Кейіпкерлер көрмесі

0 18

«Астана Опера» театрында ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында «Абай» операсының кейіпкерлері» атты көрме ашылып, оған «Оскар» сыйлығының иегері Франко Скуарчапиноның ұлттық классиканың жауһары, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсына арнап дайындаған костюмдері қойылды.

Сондай-ақ көрмеге аталған опера премьерасына дайындық жүре бастағаннан бері аңыз болған қойылымының тарихын баяндайтын әртістердің дебюттері мен ауқымды гастрольдері кезіндегі фотоэкспонаттар ұсынылды.
– Бұл көрмемен біз көрермендердің ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына деген қызығушылығын арттырғымыз келді. Қазақ ақынының тау тұлғасы – өткеніміз бен ертеңімізді сабақтастырып тұрған «алтын көпір» тәрізді құбылыс. Мұның барлығын Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Абайдың рухани өсиеті» атты мақаласында айтқан болатын, – деді «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
Осыдан екі жыл бұрын бірегей өнер ордасының шығармашылық ұжымы «Абай» операсының қойылымы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Бұл спектакльге 200-ден астам костюм тігілген. Оларды дайындау кезінде табиғи жібектен бастап перделік маталарға дейінгі түрлі материалдар пайдаланылды. Костюмдер бойынша суретші олармен жұмыс істеу кезінде арнайы әдебиеттерге, сондай-ақ кітапханалар мен мұражайлардан тапқан тарихи фотолардың көшірмелеріне сүйенді. Франк Скуарчапино қазақ мәдениетінің тереңіне бойлау арқылы ұлттық киімнің өзгешелігін айшықтап, аяқ-киімдер мен бас киімдердің бедерлі оюларына, безендірілген әшекейлерге ерекше назар аударды. Әр костюмдегі матаның ерекше таңдалғанымен бірге ою-өрнек пен түстің сәтті үйлесімділігін көрнекті суретшінің қолтаңбасынан айқын аңғарасыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 − 2 =