Келешекке көпір

0 220

Биыл біздің ел Астана күнін атап өтті. Арқаның төсіндегі елорданың 20 жылдығы ерекше сән-салтанатымен есте қалды. Көктемдегі қызғалдақтай жайқалған бас шаһар қандай құрметке де лайық.

Дәурен АБАЕВ, Ақапарат және коммуникациялар министрі

 

Жиырма жылдың ішінде адам танымастай құлпырған қаланың сан түрлі теңеулері де ғажап. Бас қалаға айтылған теңеулердің арасындағы көңілге қонымдысы – «Астана – Еуразияның інжу-маржаны». Шынында да, Ұлы Даланың бас шаһары табиғи маржандайын жылдан-жылға түрленіп, нығайып келе жатыр.
Президенттің Астананы Арқа даласына көшіруі – уақыт талабына сай жасалған нақты қадам, оң шешім. Қазір ерке Есілдің жағасындағы елорда өзіне жүктелген міндетті асқақ абыроймен атқарып отыр. Жиырма жыл бұрын бұл бастамаға сенімсіздік танытып, күмән келтіргендер де болды. Өйткені әлеуметтік-­экономикалық дағдарысты басынан өткерген елдің астанасын ауыс­тыру оңай шаруа емес еді. Астана қарапайым әкімшілік орталықтан аса алмайды деп болжағандар да бар.
Алайда Астананы ауыстыру барлық сенімсіздіктің сеңін бұзды. Бұл алдын ала есептелген, жан-жақты тексерілген стратегиялық қадамның оң нәтижесі болатын. Мемлекет басшысы қоғамның қажеттілігін ескере отырып, барлық кедергілердің шешімін таба білді.

Бүгінгі күні Астананың салынуы ел экономикасының жандануына сеп болғанын мойындамайтын адам жоқ. Арқаға қоныс аудару көптеген шығынға батумен тең деген тұжырым айтқандардың да аз болмағаны анық. Қазір сандар сөйлейтін заман. Мәселен, елорданы дамытуға жұмсалған инвестиция өзін екі жарым есеге ақтады. Астана рес­публика бюджетінің донорына, іскерлер алаңына айналды. Қазір қаланың өңірлік жалпы өнімінің құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесі 57%-ды құрады. Бұл – еліміздің өзге өңірлерінен көш ілгері көрсеткіш.
Ең бастысы, жаңа Астана ау­қымды құрылыс кешендерінен бастап, азық-түлік белдеуіне дейінгі барлық аймақтың және көптеген саланың ілгерілеуіне түрткі болды.
Елорданың экономикалық өрлеуі кездейсоқтық емес. Бұл – Елбасының білікті стратег ретіндегі бағыттарының жемісі. Өйткені Президент үшін прагматизм, қоғамның әл-ауқаты, азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыру – шешім қабылдауда әрдайым басымдыққа ие болып қала беретін негізгі критерийлердің бірі.
Алайда Астананы көшіруде экономикалық қана емес, өзге де құндылықтар ескерілгені белгілі. Бұл бастамаға терең үңілген адамның өз-өзіне деген сенімі артады. Өйткені жаңа қала барлық саланы қамтитын, өмірді түрлі қырынан тануға мүмкіндік беретін ауқымды жоба іспетті.
Қазақ хандығы құрылған уа­қыттан бергі тарихымызда халқымыз жүзеге асырған ең ай­шықты әрі ғаламат құрылыс­тың бірі де осы Астана болып отыр. Әрине, Кеңес кезеңінде үлкен шаһарлар салынып, қуатты индустриялық нысандар бой көтерді. Бірақ бұл құрылыстарға бүкіл Кеңес одағының мамандары атсалысқан еді.
Дәл осындай іргелі бастамаларды өздігімізден жүзеге асыруға келгенде жүрексіну, маңызды шешім қабылдар сәтте «орталыққа» елеңдеу сияқты сезімдерді де еңсердік.
Осындай өтпелі кезеңнің күр­делі сәтінде қолымыздан іс келетін ел екенімізді дәлелдеп шығу ауадай қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның өз тағдырына өзі жауап бере алатын мемлекет ретінде аяққа тұрып кетуі де осыған байланысты болатын.
Астананың салынуы ұлттық-­мемлекеттік құрылыстың ма­ңыз­ды бағытының біріне айналды. Президентіміз осындай сенімді қадамы арқылы бүкіл елді алға бастады.
Астана арқылы күллі әлемге және өзімізге бір жұдырықтай жұмылсақ, биік белеске жете алатынымызды дәлелдедік. Ірі ландшафтарды, тарихты өзгерте алатынымызды көрсеттік.
Арқа даласында сәулетімен көз сүйсінтіп өсіп келе жатқан мегаполис біздің тарихи жадымыздағы барлық кедергілерді жойып, қасаң стереотиптердің сеңін бұзды. Осылайша халқымыздың өзіне деген сенімі нығайды, армандары ұлғайды, кемел келешекке бастайтын даңғылға бет бұрды. Қазір елі­міздің әр түкпіріндегі ағайын Астанаға қоныс аударып жатыр. Өйткені келешектің алтын көпірі дәл осы қалада деген сенім жерлестеріміздің жүрегін жаулады.
Елорданың салынуымен бірге сана жаңғырды. Астана рухани тәуелсіздіктің де бастауы болды.
Жаңа елорда өзіне оң әсер еткенін, оның дамуына өзінің де қатысы барын әркім де – қала құрылысына тікелей атсалысқандар да, басқалар да өміріндегі оң өзгерістер арқылы сезінді. Сондықтан да бас шаһардың туған күні қазақстандық әр отбасы үшін қуатты ерік-жігердің, ұлттық мақтаныш пен болашаққа деген сенімнің мерекесіне айналды.

* * *
Елдің бойтұмарына айналған, күннен-күнге жарқырап, жайнап келе жатқан Астананың ортасында жүрген біздер үшін, қаланың жаңа қазақстандық мемлекеттілікті дамытуға қос­қан үлесін толық ұғыну қиындау. Алайда еліміздің жаңа тарихының ең маңызды кезеңін тұтас қамтитын шежіресін келешек ұрпақ жазатынына және оның бірінші тарауы әділетті түрде «Тұңғыш» деп аталатынына сенімдімін.

(«Egemen Qazaqstan»,
7 қыркүйек, 2018 жыл)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 13 =