Кейіпкердің кейпіне енген

0 58

Бұл жігітті театрда үнемі ізденіс үстінде көрсеңіздер, таңқалмаңыздар. Өйткені ол – театрын, мамандығын бәрінен биік қоятын жас актер. Біресе, кешкі болатын қойылымына дайындалып жатса, енді бірде алдағы уақытта қойылатын жаңа спектакльдерге маңдай терін төгіп жатады. Тәуелсіз елімізбен құрдас, жас та болса да, сахнада өзіндік дара бейнелерін қалыптастырып жүрген жігіттің есімі – Нұрсұлтан Есен.

Иә, ата-анасы дүние есігін ашқан нәрестенің есімін Елбасымыздың құрметіне ырымдап қойыпты. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, халқына адал қызмет ететін адам болсын дегендері ғой. Сол сенім еш алдамай, бүгінде Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының талантты жас актеріне алып келді.
Балалық шақтан «өнер» дейтін ұшақпен қиял құшағына еніп, ел алдында өнер көрсетуді армандайтын. Бос уақытын басқа балалар секілді ойынға емес, өнерге арнайтын. Бастауыш сыныптан би үйірмесіне қатысып, қазақтың небір ұлттық билерін игеріп, осы өнер арқылы түрлі республикалық, халықаралық фестивальдерге қатысып жүрді.
Қайта айналып келмейтін балалық шақ та зуылдап өте шықты. Бозбала Нұрсұлтанның алдында «кім болам?» деген сауал тұрды. Ата-анасы полицей болғанын қаласа, жасөспірім ішінде сахна өнеріне деген құштарлық оянып жатты. Сөйтіп, сол арманның жетегімен елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің табалдырығын имене аттады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ақыш Омар, Юрий Ханинга сынды білікті педагогтерден дәріс алып, үшінші курста оқып жүргенде бағы жанып Қаллеки сахнасына жолы түсті. Бүгінде өмірден өтіп кеткен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қ.Қуанышбаев театрының негізін салушы Шәміл Жүнісовтің театрға ыстық махаббатын көріп, ұлы өнердің құдіреттілігін толықтай түсінді. Ақсақал актердің: «Мен театрдың иісін сағындым» деген бір ауыз сөзі жас актердің өнеріне қанат бітіргендей.
Е.Жуасбектің «Үйлену» комедиясында – Бөлек, Ш.Айт­матовтың «Ана-Жер-ана» трагедиясында – Солдат, М.Әуезовтің «Абай» трагедиясында – Мағауия, Э.Хушваковтың «Қызыл алма» комедиясында – МММ, О.Жанайдаровтың «Жұт» драмасында – Ахмет, Р.Кунидің «Туған күн» комедиясында – Билл, Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» лирикалық драмасында – Жантай, Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» тарихи драмасында – Әмірсана сынды түрлі жанр­дағы бейнелерді нұсқалады.
Комедия жанрындағы Бөлек бір үйдің жалғыз баласы. Атасынан мирас болып қалған қам­шыны көзінің қара­шығындай сақтап жүрсе, ата-анасының (Мейрам Қайсанов пен Ләйлә Бекназар-Ханинга) бар ойы бойдақ ұлдарын үйлендіру еді. Бөлектің мақсатын үй қызметшісі Зерек (Айнұр Жетпісбаева) ғана түсініп, екеуі сахнада әдемі үйлесімдік дуэт құрды. Жаны таза, пәк, адал адам Бөлек осылайша Нұрсұлтанның кейіптеуінде сахнаға жол тартты.
Зиялылық бойына сіңген қаһарманға қарама-қарсы актер бейнелеген МММ болса, қаланың қақ ортасында өскен, жеті атасын білмейтін бүгінгінің мәңгүрт ұрпағының жарқын прототипі болды. Шынымен де, қазіргі заманда өзінің ата тегінен хабарсыз болып жүрген замандастарымыз аз емес. Нұрсұлтан Есен осыны жақсы түсініп, қатарластарын ондай болмауға рөлі арқылы шақырды.
Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың: «Театр эстетикасын байыта түсер актердің өз әдебі де барынша биязы. Соның әсерінен болар, қай ыңғайдағы рөлмен қауышса да оның тұла бойынан толассыз төгіліп жатар имандылыққа еліте отырасыз. Адамдық, азаматтық қасиеттері жүрек қозғап жатады. Бұл – сирек мінез. Актер адамы үшін таптырмас қабілет» деген сөзі Нұрсұлтанға қарата дәл айтылғандай. Оған дәлел, актер жағымды-жағымсыз бейнелерде шықса да кейіпкердің жан тазалығын, жақсылығын іздейді.
Мәселен, «Қызыл орамалды шынарым» лирикалық драмасындағы Жантай. Актер ойынында Жантай әртүрлі, әрқилы әрекеттермен құбылады. Біресе бөтелке ұстап, біресе мас болып, біресе іші қызғанышқа толып көрермен алдында өнер көрсетсе, «Абылай ханның арманы» драмасындағы Әмірсана болса, жастық қызу мен ержүректілікке толы дала батырын елестетеді.
Бейнені түрлендіруші Нұрсұлтан – тек қана батыр немесе драмалық, комедия­лық амплуадағы актер ғана емес, сондай-ақ қоғамдық, қайраткерлік, азаматтық позицияны ұстайтын өнер иесі. О.Жанайдаровтың «Жұт» драмасындағы Ахмет – сөзіміздің басты айғағы. Ахмет – көзі ашық, көкірегі ояу тұлға елдегі аштықтың қиындығы секілді деректі тарихи оқиғаларға қалам тербеп, болашаққа жеткізуді мақсат еткен кейіпкер.
Актер жаны тазалыққа, ізгілікке құмар болады емес пе?! Нұрсұлтан Есен тек сырт­қы келбетімен ғана емес, сондай-ақ ішкі жан-­дүниесі үнемі ақниеттілікті, адалдықты, пәктікті қалайды. Жеті жылдай уақытын театрға арнап келе жатқан Нұрсұлтан Есеннің алдағы жұмыстарына сәттілік тілейміз!

Бақтияр ТҰРСЫН,
жас театртанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + eighteen =