңіріп, өң­деуден өткізеді. Келсаптың ке­­ліні түйгіштейтін жағы сәл жі­ңішке болады да, басы жуан­дау, салмақты келеді. Қолға ұс­тай­тын жерінен ойық тұтқа шы­ға­ры­ла­ды.

Келіні жеті-он жасар бала да түйе береді. Машықтанған келі түю­шілер келінің екі жағына қа­рама-қарсы тұрып, бір келідегі дән­ді алма-кезек екі келсаппен түйеді. Мұндай келі түю түй­ір­дей дәнді дәл көздейтін мер­ген­дік пен ұқып­тылықты, сұр­мер­гендікті қажет етеді. Осы де­ректерге сүйе­ніп, «дала философы» атан­ған бабаларымыз қа­зіргі дене тәрбиесі сабағында өте­тін жаттығуларды келі түйіп, диірмен тартып, меңгерген деуге болады. Тарихи шығармаларда кездесетін сұрмергендер осындай қазақы тұрмыстан сабақ алса керек.

Абай мұражайында келі мен кел­саптың екі түрі бар. Ертіс өңі­­рі тәсілінде жасалған биіктеу ағаш келі экспозицияның киіз үй бөл­­ме­­сінде орналасқан. Кейіннен өз­ге ел­дердің ықпалымен келген «темір келі» де мұражай қо­рын­да сақтаулы.

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ,
Қазақстан-Ресей университеті
«Абайтану» ғылыми-танымдық
орталығының жетекшісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 6 =