КЕДЕРГІСІЗ КЕҢІСТІК

0 519

инклюзив

Астанада инклюзивті білім беру әжептәуір жолға қойылды

Елордада есту, көру қабілеті нашар немесе денсаулығында кінәраты бар, арнаулы психологиялық-медициналық, педагогикалық мекемеде тіркеуде тұрған балаларға инклюзивті білім беру, яғни, қарапайым мектепте алаңсыз оқуына жағдай жасау қолға алынғанына көп бола қоймаса да, нәтижесі көрінеу. Қаладағы 49 мектепте 143 инклюзивті сынып ашылды, онда 200-ге тарта мүмкіндігі шектеулі бала қатар-құрбысымен тең дәрежеде білім алады.

Әсіресе, осы бағытта үлгілі білім ордасы саналатын №65 мектеп-гимназияның оң тәжірибесіне айрықша тоқталсақ болады. Аталмыш мектепте оқушының жағдайына қарай екі бағытта қолдау білдіріледі. Оның біріншісі – тьюторлық қолдау, яғни, ғимарат, бөлме ішінде еркін қозғалуына көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, кейбір мүмкіндігі шек­теулі оқушыларға физикалықтан тыс арнайы коррекциялық демеу мен түсіністік-төзім ауадай қажет. Сондықтан, мұндай сыныптарға сабақ беретін педагог маманның арнайы білім-білігі болғанына аса қатты мән беріледі.

Жалпы, инклюзивті білім беру кеңіс­тігін құруда «кедергісіз орта» бала­­лардың қамы үшін жасалатын негізгі жағдайлардың бірі болып саналады. Осы тұрғыда алғанда, әлгінде айтқан 49 мектеп пен 38 мемлекеттік балабақшаның барлығында дерлік кіреберісіндегі пандустар талап етіл­ген нормаға сай. Ал, тек тірек-қоз­­ғалт­қы жүйесінің сырқатынан запа шек­кен балалар оқитын 8 мем­лекет­тік мектепте пандус, лифт, адами қол­дау кешенді түрде қарастырылып отыр.
Тірек-қозғалтқы жүйесінде ақау­лығы бар балаларға қажетсін­генде көмекке келетін инватаксиден тыс қалалық №1 автобус паркінің екі автобусы белгіленген маршрут бойынша балаларды үйінен мектепке, мектептен үйіне дейін тасиды.

2013-2014 оқу жылында 6-7 жас ара­лағындағы нашар еститін және есті­мейтін, сөйлей алмайтын оқу­шы­ларға, мектепалды даярлығы жоқ бала­ларға арналған даярлық тобы ашылды.

Алдағы 2014-2015 оқу жылында инклюзивті бағыттағы сыныптар Алматы ауданы бойынша – №63 орта мектеп базасында, Сарыарқа ауданы бойынша – Сейфуллин кө­шесінің бас жағында ашылатын жаңа мектеп базасында, Есіл ауданы бойынша – 2014 жылы пайдалануға берілетін жаңа мектеп базасында пайда болады.

МАМАНСЫЗ МАРДЫМДЫІСКЕ БАСТАУ БОЛМАС

Айта кетерлігі, Білім басқармасы өткен жылдан бастап инклюзивті мек­тептерде негізгі штатқа 13 педагог бірлігін қосып берді. Мүмкіндігі шек­теулі балаларға инклюзивті білім беру­ді ұйымдастыруда маман тап­шы­лығы туындайтыны жасырын емес. Кез келген ұстаз өзіне тән күтімі керек балаларға сабақ беруге батылы мен білігі жете бермеуі мүмкін. Сол себепті, Білім басқармасы мәселенің түйт­кілін шешуді кадр дайындаудан бастады.

2012-2013 оқу жылдарында «Ин­клюзивті білім беру және оның болашағы» атты біліктілігін жетіл­­діру курстарынан 155 мұғалім мен маман өтті. Қазір әр мектептің штат­тық кестесінде психологтар бірлігі қарастырылған және барлық мектептерде психолог мамандар оқу­шы­лармен, ата-аналармен арнайы тақырыптарда тренингтерді жоспарлы түрде өткізіп отырады. Ал, құлағы шалыс еститін, тілі мүкіс балалар үшін мектеп штатында сурдопедагог және дефектологтар жұмыс істейді.

ДЕМЕУШІСІЗ ДАМУ ЖОҚ

Жарымжан балаларға жағдай жа­сауда тек мемлекеттің мүмкіншілігі жете бермейді. Сондықтан бұл мә­се­лені ақпарат құралдары арқылы кеңірек насихаттап, демеушілерді қолдан табудың жөні бөлек. Осы ретте, көмек қолын созған демеушілерге қашанда алғысымыз шексіз.

Мәселен, «ДАРА» қоғамдық қоры ерекше жағдайдағы балаларға тех­никалық, арнайы құрал жаб­дық­тар орнатып, педагогтардың, логопед, сурдолог, тифлопедагог сияқты арнайы мамандардың білік­тілігін көтеруде көп жұмыстар ат­қаруда. Олар алыс-жақын шетел­дік ғалымдардың қатысуымен бір­лескен семинарлар, конференция­лар ұйымдастырады. 2013-2014 оқу жылында №1 психологилық-педагогикалық түзету кабинетіне «Дельфа-142.1» нұсқалы жеке компьютерімен және «Мультикид» жеке компьютерімен жабдықталған муль­тимедиялық білім кешені, логопедиялық транежерді осындай қорлар тарту етті. №65 мектеп-гимназиясына есту қабілетін арттыратын, кедергі дыбыстарды өшіретін «Amigo» fm-жүйесі төрт кабинетке бірдей орнатылды. Ал осындай жеткіншектерден құрылған «Томирис» би тобы демеушілердің қаржысына тігілген костюмдерімен көп сахнада ұялмай өнер көрсетеді. Арт-студия, театр студиясы толықтай демеушілік көрсетудің арқасында оқушыларды кәсіпке баулиды. Мүм­кіндігі шектеулі балаларды оқу құ­ралдарымен, киім-кешектермен қамтуда «Мейірімділік-М» қо­ғамдық қо­рының атқарған іс­теріне көңіл толады. Осындай қол­даушыларымыз қатары жыл өткен сайын арта берсе екен дейміз.

Гүлнәр КАМАШЕВА,
Астана қаласы Білім басқармасы инклюзивті білім беру жүйесінің әдіскері

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × two =