КЕЛ, КӘСІПКЕР, КЕҢЕС АЛ!

0 169

халык банк касипкер

Маусым айында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Халық банкі өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын. Нәтижесінде аталмыш банктің Астана өңірлік филиалында шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған Кеңес беру орталығы ашылды. Жоба мазмұнын талқылау үшін «дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, онда астаналық кәсіпкерлер де бас қосты.

Кәсіпкерлікпен айналысқысы келсе де, неден, қалай бастау керектігін білмей жатады кейбірі. Сондайда жақын досыңның, көрші-қолаңның емес, істің көзін білетін білікті мамандармен ақылдасқан жөн. Жобаның негізгі мақсаты да сол – су тегін берілетін кеңестердің арқасында бизнеске енді аяқ басқандарды дұрыс жолға бағыттап, кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Бұл маңызды іске Халық банк менеджерлері де сақадай сай екен. Оларға осыдан бір ай бұрын мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасы дәріс беріп оқытыпты.

DSC_9841

«Халыққа осындай мүмкіндіктер жасалуда. Енді олардың міндеті Кеңес орталығына келіп, кәсіпкерлікке байланысты кез келген сұрақтарын қою болса, біздің міндетіміз – түсіндіру жұмыстарын тиянақты жүргізу. Сонымен бірге, бүгіннен бастап келген клиенттердің санын, жиі қойылатын сұрақтарды тіркеп, ай сайын мониторинг жүргіземіз. Бұл қызметке сұраныс көбейген жағдайда дәл осындай тағы бір орталық ашамыз. Қызығушылар аз болса, демек біз насихатты күшейтуіміз керек» дейді «Қазақстан Халық банкі» АҚ Астана өңірлік филиалының директоры Нұрлыбек Ержігітұлы. Оның айтуынша, жоғарыда аталған орталықта «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге көрсетілетін көмек түрлері айтылып, осы бағдарламаға қатысу шарттары, сервис қызметтері жайлы толық ақпарат ұсынылады. «БЖК – 2020» бағдарламасының бірінші және үшінші бағыт шеңберінде кредиттер бойынша сыйақы мөлшерін субсидиялау, кепілді кредиттер мен гранттық қаржыландыру туралы да мол ақпарат алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңдеуші өнеркәсіп саласындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бағдарламасы мен әйелдер кәсіпкерлігі субъектілерін кезекті кредиттеу туралы түсіндіріледі.

Айта кетейік, Қазақстан Халық банкі шағын және орта бизнесті қаржыландырудың оңтайлы қызметтерін ұсынып жүр. Бүгінде бұл банк «Бизнестің жол картасы – 2020», «Даму Өндіріс ІІ» және «Агробизнес – 2020» бағдарламаларының жүзеге асуына белсенді түрде атсалысуда. Толық ақпарат алу үшін «Қазақстан Халық Банкі» АҚ АӨФ Шағын және орта бизнеске сату орталығының +7 7172 591 150 және +7 7172 591 183 байланыс телефондарына хабарласуға болады.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − seventeen =